"Пайдараз продюсер": Жан Ахмадиев науқас жігіттің намысына тиді

0
4 037

"Аянышты әнін айтып, халықтың қалтасын қағып жүр" деген Жан Ахмадиевті мүмкіндігі шектеулі жігіт сотқа бермекші.


фотоколлаж stan.kz.

«Заманауи жырау» Жан Ахмадиев әлеуметтік желіде «Аянышты әнін айтып, халықтың қалтасын қағып жүр» деп науқас баланың суретін жариялаған. Ахмадиевтің аталмыш посттан кейін күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырылған Бақдаулет Әбділдәұлы «заманауи жырауды» сотқа бермекші. Бұл туралы Дина Төлепбергеннің «Астарлы ақиқат» бағдарламасында айтылды.

Әлеуметтік желіде үлкен талқыға түскен Жан Ахмадиевтың жазбасы Бақдәулет Әбділдәұлының намысына тиген. Ол арбаға таңылған баланың суретін парақшасында жариялап, көпшілік алдында тойда ән айтып жүргені үшін сынаған. Сондай-ақ, Ахмадиев мүмкіндігі шектеулі жанмен бірге ән айтып жүрген әншілерді де хайп ұстап жүр деп айыптаған.


«Жан Ахмадиевтің жазбасын көрдім. Сол жерде менің суретімді салып, продюсерсымақтар тойға алып шығады деп жазыпты. Ол жерде мені келтірмегендерін айтып жатыр. Бірақ «осындай жағдайда отырған қандай бала бар екен тойға шығып әншілермен ән айтып жүрген?» дегім келеді. Ернар Айдармен де ән айтқан болатынмын», – дейді Бақдәулет Әбділдәұлы.

Ал Жан Ахмадиевтің өзі болса, ол посты арбада таңылып отырған балаға қатысты жазбағанын айтады.

«Жеке басына тиіп кеткен болсам, басымды иіп кешірім сұраймын. Өйткені мұндай нәрсеге ешқашан жоламаймын. Бірінші рет жаздым, бірінші рет басым бәлеге қалып отыр. Неге екенін білмеймін», – дейді әнші.

Алайда, науқас бала Ахмадиевтің өзін «қайыршыға» теңегеніне ренжулі екенін, сол сөзі үшін сотқа бергісі келетінін айтады.

«Инстаграмға өзімнің туысқандарымның тойында ән айтқан видеомды салған болатынмын. Сол видеоны Жан Ахмадиев өз парақшасына тартып алып, неше түрлі балағатты сөздермен мені «қайыр сұрап жүр» деп келтіріп жазып қойыпты», – дейді Бақдәулет Әбділдәұлы.

"Заманауи жыраудың" бұл жазбасы әлеуметтік желі қолданушыларының да ашуын тудырған. Оқырмандардың көпшілігі арбаға таңылса да арманынан қол үзбей, аллға ұмтылған жас жігітке қолдау білдірген.

"Бақдәулет, даусың қандай тамаша! Мойыма айналайын, тек алға, нағыз жігітсің!", Бағдәулет, жарайсың. Самғай бер!", "Бақдаулет, Аллам өзі қолдасын, аяққа тұрып кет, бағың жансын!" - деп жазады желі қолданушылары.

ERNUR.KZ.