"Туыстары ақша табу жолында пайдаланып жүр": Танымал журналист тойда ән салатын кішкентайлардың тағдырына алаңдайды

0
4 828


Танымал журналист Мөлдір Жанбаева қазіргі кішкентай балалардың табыс тауып жүргеніне алаңдайтынын білдірді.

Балалық шағында ойнап, оқу оқудың орнын тойға барып ән салып, би билеумен алмастырған кішкентайлар көп екені анық. Әсіресе солардың ішінде танымалы Инабат есімді қыз, біраздан бері желінің жұлдызына айналып үлгерген еді. Ол туралы өзінің ойын желіге жазған журналист, балалардың құқығын қорғау орындарынан осындай дүниелерге тиым салуды сұрады.

Мөлдір Жанбаева: "Айттым ғой, біздің елде балаларға стимул болатын 3-ақ мамандық қалды: Әнші, Асаба, Актер.

Осы Инабат деген қызды біраздан инстаграмнан көріп, жүрегім ауырып жүр ед. Туыстары балалығын ұрлап, ақша табу жолында пайдаланып жүр. Өзі сүп-сүйкімді. Бірақ, үлкендерше киіндіріп, бояндырып, кекілін қиып, қимыл - қозғалысты үйретіп қойған. Не деген сұмдық?! Ертең бойжеткенде нағыз ха-ха, хе-хе-сі көп, ырбаңдаған кыздар осыдан шығады. Сағат 21-22ден кейін ұйықтаудың орына, той тойлап жүр. Осындай балалардың әке - шешелері жұмыс істемейді де, Құдай біледі! Баласына өзгелердің тамсанғанына, қолына ақша ұстатып жүргеніне намыстанбай ма? Өздері тегін тамақ ішееееп отыратындарына мәз шығар.

Бала өнерлі болса, конкурстарға қатыссын. Бірақ енді дәл осылай киіндіріп, бояндырып, тәтті қылығын тойларда пайдалану дегенді түсінбеймін.

Қазақ бизнесті тек тойдың айналасынан іздейтін болды ғой. Ылғи той ұйымдастырғыштар, бір әншінің қасында он жігіт жүреді. Біреуі охрана, екіншісі пияр менеджер, үшіншісі костюм тасығыш, тортіншісі шай құйғыш... кете береді. Осыдан кейін, ешкім жанын қинап жұмыс істегісі келмейді. "Той - қазақтың қазынасы" деп қойып, бәріміз гәккулеп жүруіміз керек пе? Кішкентайларымызға ән айтқыза бергенше, неге робототехника саласына баулымасқа? Өнертапқыштардың санын арттырып, білім-ғылым, техниканы неге дамытпасқа? Ал, біздің жастар жаппай тойдың айналасына кетіп барады. Ойланатын мәселе ме, сіз үшін?

Мына Инабат деген қызға қатысты айтайын дегенім, балалардың құқығын қорғау орындары бар болса, неге тиым салмайды екен? Бала-бақша, мектебінен қадағалау болу керек қой. Осыны көреді де, басқа балалар да шығады бір күні. Балапандардың өнер көрсеткені маған да ұнайды, үлкен сахналарға шықсын, жасына сай ән жаздырсын (той әндері емес) . Туған - туыстың арасында айтсын, ал мынадай ақша табу жолында емес".

Журналисттің бұл пікірін оқыған желі қолданушылары, олардың ішінде журналистер мен қоғам белсенділері де бар, олар: "Дұрыс емес, əрине! Кейін дала кезер болып кетеді. Баланы жас кезінен ақша табуға əуестендірмеу керек! Үлкендерше киіндіру - баланы ерте есейтеді. Халқымыз қыз баланың тəрбиесіне көп көңіл бөлген бөлген ғой. "Баланы жастан",- деп бекер айтпаған. Өнері болса, түрлі үйірмелерге беріп, өнерін ары қарай шыңдасын. Тек той емес, балада талант болса, дамытудың жолдары көп. "Ұлымыз ұлықты, қызымыз қылықты болсын" деген ауандағы пікірлерін білдіруде.

Шынымен "қызға қырық үйден тиым" салған елдің қаршадай қызын тойда ән айтқызу қаншалықты дұрыс? Бұл жағдайға тиым салатын ұйым болуы керек емес пе, сіз қалай ойлайсыз, оқырман?

Фото желіден алынды.

ERNUR.KZ