"Ауа тарылғандай өзімді жаман сезіндім": Белгілі тележурналист бастан өткен оқиғасымен бөлісті

0
1 350

"Сол қорқыныш әлі күнге бар..." - дейді Гүлназ Әлімгерей.


Танымал тележурналист Гүлназ Әлімгерей өзінің теңіздегі қызықты оқиғасын айтып, желі қолданушыларын күлгіге қарық қылды. Ол оқиғасы соңғы кезде саяхатшылар арасында трендке айналған дайвингке қатысты.

Гүлназ Әлімгерей: "Менің дайвинг хикаям.

Осыдан бірнеше жыл бұрын отағасымен екеуміз Түркияда бірінші рет дайвингке бардық. Таңмен яхтаға отырып, Жерорта теңізінің терең жеріне бет алдық. Жол бойы суға сүңгу ережелерін құлағымызға құйды инструктор. "Акула" деген шартты белгісі әлі есімде. Сөйтіп межелі жерге де жеттік. Көңіл-күй керемет. Жұрттың бәрі бірінен соң бірі теңіз тұңғиығына кетіп жатты. Кезек бізге де жетті. Үстімізге ауыр киім, тас белдік, көзілдірік, аяққа ласты, соңынан арқамызға кислород балонын ілді. Сол сәтте жаным қысылып, ауам тарылғандай өзімді жаман сезіндім. Нұрекең менің алдымда сүңгіп кеткен-ді. Маған да "батамыз суға" деген белгі берді инструктор. Санаулы секундтарда су емес, түрлі жаман ойға батып үлгердім. Манағы "акула" дегеннен де шошымаған Гүлекең, "теңіз түбіне бармаймын" деп түбегейлі шешім қабылдады!

"Ақшаңды қайтармаймын" деп баж етіп үлгерді инструктор ағам. "Қойшы, әтәснәлет" деп қолды бір сілтеп мен кеттім. Судың астында мені уайымдап күйеуім жүрсе керек. "Әйелің аман, қалды" деп ымдаған әйтеуір.
Ұзын сөздің қысқасы - өзіме не болғанын түсінбедім. Сол қорқыныш әлі күнге бар...
Бұл жолы ең әдемі дайвинг - Қызыл теңіздің кереметінен бас тарттым. Балалар су түбіндегі сұлулықты көргеніне сырттай қуандым, іштей дұғамды оқып Алладан амандықтарын тіледім де тыныш отырдым!".

Дайвинг бұл - арнайы киіммен теңізде жүзу және теңіз астындағы өмірді тамашалау.

Журналистің бұл оқиғасын оқыған желі қолданушылары да өздерінің дайвингке қатысты әңгімелерін айтып жатыр. Олардың бірі "Мен де сол Жерорта теңізіне дайвингке барып, инструкторлар суға батырған соң,1минут болмай жоғарыға шықтым. Мұрнымды жапқан кезде ауызбен демала алмадым. Ешқашан спортпен айналыспаған нәзік жандыларға арнайы дайындық керек шығар деп ойладым" десе, келесісі ол туралы мүлде ойламайтынын айтып, "Сіз қайта киім киіп түсейін депсіз ғой, мен вообще маған айтпаңдар дайвинг туралы деп, түсіп жатқан достарыма яхтадан қарап отырдым. Сұмдық қорқақпын" деп жазған.