Құрсақтағы шарананың дамымай қалуына не себеп болады?

0
107 849

Іштегі шарананың өспей қалуын медицина тілінде «жетілмеген жүктілік» деп атайды. Жетілмеген жүктілік - бұл болашақ нәреcтенің жатырда ұрық күйінде өліп қалуы. Дәрігерлер мұндай жағдайдың көбіне жүктілік мерзімі 12 аптаға дейінгі кезеңде болатынын айтады.


Құрсақтағы шарананың дамымай қалуына не себеп болады?

Іштегі шарананың өспей қалуын медицина тілінде «жетілмеген жүктілік» деп атайды. Жетілмеген жүктілік - бұл болашақ нәреcтенің жатырда ұрық күйінде өліп қалуы. Дәрігерлер мұндай жағдайдың көбіне жүктілік мерзімі 12 аптаға дейінгі кезеңде болатынын айтады. Жетілмей қалған жүктілік анықталған соң жатыр өлі ұрықтан тазартылады. Түсік өзі түсіп қалады деп тазартуды кейінге қалдыруға болмайды. Себебі өлі ұрық әйел ағзасына у ретінде жайылып кетуі мүмкін. Бұрындары жетілмей қалған жүктілік 40 жастан кейінгі әйелдерде байқалса, соңғы жылдары мұндай диагноз 25 жастағы әйелдерге де қойыла бастапды. Соңғы кездері жетілмеген жүктілік 12 апта ғана емес, 22 аптаға толған шараналарда да кездесіп жатыр дегенді алға тартады дәрігерлер.

Іштегі шарананың жетілмеу қалуына не себеп болатынын арнайы маманнан сұрағанымызда, Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті клиникасының акушер-гинекологы Алимбетова Айгүл Рахманқызы былай деді:
- Қазір неше түрлі инфекция бар, жыныс жолдарымен жұғады дегенге ер-азаматтарымыз ренжитінін жақсы түсінемін. Бірақ мұны дұрыс түсіну керек. Инфекция жыныстық қатынас кезінде ғана емес, көпшілік моншаларда, бассейндерде де жыныс жолдары арқылы жұғады. Егер жүкті әйел 12 аптаға дейінгі кезеңде тұмауратып қалса да, құрсақтағы ұрықтың дамымай қалуына әсер етеді. Мүмкін, бұрын мұндай инфекциялар көп болмаған шығар. Болған күнде де оны анықтайтын зертханалар дамымаған кез ғой. Ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) қондырғысы да жоқ болатын. УДЗ жоқта, бала өспей қалса, ағзаның өзі түсікті тысқа шығарып тастайды. Сөйтіп, ондай оқиғалар өздігінен түскен түсік ретінде тіркеліп кеткен болар. Қалай десек те, ұрықтың құрсақта өлуі, сол өлі ұрықтың екі-үш апта жатырда жатып қалуы, әйел денсаулығына үлкен қатер төндіреді. Егер ұрық әйелдің ішінде 2-3 апта бойы өлі күйінде жатса, токсинге айналып, әйелдің қанына еніп кетеді. Біз әйелдің қанын тазарту үшін тазартудан кейін ем-дом жасаймыз.

Жүктіліктің жетілмеуіне не себеп болуы мүмкін?

Қазіргі әйелдердің басым бөлігі жұмысбастылар. Күні бойы кеңседе отырып, таза ауаға шыға да алмайды. Жұмыстан кейін үй шаруасымен әуре болып, таза ауада серуендеу жайына қалады. Оның үстіне, біздің елде таза ауа бар ма? Қаладағы атвокөліктің көптігі сонша ауамызды армансыз ластап жатқанда, қандай ауамен тыныс алып жатқанымызды түсіну қиын болмаса керек. Кейбір әйелдер жүктіліктің жетілмей қалуына ультрадыбыстық зерттеу аппараттарын кінәлайды. УДЗ-ға ерте түсу қауіпті ме? Енді осы мәселеге тоқталып өтейік.
Ресейде жүкті әйелдерді бірінші рет УДЗ-ден жүктілік мерзімі - 12-14 аптада, екінші рет - 20-24 аптада, ал үшінші рет 32-34 аптада өткізуге рұқат етеді. Англия мен АҚШ-та жүкті әйелдер УДЗ-ге алғаш рет - 11-14 аптада, сосын 18-22 аптада барады. Егер екінші рет УДЗ-ге түскенде барлық көрсеткіштер дұрыс болса, одан кейін УДЗ аппаратына жіберілмейді. Біздің елде де УДЗ аппаратына жіберудің жөні бар. Бірінші рет аяғы ауыр әйел жүктілік мерзімі - 10-12 аптада, екінші рет - 20-22 аптада, үшінші рет 32-34 аптада баруы тиіс. Бұл жөнінде Денсаулық сақтау министрінің бұйрығы да бар. Көріп отырғанымыздай, жүктілік мерзімі 10 аптаға дейінгі мерзімде УДЗ аппаратына түсуге рұқсат етілмейді. Себебі жүктіліктің алғашқы кезеңінде ұрықтың орталық жүйке жүйесінен тарайтын жасушалардың миграциясы қарқынды жүріп жатады. Егер осы кезеңде УДЗ аппаратына түсер болса, онда ультрадыбыстық толқындар жасушалар миграциясының процесін бұзып жібереді.

Айгүл Рахманқызының айтуынша УДЗ-ға жіберудің мынандай себептері бар көрінеді: «Қазіргі таңда жатырдан тыс жүктілік көбейіп кетті. Соны анықтау үшін УДЗ-ге түсіру қажет. 10 аптаға дейінгі ұрықтың тірі не өлі екенін қолмен ұстап айта алмаймыз. Жүрегінің соғып жатқанын анықтау үшін УДЗ-ге жүгінуге тура келеді. Ал 5-6 апталық бала өліп қалған болса, УДЗ-ге түсіретін мерзімге - 10 аптаға дейін өлі баланың қаны анасының ағзасына тарап кетеді. Әйелдің ағзасы уланады», - дейді ол.
Ал шетелдік басылымдардың жазуы бойынша, жүктілік мерзімі 8 аптаға жеткенше дәрігерлер ұрықтың даму процесіне араласпауы керек көрінеді. Жаңадан отырғызылған көшет өсуі үшін тамырлануы керек, ұрық та солай, жатырға жабысып өсуі керек, міне, осы тамырлану кезінде ешқандай әрекет жасалмауы керек. Сондықтан жүктіліктің он аптасына дейін дәрігерге барудың қажеті шамалы. Себебі жатырды дәрігер қолмен ұстап көргенде жаңадан орналасып жатқан ұрықты қозғап жіберуі мүмкін.

Ұрықтың өспей қалуына ананың да кінәсі бар

Бұлай дейтін себебіміз, көп аналар өз денсаулықтарына мән бермей, тек жүкті болғаннан кейін ғана ойлана бастайды. Сөйтіп, жүктілікке зиян келгенде кінәні кімге аударарын білмейді. Алайда дәрігерлер ана денсаулығы мықты болғанда ғана іштегі шарана қалыпты дамып, мерзімі жетіп туылады екен. Сол себепті де әйелдер жүктілікке дейін мына аурулармен ауыратын болса, баланың өспей қалуы да ғажап емес:

  • жүрек-қан тамыр аурулары;
  • ішкі ағзалардың түрлі аурулары және инфекция болса;
  • ағзаға зиянды әрекеттерден (яғни, ішімдік пен темекі);
  • дұрыс тамақтанбау;
  • стрестік жағдайлар.

Алдын алу жолдары

Қай ауруды болмасын емдеп жазғаннан, оның алдын алған әлдеқайда жеңілірек. Сол сияқты болашақ сәбидің дұрыс жетіліп, қалыпты туылуы үшін мұндай келеңсіздіктің алдын алған дұрыс.

  • Әрбір әйел жүктілікке дейін толықтай тексерілуден өтуі керек. Сонымен қатар, сол дәрігерлерге өзіңіздің жүктілікке дайындалып жүргеніңізді айтып, ескерткеніңіз де жөн. Ең алдымен терапевт пен эндокринологқа, сосын акушер-гинеколог дәрігерлерге көрініп, қажетті мамандардың тексеруінен өтесіз. Мәселен, жұқпалы ауруларды және құлақ, мұрын, тамақ ауруларын емдейтін дәрігерлерге бару керек. Ал, тіс дәрігеріне міндетті түрде тістеріңізді көрсетіп, ем алу керек болса, дер кезінде емделесіз.
  • Тамақтануыңызға көп мән беріңіз. Мұның өзі болашақ ана үшін өте қажетті. Себебі, жүктіліктің алдында диетаға отырып, салмақ тастауды ғана ойлайтын болсаңыз, жүкті болуды кейінге қалдырғаныңыз дұрыс. Өйткені диета ұстаймын деп, ағзаңызды түрлі дәрумендерден қағасыз. Шын мәнінде, екіқабат болуды қалайтын болсаңыз, семіздікпен күресуді жүктіліктен кейін қолға алуыңызға болады.
  • Міндетті түрде ішімдіктің кез келген түрінен бас тартып, темекіден бойыңызды аулақ салыңыз.
  • Мүмкіндігінше таза ауада серуендеп, көп демалуға, тынығуға тырысыңыз. Болашақ ана үшін күндізгі жарты сағаттық ұйқының өзі күш-қуат береді екен. Мұндай уақытта шалқалап емес, бір иығыңызбен жатқаныңыз дұрыс.
  • Жұмыс істейтін орныңызда қандай да бір уландырғыш заттар мен сәулелер болатын болса, жүктілік басталған уақытта басшылықты құлағдар етіп қойыңыз. Сонда басшылық сізді бала мен ананың денсаулығына зиян келтірмейтін жұмысқа ауыстыруы керек.

Міне, жоғарыда айтып өткен қағидаларды сақтап, содан кейін ғана екіқабат болсаңыз, ештеңені де уайымдаудың қажеті жоқ. Бәрі де жақсы болады.