«Айына 500 мың теңге жалақы береміз деген»: тараздық бойжеткен қалай алданғанын айтты

0
1 412

​Оның оқиғасы жастарды жамандықтан сақтандырады.


«Айына 500 мың теңге жалақы береміз деген»: тараздық бойжеткен қалай алданғанын айтты

(Сурет ашық дереккөзден алынды)

«Жамандық аяқ астында» деген рас екен. Ойламаған жерден оңбай қателестім. Алты жыл бұрын жіберген қателігімді айтып берсем, тез байып кетуді ойлайтын жастарға сабақ болар», - деп бастады әңгімесін Орынша есімді бойжеткен.



Ол басына пәле тілеп алған оқиғасын ERNUR.KZ тілшісіне тарқатып, кеңінен айтып берді:

«Жоғары оқу орнына түскен соң ата-анама салмақ салмайын, өзім де жұмыс істейін деген ниетпен жан-жағыма қарай бастадым. Жұмыс іздеп жүріп бейтаныс бір адамдардың ұсынысын қабыл көруді жөн санадым. Олар зат тасып жүріп бір айда жарты миллион жалақы таба алатынымды айтты. Сөздеріне сендім. Киім кешек, тұрмысқа қажетті заттар ғой, еңбек еткенге бұл да жақсы деп ойладым.

Бірақ басыма түскен қиындықтың себебі осы жұмысымнан болды. Мен өзімше халыққа қажетті заттарды әрі-бері тасып жүрмін деп ойласам, оңбай алданып келіппін. Сөмкенің ішінде есірткі болады деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмепті. Тіпті жап-жақсы ақша төлейтінін білсем де ондай ойға бармаппын. Ай сайын 500 мың теңге төлейтінін естігенде есім шығып, басым айналып қалған ғой. Ол кезде бұндай жалақы әжептеуір еді.

Материалдық жағдайымды біршама жөндеп аламын ғой деген мақсаттар да құрып қойған болатынмын. Жылтырағанға қызығып жүріп, бір күні полицияның құрығына түскенімді аңғармай қалдым.

«Бұл қалай болғаны?» деп ойым сан саққа кетті. Сонда ең болмағанда менде кішкене болса да күдік болмағаны ма? Бұл неғылған батпан құйрық деп ойланбағаным ба?

Сұрақ көп. Жауап жоқ. Ол менің ақымақтығымның, аңғалдығымның жемісі. Бейтаныс, өмірімде бұрын-соңды көрмеген, сырын білмейтін адамдарға неліктен сендім екен деп өзімді жегідей жей бастадым. Бірақ өкінгеннен не пайда? Болған іс болды. Енді одан қалай шығамын, білмеймін.

Үлкен өмірге енді ғана қадам басып келе жатқан шағымда осындай қателікке ұрындым. Ал мен жастық шағымды түрмеде өткізгім келмейді. Ол жақта не күтіп тұрғанын ойлаудың өзі қорқынышты.

Үйдегілер хабардар болды. Кепілдікке ақша қойып, мені уақытша шығарып алды. Адвокат жалдады. Ол екі жол бар екенін айтты. Бірі әрине түрме, ал екіншісі менің алданып қалғанымды дәлелдеу. Бірақ ол үшін адвокат 5 миллион теңге сұрады.

Мен ондай ақшаны қайдан таппақпын? Әке-шешемнің жағдайы мәз емес, көмек қолын созатын ешкім жоқ. Тіпті кейбіреулер адвокатқа сенбеді. «Сені ақтап ала алмаса ақшаны қайтарамйды» дегендер көп болды.

Не істерімді білмей басым қатты. Әрине заң тұрғысында қарасақ, менің әрекетім қылмыс. Алайда мен оны білген жоқпын. Алданып қалдым. Демек мен мұны әдейі жасаған жоқпын ғой. Бірақ менің сөзіме ешкім сенбейді.

Не де болса адвокаттың сөзіне сенейік деп, әкем несие алды. Өзінің және анамның атынан несие алып, адвокатқа берді.

Тәптіштеп айтпай-ақ қояйын. Мен ақталып шықтым. Анама, әкеме артық жүк болып, оларды қарызға кіргізіп жібергенім үшін өзімді жазғырдым. Бұл оқиға мені есейтіп жібергендей. Тынбай жұмыс істедім. Бірақ азын-аулақ жалақым әйтеуір жетпеді.

Содан бері 6 жыл уақыт өтті. Кеше банктен алынған несиені толық төлеп біттік. Есептесем, анам да, әкем де, мен де бар тапқанымызды несиеге құйыппыз. Сол ақшаға қаладан баспана да, көлік те алуға болар еді деп, іштей күйінем. Бірақ өзім кінәлімін. Тез байып кетем деп ойлап, керісінше қарызға баттым.

Алты жылдың ішінде әр ай сайын несиені төлейтін уақыт келгенде, әке-шешемнің түрін көріп, өзімді жек көріп кететінмін. Осынша жыл өзімді кінәлау, айыптау – үлкен азап. Қазір шүкір, несиеден құтылдық. Бірақ «Аңғалдықпен алданып қалмағанымда ғой, неге жалақысы аз жұмыс істеп-ақ жүре бермедім» деп өкінем.

Айтайын дегенім, ешқашан танымайтын адамдардың ұсынысын бірден қабылдамау керек. Әбден сүзгіден өткізіп, ойлану қажет. Үлкендермен ақылдасқан дұрыс. Әсіресе, жас қыздар мен жігіттер осы мәселеге келгенде өте сақ болса деймін.

Жастардың албырттығын көбінесе алаяқтар, есірткі тасымалдайтын әккілер пайдаланғысы келеді. Олардың адамды аяйтын сипаттары жоқ. Жүректерін әбден ақша жаулап алған, дүние десе туғанын да сата салуға дайын.

Нақты қай жерде тұратындарынан хабарым жоқ. Ақырында көзден ғайып болғандай жоқ болып кетті. Қаршадай қызды бір қалта есірткімен қалдырып, осындай қиын жағдайға душар етті. Сол кезде қалай абдырап қалғанымды білсеңіз ғой. Өзімді қорғансыз айдаладағы аш қасқырлардың арасында қалғандай сезіндім. Ағыл-тегіл жылағанымды білемін. Миым болған жағдайды қабылдар емес. Қатты қорықтым...

Сол оқиғадан мен үлкен сабақ алдым. Адал еңбекпен тапқан азын-аулақ тиын тебеннің өзі қандай жақсы екенін түсіндім. Енді әр қадамымды ойланып басам деп өзіме уәде бердім. Тфә-тфә алты жыл болды, жамандықтан аулақпын...»



Ұқсас оқиғалар:


«Өлген адамның ішкиіміне таласты»: шымкенттік әйел сұмдық жайтқа куә болғанын айтты

«Отбасылы әйел менің күйеуіммен жүреді»: шымкенттік келіншек көпшіліктен ақыл сұрайды