«Кішкентай бастық! Мен үшін бас ауыртпай-ақ қой!»: Нұрлан Албан өзін сынаған мемлекеттік қызметкерге жауап берді

0
1 450

«Мемлекеттен үй алмадым, атақ-марапат көрген жоқпын»


«Кішкентай бастық! Мен үшін бас ауыртпай-ақ қой!»: Нұрлан Албан өзін сынаған мемлекеттік қызметкерге жауап берді

Отандық танымал әнші Нұрлан Албан өзіне тиіскен шолақ белсендіге жауап берді. Жағдай былай болыпты. Оның айтуынша, жақын күндері әншіге өзінен жасы кіші, өзі білетін шолақ бастық, күні кеше ғана мемлекеттік қызметке кірген бір інісі қоңырау шалып, соңғы уақытта әлеуметтік желіде жариялап жүрген жазбаларын сынға алыпты.

«Сіз бағыт-бағдарыңызды таппай, адасып жүрген сияқтысыз. Сіз әнші емессіз бе, әніңізді айтып тыныш жүре бермейсіз бе, болашағыңызды ойламайсыз ба?» дегенін жасырмады. Бұл сынға өнер иесі де айтарын айтып, телефон тұтқасын қойыпты. Алайда сол күні көңіл күйі болмапты.

Өзіне жасы біршама кіші жігіттің мұнысына жауабын инстаграмда берді. Алайда, ол адамның атын атап, түсін түстеген жоқ.


– Кішкентай бастық! Мен үшін жүрегің ауырып, бас қатырмай-ақ қой! Сенің өмірің – өзіңе, өз өмірім – өзіме. Біріншіден, артым қазылады деп, ертеңгі болашағым не болады деп ойлайтын қазір менде уақыт жоқ. Елуге таяп қалғанда қандай болашақ? Қазіргі әрбір ата-ананың болашағы – ұл-қыздары. Мен ұл-қыздарымның ғана болашағын ойлаймын. Екіншіден, ән айтамын ба, басқа айтамын ба, ол менің жеке қалауым. Үшіншіден, мемлекеттік төңкеріске араласып, біреулерді адастырып жатқан жоқпын. Мемлекет тарапынан берген атақ-даңқтарың жоқ. Қайтарып алатындай. Алсаңдар, нелеріңді аласыңдар? Колледжде 15 студентке беретін дәрісім бар. Ары кетсе 45 мың теңге айлығымнан ысырып тастарсыңдар. Оған да көндім. Мемлекеттен үй не жер алған жоқпын. Атақ-марапат көрген жоқпын. Менен алатын түгіңіз жоқ. Білгеніңді істе! Ең бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш, балаларымыз аман болса болды. Олай сөйлегенің дұрыс болмады және ешқашан өзіме ешкімді олай сөйлете алмаймын! Азар болса несиедегі үйімді алып аларсың. Одан басқа немді аласың? Сондықтан әркім өз жолымен жүрген жақсы. Бір сөзбен айтқанда, ақыры мені жіті қадағалайды екенсің, «Аяз би әліңді, құмырсқа жолыңды біл!» Сөзімнің соңы, бай боп көргем жоқ, кедей боп өлгем жоқ, - деді Нұрлан Албан.