«Сәкен Майғазиев өткен жолы алып қойған» десе нағыз «өлім ғой»
Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай еңбегі сіңген түрлі сала өкілдеріне мемлекеттік наградалар тапсырылуда. Осы тұста «МузАрт» триосының белді әншісі Сәкен Майғазиев «ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері» атағын қалай алғаны туралы қызықты детальдермен бөлісті.
«Қай жылы екені есімде жоқ, Министрліктен Айдар Қырықбаев деген асыл азамат хабарласып: "Сәкен Қордабайұлы, сізді Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері" марапатын ұсынғанбыз, соны табыстауға шақырайын деп едік", деді. Көпше түрде емес, жекеше түрде "Сізді", "Сізге" деген сөзінің сыңайынан сезген соң: "Мейрамбек, Мақсат, Кенжебек те ме?", деп нақтылай түстім.
- Жоқ, "МузАРТ" тобынан тізімде сіз ғана тұрсыз.
- Ыстық ықыластарыңыздан айналдым, бірақ мен келіспеймін, Мейрамбек, Мақсат, Тоқтар алмаған атақтың маған да керегі жоқ. Тақырыпты түйіндеп, жылы қоштастық.
Уақыт өтіп жатты. Бір күні біз қызмет жасайтын "Қазақконцерт" ұжымының мерейтойы қарсаңында бірнеше әріптестерімізді сол бірлестікті басқарып отырған Алтынбек Қоразбаев әкеміз ұйымшыл ұжымға тосынсый жасайын деп, бірнеше әріптестерімізді марапатқа ұсынады. Одан бүкіл ұжым бейхабар.
Содан, салтанатты түрде марапаттау басталып кеп берді.
Бірнеше әріптестеріміздің аты аталып, марапат алып жатыр.
"Әшімбекова Тахмина! Құттықтаймыз!",
"Бесбаев Мейрамбек! ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері!". Солай, бірнеше марапат табысталып жатты. Менің атымның аталатын түрі жоқ.
Бір кезде : "Жанәбілов Кенжебек!" деген кезде, ойым сан саққа кетті.
М-м-м, маған ерегіскен екен ғой. "Ақыры марапат керек емес екен, Майғазиевке бермей-ақ қойыңдар", деді ме екен...
Әй, жарайды. "Бермей-ақ қойыңдар" десе жақсы ғой, "Сәкен Майғазиев өткен жолы алып қойған", десе нағыз "өлім ғой", деп ойлап қоям.
Адам баласының ойы, қиялы электр тоғының жылдамдығынан да шапшаң ғой. "Достарың ол атақты өткенде алып қойған" десе ұжымыма қай бетіммен қараймын деп, жанымды жегідей жеп тұрғанда "Майғазиев Сәкен!" дегенді естігендегі сәтімді айтсаңшы.
Сөйтсем, алфавит бойынша келе жатыр екен ғой.
Атақ алып, алмағаным үшін емес, ұятқа қалып, қызармағаным үшін қатты қуанғам. Мен сондаймын. Еңбегің еленіп жатса қуанасың. Ескерілмесең еш реніш жоқ. ҚҰДАЙдың құлы, ҚАЗАҚтың ұлы деген аттан асқан атақ бар ма?! Барша марапат иелерін жемісімен, жеңісімен ақ жүрегіммен құттықтаймын!» - дейді Сәкен Майғазиев.
Ал әншінің оқырмандары «Атақсыз-ақ халқыңыз жаксы көреді. Аман болыңыз», «Жарайсың Сәкен, осы жерден білуге болады сенің қандай адам екеніңді», «МузАрт» барлық марапатқа лайықты» деген сияқты пікірлерін қалдыруда.