Бүгінде адамға рухани баюдың жолын нұсқап жүрген танымал психологтардың қатары тағы біреуге көбейді.
фото: ашық дереккөзден
Эстрада әншісі Бағлан Әбдірайымовтың құмар ойынның құрсауынан құтылып, аяққа тұрғандығы жөнінде кеңінен берген сұхбаты көпшілікті таң қалдырған болатын. Қу ақшаның соңынан қуған әнші бұл дертті психологиялық кітаптарды ақтару арқылы жеңгенін жеткізді. Ал енді "Жігіттер" квартетінің мүшесі өзі секілді тығырыққа тірелгендерге психологиялық семинарлар ұйымдастырмақ бойып отыр. Бұл туралы әнші инстаграмдағы парақшасында жариялады.
Ол, өзінің басынан өткен қиын жағдайдан кейін ел алдында барлығын мойындау ерлік деп біледі. Жан сырымен бөлісу арқылы өзін едәуір жеңіл сезініп, енді "құмардың құрбаны" болғандарға көмектеспек ниетте. Психологиялық тренингтер өткізіп, жұртқа рухани баюдың жолын көрсетпек ойы бар.
"...Дәл осы тақырыпта психологиялық кітаптар оқып, ойымды қорытып жүрмін. Сұхбатты көріп, хабарласқан екі-үш жігіттің ойын өзгертіп, қасыма ертіп жол көрсетіп жүрген жайым бар. Нәтиже күн сайын артуда. Айтпағым, алдағы уақытта дәл осы тақырыпты көпшілік алдында қозғап, санасы уланған жастарды, шаршаған ата-аналарды, жанашыр бауырларды жинап, арнайы семинар әлде рухани кеш жасасам деген ойға келдім. Амалдан ниет жоғары болса, өте қатты ниеттімін. Пайдасының да орасан зор екеніне сенімдімін. Өйткені, мен жай кітаптан оқыған теориямды емес, өмірде көргенімді қозғаймын. Менің сіздерге пайдам осы болмақ. Оқиғаның өмірден алынып, шынайылылығы өзгеге де тез түсінікті болады. Алла жәрдемші болса, ойды өзгертуге ықпалым тиері сөзсіз. Қалай ойлайсыздар? Онлайн немесе офлайн өткізген дұрыс?", - деп оқырмандардан пікір қалдыруын сұраған.
Ал, өз кезегінде оқырмандар тарапынан қолдаулар болып, басындағы оқиғасымен бөліскендер жетерлік. Тек, ақылы болмаса екен дейді. Ал жанкүйерлердің кейбірі, аттасаң аяғың шалынатын семинар өткізгіштерді бірінен соң бірін тыңдап, шатасып кеткенін жеткізіпті. Әншіге біраз кідіре тұруын да сұрағандар бар.
«Жарайсың! Сол құмар ойыннан қаншама жанұя ажырасып жатыр, ал кредитке белшесінен батқандар одан да жетіп жатыр», «Жүз пайыз қосылам. Егерде осы əрекетіңіз жүзеге асса халықтың разылығының астында қап коясыз-ау», «Осы құмар үшің өз балама өлімде тіледім. Өйткені, алты жыл болды соның қарызын төлеймін деп, лахадрол дейма, одан қалса, займердің неше түрі бар, осының бәрін төлеймін. Басына құрт түсіп, дуаланып қалған адам ұқсап. Не істерімді білмеймін», «Немене, бәрі психолог болып кеткен? Айнұрды тындап миымыз ашып жургенде, сен қоя тұршы, кішкене», «Тегін болсыншы, бірақ» деген оқырмандар жарыса өз ойларын жеткізуде.