«5 секунд қарағаны үшін»: Төреғали Төреәліден «таяқ жеген» жігіт мән-жайды айтып берді

0
1 624

«Мен оны кешірмеймін!»


«5 секунд қарағаны үшін»: Төреғали Төреәліден «таяқ жеген» жігіт мән-жайды айтып берді

Танымал әнші Төреғали Төреәлінің бір жас жігіттің «қабағын жарып, боқтаған» делінген видеосынан соң желідегілер бұл тақырыпты қызу талқылап жатыр. Тіпті, осыдан 5 жыл бұрын Павлодар өңірінде үлкен қарияға, қала берді Шымкентте журналист қызға дөрекілік танытқан келеңсіз жағдайларды да еске түсіріп жазып жатыр.


«Қазақстан» ұлттық арнасындағы «1001 түн» бағдарламасының журналистері жәбірленуші тарапты және құқық қорғау орнының өкілін әңгімеге тартып, мәселенің анық-қанығын анықтауға тырысты.


Желіде пайда болған видеода «қабағы жарылып, таяқ жеді» деген жігіттің аты-жөні Бекарыс Қожбанов екен. Ол оқиғаның мән-жайын былай түсіндірді:


– Көлсай өзенінде 28 қыркүйек күні сағат 16.30-дарда туристермен Көлсай жағалауында демалып жатқанбыз. Бізбен қатар Көлсай жағалауында Төреғали ағамыз демалып жатқан екен. Анығырақ айтатын болсақ, біздің қасымызда Мәскеуден келген турист кісі болды. Біз ол туриске Төреғали ағамызды мақтағанбыз. «Біздің танымал тұлғамыз. Отандық танымал эстрада әншісі» деп мақтап таныстырдық. Әлгі Мәскеуден келген кісі Төреғали Төреәліге 5 секундтай қарап тұрған екен. Содан конфликт басталды. Төреғали ағамыз: «Сен маған неге қарайсың?» деп бейәдеп сөздерімен «атылды».

– Демек, Төреғали сізге емес, туриске тап берді ғой? Онда неге сіз таяқ жедіңіз?

– Төреғали ағамыз көтеріліп кетті. Соның артынан турист кісі де кетіп қалып еді. Бәлесінен аулақ деп турист кісінің артынан барған екенбіз. Төреғали аға менің түрімді жаттап қалып, «Осы кісі қайда?» деп маған шабуыл жасады. Көлігінен шығып, менің жағамнан ұстап, бетімнен ұрды.

– Сонда Төреғали Мәскеуден келген қонағыңыздың бетіне қарағаны үшін көтерілді ме?

– Турист ешнәрсе түсінген жоқ. Ал Төреғали ағамыз қазақша боқтап, апаратын жерге апарып тастады.


– Не үшін сонша көтеріліп кетті? Бәлкім, «менің демалысыма, маған назар аударып қойдыңыздар» деген шығар. Белгілі бір себебі бар шығар?

– Ондай ешқандай себеп болған жоқ. Тек қарап тұрғаны үшін «Сен неге маған қарайсың?» дегеннен дау басталды.

Сіздер әншіні көруге арнайы бардыңыздар ма, әлде бір жерде тұрдыңыздар ма?

– Пирс деген болады ғой. Бір пирста біз, екінші параллель пирста Төреғали ағамыз болды. Яғни, біз оған арнайы жақындап ешнәрсе істеген жоқпыз. Тек алыстан «жаман» көзбен қарадыңдар деп бізді айыптап, балағаттады.

– Полиция басқармасына хабарласып, арыз жаздыңыз ба?

– Алматы облысы, Кеген аудандық полициясына хабарласып, арыз жаздым. Жаңа ғана қалаға жеттім. Жергілікті полиция қызметкерлері менен тағы да сұрақ-жауап алды.

Енді сізге Төреғалидың тарапынан адамдар, не өзі хабарласып, кешірім сұрады ма?

– Ешкім хабарласқан жоқ.

– Сіз сот-медициналық сараптамадан өттіңіз бе?

– Иә, өттім. Экспертиза әлі жасалып жатыр. Менің қабағым жарылды. Денемде басқа көгерген жерлер жоқ. Ал негізі денеме де соққылар алдым.

– Бекарыс, сіздің жасыңыз қаншада?

– Жасым 20-да. Осы жаздың басынан бері гид болып істеп жатырмын.

– Студентсіз бе?

– ЖОО бітірдім.

– Мұндай жағдай бірінші рет орын алып тұр ма?

– Иә, бірінші рет осындай жағдайға түсіп отырмын.

– Видеода қасыңызға қарасақ, көп адамдар тұрды. Әншіні танып жатты. Араша түскендері болды ма?

– Көлсай көлдерін аралап жүрген турист кісілер болды. Араша түсті. Мен жалғыз гид болған жоқпын, жанымда Сергей деген кісі бастан-аяқ жанымда болды.

– Сіз бұл іс бойынша құқық қорғау орындарына арыздандың. Соңына дейін апарып айыпты тараптың жазалануына жеткізесіз бе, әлде алдыңнан өтіп, кешірім сұрап жатса, кешіруге дайынсыз ба?

– Кім болсаңыз да кез келген адамды ұруға бола ма? Мейлі жұлдыз, мейлі Президент бол. Мен кешірмеймін ол кісіні. Халық өзі көтерді, халық өзі түсіреді. Мен соңына дейін түсіруіне жеткіземін. Мақсатым сол, - деді Бекарыс Қожбанов.


Атақты әнші Төреғали Төреәліден «жазықсыз жапа шектім» деген Бекарыс Қожбановтың жауабынан соң Алматы облысы полиция басқармасының ресми өкілі Ернар Сайгильдин де байланысқа шығып, орын алған оқиғаға қатысты жауабын берді.


– 29.09.2022 жылы әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында осы жарияланым анықталды. Оқиға 28 қыркүйек күні Алматы облысы Кеген ауданында орналасқан «Көлсай көлдері» Ұлттық паркінің аумағында болған. Бүгінгі күні ҚР Қылмыстық кодексінің 293 бабында көзделген қылмыстық құрамның белгілері бойынша тіркелді. ҚР Заңнамасына сәйкес барлық қажетті сараптамалық бекітулер жүргізіліп, оқиғаның шынайы мән-жайы анықталатын болады. Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық кодексінің 201 бабында көрсетілгендей жария етуге жарамайды.

– Екі тараппен де байланыса алдыңыздар ма?

– Қазіргі таңда жәбірленуші тараппен байланыстық. Ол кісімен кездесіп, Кеген аудандық полиция басқармасы барлық куәгерлерден түгел керекті істерді жүргізіп, толыққанды материалды жинады. Ал Төреғали Төреәлімен, өкінішке қарай, әзірге байланысу мүмкін болмай тұр.

– Егер дәлелденіп жатса, әншіні не күтеді?

– Дәлелденетін болса, жоғарыда айтып кеткенімдей, ҚР Қылмыстық кодексінің 293 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалатын болады. Қандай шара қолданылатынын сот өкілдері шешеді. Біз тек мәліметтерді жинап, сотқа өткіземіз.

– Бір тарапты таппай жатырмыз дедіңіздер. Ол тарап келу, келмеуі міндетті деген сияқты арнайы бап бар ма? Не тұрғылықты жеріне бару деген сияқты?

– Әрине, сұрақтарға жауап алу үшін тұрғылықты жеріне барып, полиция басқармасына міндетті түрде шақыртылады, - деді Алматы облыстық полиция басқармасының ресми өкілі Ернар Сайгильдин.