​«70-ке келіп ажырасайын деп жатыр»: Ата-енесі үшін уайымдаған келін көптен көмек сұрайды

0
2 451

«Екеуі бір төсекте жатқан емес...»


​«70-ке келіп ажырасайын деп жатыр»: Ата-енесі үшін уайымдаған келін көптен көмек сұрайды

иллюстрациялық коллаж үшін суреттер интернеттен алынды

Сырттай бүтін көрінгенмен, іші «түтін» боп жатқан қаншама отбасы бар. Жауырды жаба тоқып, ішкі мәселені сыртқа шығармай жүргендер көп.

Десек те, қызылордалық келіншек өз отбасында болып жатқан мәселенің шешімін іздеп үнсіз қалмауды жөн көріпті. Ол ERNUR.KZ тілшісіне хабарласып жағдайды баяндап берді және көптен кеңес сұрады.

- Ата-енем ажырасқалы отыр. Түкке түсіне алар емеспін. Қалай айналдырып, жарастырмақ болсақ та, екеуінің басы бір дастарханда қосылар емес. Бір бөлмеде жатпайтыны мүлде бөлек әңгіме, - дейді өзінің ұл-қызы мектеп бітіргелі отырған келіншек.


Айтуынша, ата-енесінің араздығы бұрыннан бар көрінеді.

- Мен келін боп түскенде екеуінің бір төсек тұрмақ бір бөлмеде жатпайтынын байқағанмын. Таң қалғанымды жасыра алмадым. Өзімнен бұрын түскен абысынымның айтуынша, атамыз бен енеміз тату емес көрінеді. Ол кезде жастары тым кәрі де емес болатын. Қанша дегенмен, ері-әйелі болған соң бір төсекте жатып, артық айтсам ұят демеңіздер, ерлі-зайыптының төсектегі міндетін де орындап тұру керек шығар деп ойлаймын.


Біздің ата-енемізде ондай мүлде жоқ.


Екеуі ғана үйде қалса, сол күні ұрыс-керіс болатынын, енемнің сіңлісінің үйіне кетіп қалатынын жақсы білеміз. Қазір де бір айдан асты, сіңлісінің үйінде. Атаммен кезекті ұрыс-керісінен соң киім-кешегін жинап кетіп қалды. Сондағы қояр кінәсі – атамның көшедегі өзі қатарластарымен ішімдік ішуі. Естуімше, бұрын да сол үшін ренжіседі екен.


Бір жағынан енемді де түсінгім келеді. Кезінде қызметте болған атамыз бүкіл атақ-абыройын ішімдіктің жолында құрбан еткен көрінеді. Тіпті, шиеттей балаларымен далада қалатын болғанда өзінің пысықтығымен жанталаса тіршілік жасап көшке ілескен екен. Содан бері атамызға іші жылымайтын, тек перзенттері үшін ғана шыдап жүрсе керек.


Атамды да түсінгім келеді. Енем кешірмеген соң әйелден жылы сөз, жылы құшақ көрмегеніне қаншама жыл. Содан бар алданышын ішімдіктен тапқысы келетін сыңайлы.


Әрине, екеуіне мен ақыл айта алмаймын ғой. Бірақ, осы жасқа келіп ата-енем ажырасып жатса, біздің бетімізге салық екен. Онсыз да туған-туыстың ортасында жағдайымыз белгілі. Ата-енем бір дастарханның басында отырмайтынын бәрі біледі. Ал енді жақында менің төркінімде той болып, бала-шағаммен кетсек, үйдің астаң-кестеңі шығыпты. Дау-жанжал болып, атам енемді ұрмақшы болған көрінеді айтуынша. Сол күні енем киім-кешегін жинап сіңлісінің үйіне кетіп қалған. Ал атамыз келсек бір бөтелкені жалғыз өзі ішіп отыр.


«Ажырата салыңдар бізді. Бүйткен өмірінің... Мені апарып қарттар үйіне тапсыр, сонда шешең тынышталар», - деп күнде баласына айтады.


Ата-анасының мұнысы жанына тимей қойсын ба, онсыз да үндемес күйеуім соңғы кезде аздап ұрттайтынды шығарып жүр. Бала-шағасы есейгенде оның мұнысына ренжимін, бірақ ата-енем сияқты болғым келмейді. Ал немерелері өсіп, шөбере сыйлар жасқа жеткенде ата-енем ажырасып кеткелі отыр. Енемнің артынан бардық (әдетте, кеткен келіннің артынан ене барушы еді), «бармаймын, аталарың кетсін үйден» деп талап қойып отыр.


Мұндайда не істеуге болады, түсінбеймін. Онсыз да өз бала-шағамыздың тәрбиесіне алаңдап отырғанда ата-енемнің жайы да қосымша болып жанымызға батып отыр, - дейді қамыққан келіншек.


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Ойнап айтам деп үйленіп кеттім»: Шымкенттік жігіт әзілдеймін деп өкініп қалды


"Өзімді өзім алып қаштым": Сарыағаштық бойжеткен қандай тәуекелге барғанын айтты