«Берік үйден қуып шықты» : Белгілі әзілкештің жары отбасындағы қиын кезең туралы айтты

0
8 215

«Болды, кетемін» деген ой болды.


«Берік үйден қуып шықты» : Белгілі әзілкештің жары отбасындағы қиын кезең туралы айтты

Жетінші арнадағы «Жұлдыздың жары» бағдарламасында белгілі актер, әзілкеш, көрерменге «Күлпәш» рөлімен танылған Берік Тұрсынбековтің жары, актриса Қарлығаш Исламқызы сұхбат берді. Ол Жұлдыз Абдукаримоваға берген сұхбатында балалық шағы, отбасындағы қиын кезең, енесімен арадағы оқиғалар туралы әңгімеледі.


– «Зың-зың Күлпәш» отбасылық ситкомының үшінші бөлімін аяқтадық. Төртінші маусымды түсіруге көрермен тарапынан ұсыныс көп. Алдағы уақытта түсіріліп қалар. Біз көбінесе көктем, жаз айларында түсіретінбіз. Көрермендер қыстағы оқиғаларды да көргіміз келеді деп жазатын. Көптің тілеуі орындалып, қыс болмаса да күз мезгілінде түсірілейін деп тұр, - деді «Каталөк» рөлін ойнайтын актриса.


Сұхбат барысында Қарлығаш Исламқызы Қызылорда облысы, Әйтеке би ауданы, Жаңа Қазалы станциясының тумасы екені, әкемнің жазушылық қасиеті болғаны, анасы тігіншілікпен айналысқаны, өзі де өнерге жақын екені белгілі болды. «Жеңгелерімнің айтуынша, үстелдің үстіне орындық, оның үстіне кілемшені қойып қойып, «Мен ханшайыммын» деп түсініксіз тілде телеарнаға сұхбат беріп отырады екенмін. Үйдегі кез келген перденің ортасынан атып шығып өнер көрсететінмін. Мәнерлер сырғанауға қатысқым келетін. Сырғанауға келеді-ау деген нәрселерді табаныма байлап өзіммен-өзім әлек болып жүретінмін. Кейін акробат болғым келді. Соның бәрін жинап, әртіс болайын деп шештім. Сөйттім де Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың режиссура факульетіне оқуға түстім», - деп өткен шаққа саяхат жасады.


Ал «Бала Қарлығаш бұзық болды ма?» деген сауалға:


Анам «Сен қандай әйел болады екенсің?» деп уайымдайтын. Мен 11 сыныпты бітіргенше шашымды тарап, көйлек киіп, есіктің алдын сыпырып, ыдыс-аяқ жуып, тамақ істеген қыз емеспін. Алдымда үлкен әпкем, өзімнен кейін сіңлілерім болды да, үйдегі тірліктерді солар істейтін. Мен әкемнің қасынан шықпайтынмын. Бала күнімде машинаның астын жөндейтінмін. Қора сылау, көмірді қораға кіргізу, отын майдалау, даланың жұмыстарын істеп, еркекшора боп өстім. Мектепте сабақты орташа оқыдым, - деп ағынан жарылды әзілкештің жары.


Сонымен бірге бала кезде көрген қиындықтарын да айтты. «Біз станцияда тұрғандықтан күн көрісіміз темір жол болатын. Анам пойызға заттар сататын. Мен еріп баратынмын, бірақ, анам мені ерткісі келмейтін. Өйткені, әр рейсте әйтеуір біреумен шекісіп қалатынмын. «Төбелеспей жүрсең апарамын» дейтін. Пойызға «қоян» боп тығылып кіретінбіз. Екі вагонның ортасындағы резинадан, тамбурдан кірген кездер де болды. Ол резина оңайшылықпен ашылмайды. Сөйтіп бір станциядан мініп, екіншісіне дейін майда-шүйде сататынбыз», - деп еске алды актриса.


Сондай-ақ Қарлығаш ханым жұлдызды жарымен қалай танысқанына тоқталды. «Берік көп сөйлемейтін адам. Мен Берікті көбірек тарттым-ау деймін. Бір жылдай дос болып жүрдік. Сосын ол маған ұсыныс жасады. Екеуміз театрда таныстық», - деді.


«Қандай келін болдыңыз?» деген сұраққа келгенде ол марқұм енесін еске алды.


– Бекеңнің анасы өте жақсы адам болды. Ал атамды көрген жоқпын. Негізі атам болса деп армандайтынмын. О баста келін боп түскенде енем деп бөліп-жарған емеспін. Ол кісі де қатаң емес-ті. Көп еркелейтінмін. Енеммен қатты жүз шайысып, ұрысқан емеспіз. Тұрмыстық жағдайларда бір-бірімізге өкпелеген кездеріміз болды.


Танысқан кездегі Берік басқа, үйленген кездегі, қазіргі Берік мүлде басқа. Мен де өзгеріп, есейіп отырдым деп ойлаймын. Өмір екеумізді өзгертті. Балаларымның тәрбиесі қатты алаңдатады. Әрқайсымыз баламызды үйде дұрыс тәрбиелемесек, қоғамға несіне өкпелейміз?!


Қателіктеріңе күліп қарай алмайсың. Күлуге шамаң келмейді. Көп қателік жасадым. Бірде енем Берік үйде жоқ кезде «Ауылға кетемін» деді. Мен оған «Кетпеңізші» деймін. Сөйтіп екеуміз есіктің алдында тұрғанда Берік кіріп келді. Үлкен кісілер айтқанынан қайтпайды ғой. Ақыры ауылға кетті. Артынан Берік мені де шығарып жіберді. Содан енемді ауылға шығарып салдым. Есіктің алдында отырып әбден жыладым. «Болды, кетемін» деген ой болды. Біз кезде «Ол маған ұрыспағанда кімге ұрысады? Анасына ашуын менен алды» дедім де, үйге кіріп, екеуміз сөйлесіп кеттік. Берік тез ашуланып, ашуы тез тарқайды, - деді жұлдызды жар.