Зорланды делінген ​7 жасар баланы қорғаған адвокаттың үстінен іс қозғалды

0
1 951

Бұрынғы Оңтүстік Қазақстан, қазіргі Түркістан облысындағы Абай ауылының зорланды деген жеті жасар тұрғынын қорғап жүрген адвокат Бауыржан Азановқа қарсы іс қозғалды.


Зорланды делінген ​7 жасар баланы қорғаған адвокаттың үстінен іс қозғалды

ERNUR.KZ.Бұрынғы Оңтүстік Қазақстан, қазіргі Түркістан облысындағы Абай ауылының зорланды деген жеті жасар тұрғынын қорғап жүрген адвокат Бауыржан Азановқа қарсы іс қозғалды, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

Бауыржан Азановтың айтуынша, адвокатқа қарсы ҚР ҚК 274-бабының 2-бөлімінің 3-бөлімшесіне сәйкес, Түркістан облысында өзінен үлкен сыныпта оқитын балалардың тарапынан бірнеше мәрте зорлық көрді деген 7 жасар балаға қатысты жазып әрі сұхбат бергені үшін айып тағылыпты.

Айта кетерлігі, Бауыржан Азанов зардап шегуші баланы тегін қорғап жүр. Айтуынша, баланың құқығын қорғау үшін әрі-бергі жол ақысын да өз қалтасынан шығарған.

«Мұның бәрін мен тек баланың мүддесі үшін жасадым. Кінәлілерді тауып, соттың алдына жетелеп апарғым келеді. Бар болғаны сол. Өзі ісіммен айналыстым, өзгесіне бас сұқпадым. Сонда қалай, адамдарға жасаған жақсылығың өзіңе жамандық әкеледі ме? Әлде бізге сеніп отырған адамдарды толық қорғай алмаймыз ба? Әйтеуір бір күні айыпталады екенмін деп ешкімді қорғамайық па? Адвокаттық қызметке гарантия бар ма бұл қоғамда?», - деп ашынды Бауыржан Азанов өзінің Facebook-тегі парақшасында.

Кішкентай ғана бүлдіршіннің құқығын қорғауда тегін жұмыс істеп жүрген адвокатты енді халық қорғап жатыр. Қоғам белсенділері Бауыржан Азановты қорғау үшін Қазақстан азаматтарынан қол жинамақ.

«Алматылықтар мені қолдау үшін қол жинамақ. 25 шілдеде Сейфуллин көшесінің бойындағы Мега сауда орталығына мен үшін жиналмақшы», - деген Бауыржан Азанов таң қалысын жасырмады.

Ал қоғам белсенділері зардап шеккен қазақстандықты, оның үстіне кішкентай баланың құқығын мемлекеттен де, қорғалушы тараптан да бір тиын алмай қорғап жүрген адвокатқа заң тиіспеу керек деп санайды.

«Азғындаған заманда жеті жасар баланы қорлаушылар емес қорғаушылардың артына шырақ алып түседі. Зорланды деген жеті жасар сарыағаштық баланы алғаш рет өтемақысыз қорғаушы адвокат Бауыржан Азановтың үстінен іс қозғалыпты. Оу, ағайын, бұл неткен сұмдық! Зорланған баланың ақысы кетті. Енді оны қорғаушысының өзіне іс қозғалуда», - деп жазған Бауыржан Жақсыбаев халықты қол қоюға шақырды.

Биыл мамырда қазіргі Түркістан облысы Абай аулының тұрғыны "немерем бірнеше жыл бойы зорланып келген" деп бүкіл Қазақстанды дүр сілкіндірген еді. Айтуынша, жеті жастағы баласын үлкен сыныптың оқушылары бірнеше мәрте зорлаған. Тиісті органдарға шағым түсіргенімен алғашында тырп еткен тірі жан болмады. Ал қазіргі уақытта баланың жағдайына қазақстандықтардың бәрі дерлік алаңдаулы.