«Іштей іріңдеу процесі жүрген»: Жүрсін Ерманның қызы әкесінің денсаулығы жайлы айтты

0
3 284

«Дене қызуы қырық градус болды»


«Іштей іріңдеу процесі жүрген»: Жүрсін Ерманның қызы әкесінің денсаулығы жайлы айтты

Ақын Жүрсін Ерманның денсаулық жағдайы бойынша қызы Ардақ Жүрсінқызы KYN.KZ сайтына арнайы сұхбат берді.


Айтуынша ақын жансақтау бөліміне түспей тұрып, бір аптаға жақын өзін нашар сезініп жүрген. Себебі, төрт-бес ай бұрын ақынның оң аяғындағы тізесіндегі көк тамырға протез салынған.


Бірақ сол протезді ағза қабылдамай, айналасы іріңдей бастапты. Артынша сол ірің қанға түсіп, ақынның дене қызуы шектен тыс көтеріліп, судорг жағдайына жеткен. Бір күннің ішінде есінен танып, аурухананың жансақтау бөлімінде тыныс алу аппаратына таңылған.

«Сыртынан көрінбегенімен іштей іріңдеу процесі жүрген. Әкем ауырсынып жүргенімен, жағдай бұлай ушығады деп ойламаса керек, басында онша мән бермеді. Қойып кетер деп жүрді. Екі жеті бұрын есінен танып құлады. Дене қызуы қырық градус болды.

Ертеңгісін жақсы жүрген, сол күні кешкісін есінен танып құлады. Аяғымен жүре алмай қалды. Содан жансақтау бөлімінде бірнеше күн есін жия алмастан жатты. Бір жетіден кейін жазда жасалған отаны ашып, дәрігерлер протезді алып тастады.

Қандағы кисларод түсіп, жасанды тыныстандыру аппаратында жатты бірнеше күн. Осы аптаның басынан бастап беті бері қарады. Аппарат алынып, қазір өзі тыныс алып жатыр. Енді жеке палатағы шығарылуын күтіп отырмыз», - дейді ақынның қызы Ардақ Жүрсінқызы.


Ардақ Жүрсінқызы әкесі аурухананың жеке палатасына шықса анасы қасына баратынын айтып отыр.


«Кеше дәрігерлер жансақтау бөліміне кіруге рұқсат берді. Сол жерде дәрумендерге толы сұйық тамақты дәрігерлер өздері шлангтар арқылы ішкізеді екен. Содан өзіміз шприцпен тамақтандырдық. Көңіл — күйі түсіңкі болды басында, әрине. Көңілін аулап, айтыскерлерге сол жерден хабарласып, сөйлестірдік. Әрине әрең сөйлейді. Әлсіреп қалған.

Бірақ, айтыскерлердің дауысын естіп қуанып кетті. Күші келгенше сөйлеп, біраз жүзі жылынып, жымия бастады. Барлығы денсаулық тілеп, жағдайына алаңдағандарын айтып жатты. Әкем оларға «Талай жоспар бар еді, денсаулық осылай болып қалды» деп аздаған өкінішін білдірді. Бірақ, қазір әкеміздің есін жиып, жеке палатаға шығып қалады деп қуанып жатырмыз. Әрі қарай қайда, қалай емдететінімізді ойлауымыз керек. Ең бастысы ауырып құлағаннан кейін беті бері қарады», - дейді Жүрсін Ерманның қызы.


Қазір Жүрсін Ерманның Швейцариядағы құдасы Тедресс өз елінен қан тамырлары бойынша білікті мамандарға хабарласып, ақынның бұдан кейінгі еміне көмек қолын созғалы жатыр екен.


Швейцариялық дәрігерлер ақынның медициналық картасын, денсаулығы бойынша ауру тарихы, сынамалар бойынша соңғы мәліметтерді алып не істеуге болатынын нақтылап жатыр екен. Бірақ ол елге бару үшін он екі сағаттық жол қазірге Жүрсін Ерманға ауырлау. Сол себепті әлденіп алғанша Қазақстанда біраз ем алады екен.