«Тілімді «кәлимаға» келтірдім»: Аша Матай тұңғышын босанғанында өліп-тірілгенін айтты

0
1 865

«Өзімді тірі өлік сезіндім»


«Тілімді «кәлимаға» келтірдім»: Аша Матай тұңғышын босанғанында өліп-тірілгенін айтты

Белгілі тележүргізуші, әнші Аша Матай Айнұр Ілиясованың «Mom'sкий әңгіме» ютуббағдарламасында тұңғыш қызын дүниеге әкелген кездегі қиындықтарымен бөлісті. Әнші алғашқы босануында бір өліп-тірілгенін, тіпті, тілін кәлимаға келтіріп, бәріне дайын болғанын да айтты. Айтуынша, ол қанша тырысса да табиғи жолмен босана алмапты. Толғақ кезінде баланың жүрегі тоқтап қалған соң аяқ астынан кесір тілігін жасатуына тура келіпті. Содан денені жансыздандыратын укол салатын маманның өз ісін дұрыс атқара алмауынан, дәрінің мөлшері көбейіп кеткендіктен, 7 сағат аяғын сезінбепті. Әдетте кесір тілігімен босанатын әйелдер 2 сағатта өзіне келіп, өз аяғымен жүре алады. Аша 6 айдай терең депрессияға түсіп, басы ауырып, өзін жоғалтып алыпты.


– Толғақ басталды. Емханаға келдім. «Суы кеткен жоқ, бәрі дұрыс, осында қал, бақылауда боласың» деді дәрігерлер. Бірнеше сағат күттік. Тиісті уколдарды салды. Сонда да жатыр мойны ашылмады. Суын тесуге тура келді. Бір кезде баланың жүрегі тоқтап қалды. Мен шок, анам шок. Екеумізде не істерімізді білмей... сосын мен бірден өзімді жинап алдым. Жүрегі тоқтап қалды дегенді естігеннен кейін анама «Жыламаңыз, бәрі жақсы болады» дедім. Түрі суып кеткен дәрігерлерге «Тезірек маған кесір тілігін жасаңыздар!» дедім. Оның алдында маған кесір тілігін жасауға құжаттарға қол қоюға ұсыныс айтқан болатын. Мен оған көнбеген едім. Мен қанша қиналсам да соңына дейін шыдайтын едім. Бірақ та баланың жүрегі тоқтап қалған соң маған бәрібір болды. Тез-тез құжаттарға қол қойып, аяқ астынан отаға кіріп кеттім. Анамды сабырға шақырдым, дұғасын айтып қалды, - деп еске алады әнші.


Бұдан ары қарай Аша ханым босанғаннан кейінгі қалай қиналғанын да бүкпесіз жайып салды.


«Жансыздандыратын укол салатын мамандарға көп нәрсе байланысты екенін сол кезде түсіндім. Әдетте отадан соң 2 сағаттан соң аяқты қимылдатады екен көп әйелдер. Ал мен 7 сағат аяғымды сезбедім. Бәріміз жылап-сықтап, уайымдап... Анамның мені уайымдап жылағаны жаныма батты. Жарты жылдай өз-өзіме келе алмай жүрдім. Ал Айымды босанған кезде ондай проблема болған жоқ. Асылым, Аллаға шүкір, аман-есен дүниеге келді. Бірақ, бірден жыламады. Дәрігерлер оның құйрығынан ұрып жүріп «тірілтіп» алды. Оның іңгәлаған даусын естіген соң ғана «Уф!» деп босаңсыдым. Ары қарай өзімді тірі өлік сезіндім. Тілімді кәлимаға келтіріп, бәріне дайын болдым», - деді ол.