​«Әкем бөтен әйелмен жатты»: мұғалім келіншек бала кезде әкесінінің қылығы үшін "біртүрлі қыз" атанған

0
3 009

«Сұлу қыз-келіншектің бәрі маған "бұзылған" боп көрінетін...»


​«Әкем бөтен әйелмен жатты»: мұғалім келіншек бала кезде әкесінінің қылығы үшін
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Менің Зәмира деген атыма бала күнімнен «біртүрлі», «ауыш» деген ат жабысқан. Мектептегі әр қылығыма апайлар «Осы қыз біртүрлі өзі» деп баға беретін. Менің «біртүрлі» боп өсуіме бала күнімдегі бір оқиға себеп болған еді», - дейді Зәмира есімді оқырманымыз.


Бүгінде бір мектепте психолог боп істейтін келіншек ERNUR.KZ тілшісіне өз басынан өткен жағдайды жасырмай айтып берді.


«Кішкентайымнан әкеме жақын боп өстім. Оның да мен дегенде шығарға жаны бөлек еді. Ауылдың «автобазасында» шопыр боп істейтін әкем келмей кешкі асымды ішпеуші едім. Арамыздағы салқындық бір оқиғадан кейін мүлдем суып кетті.


Үшіншіге өткен кезім, мектептен келе жатып есік алдымда әкемнің көлігін байқап қалдым. Сапарға шыққанда үнемі маған сыйлығын ала келетін. Бойымда сағыныш, ойымда базарлық боп үйге құстай ұшып жеттім. Келсем ата-анамның жатын бөлмесінен біртүрлі дыбыс шығып жатыр. Жетіп бардым, бірақ сол қылығыма қатты өкінемін. Бекер-ақ кірген екем. Бейтаныс сұлу әйел мен әкемнің төсекте тырдай жалаңаш жатқанын көрмей-ақ қоюым керек еді. Көз алдымда әкеме деген кіршіксіз көңіліме біреу кеп жуынды төгіп кеткендей күйге түстім. «Шық бөлмеден, неге кіресің! Құры деймін, ұятсыз!» деп әкем маған алғаш рет жекіп тастады.


Шыққаннан жүгіріп, көрші көшедегі қараусыз қалып кеткен Жамал апаның жаман үйінде қас қарайғанша отырдым. Бала болсам да әкемнің тірлігінің дұрыс еместігін түсіндім, шешемді аядым. Бір уақта қарным ашып, бұзылған үйден елегізіп, амал жоқ үйге келдім. Шешем мені іздеп шарқ ұрған екен, «қайда жүрсің, қаңғыбас, іздемеген жеріміз жоқ» деп тамды айналдыра қуып, төмпештеп алды. Әкем жатып, ұйықтап қапты. Әрине, ол болған істі ешкімге айтпаған. Маған оның шешеме опасыздығы емес, менен ұялмай, керісінше жекіп тастағаны қатты өтіп кетті. Осы күннен бастап мен әкемді жек көріп кеттім.


Сол күннен бастап әкеме мүлдем жоламай кеттім. Көпшілік ортада мені құшақтап, еркелете бастаса кеудесінен итеріп жіберетінмін. «Осы қызым біртүрлі өзі» дегенді әкем тауып берді. Мені ақымақ көрсетіп, өзін ақтап алған түрі ғой. Бір күні ешкім жоқта әкем «анада болған оқиғаны шешеңе айтсаң, көзіңе көк шыбын үймелетем» деп жұлқылап тастады. Оның мына қылығына одан бетер ашуым келіп, бар көрген-білгенімді шешеме жеткізіп бердім. Ішімнен ажырасып кетсе дұрыс болар еді, әкемді мүлдем көрмеймін деп қуанғам. Бірақ оным бекер болып шықты. Шешем түк болмағандай кешкі тамағын істеп, күйеуінің бабын жасап жүре берді. «Қателескен ғой, әкеңді бір жолға кешірейік» деп бұл мәселені жылы жауып қоя салды. Қорланып кеттім. Бұл жолы өмірін жалғандықпен құрған әке-шешемнен бірдей жиіркендім.


Бертін келе сұлу әйелдерді көрсем зәбір көрсеткім келіп тұратын «ауру» пайда болды. Мектептегі реңі тәуір мұғалімдердің сөмкесіне тас салып кету, байқатпай аяғынан шалып қалу, сұлу сыныптас қыздардың кітабын ұрлап алу, көрші әйелдер үйге келіп, әкеммен әңгімелесіп қалса үйінде пісіп жатқан тамағына тезек салып кету менің күнделікті тірлігіме айналды. Менің ойымша олардың бәрі сұлу болғаны үшін әйелі бар еркектермен көңілдес болатындай көрінетін. Ал сыныптас сұлу қыздар ертең өскенде жезөкшеге айналады деген түсінік қалыптасқан-тұғын.


Бірде сыныптағы ең сұлу қыздың бұрымын қайшымен кесіп тастадым. Алдымдағы партада отыратын. Үйегі ең өткір қайшыны әкелдім де, өріліп тұрған бұрымын түбінен қиып алдым. Сыныптың іші у-шу, елдің бәрі маған «мынау жынды ма» дегендей қауіппен қарап қалған. Ұстаздарым да менің бұл қылығыма түсінбей, ата-анамды шақырып, біраз уақыт шу болды. Ал мен өзімді кінәлі сезінген жоқпын, керісінше, әділдік орната алатынымды (сол кезде солай ойлағам ғой) барлығы білсін дедім. Ал барша жұрт «мынау шынымен де біртүрлі екен» десті. Осы оқиғадан соң кластастарым менен бойын аулақ ала бастады. Бірте-бірте шететтетіліп мен тәртібі қиын балалармен дос бола бастадым. Бірақ сабағымды жақсы оқыдым.


Бір күні ауылдың шет жағында тұратын, әркіммен ілінісіп, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығатын бір әйелден өш алмақ болдым. «Ол әйел еще ұятсыз, көшеде дәрет сындырып отырғанын көргем» деп жанымдағы дос балаларым қостай кетті. «Олай болса қызын мектептен қайтып келе жатқанда ұстап алып, сабап тастайық» деп тапсырма бердім. Айтқанымнан шықпайтын үш досым кешкісін, қас қарая бергенде әлгі қызды ұрып, сөмкесін жыртып, дап-даласын шығарды. Анасының қылығы үшін баланың жауап бермейтінін сол кезде білмегенбіз ғой. Бейшара қыз бекерге таяқ жеп қалған еді.


Менің кейіннен түзеліп, тура жолға түсуіме әдеби кітаптар себепші болды. Әке-шешемді көрмес үшін бөлмемем қамалып алып, кітап оқи беруші едім. Абайдың, Шәкәрімнің кітаптарын оқып, мағынасын ұққан сайын істеген істерім үшін өкіндім, ұялдым. Сол кітаптар арқылы мен психология деген ғылымға қызығып, күйзеліске түскен адамдарды емдеуге болатынын ұқтым.


Университетті бітірген жылы кеудемдегі әкеме деген «қалың мұз» еріді. Үйге барып, есік алдында бойынан күш-қайраты кеткен әкемді қапсыра құшақтап, әбден жыладым. Бұл сағыныш пен өкініштің көз жасы еді. Ақымақ болыппын. Бар әкеден жерініп, 10 жылдан астам уақытты ішкі егеспен текке өткізіппін. Ішкі әлемді тазалаудың құралы кешірім екен. «Кешір, мені, қызым» деп әкем де бірдеңені сезгендей көзі жасаурап, менің маңдайымнан сүйді. Осы сөзді бала күнімде айтқанда ғой, мен «біртүрлі қыз» деген атты арқаламас едім...


Өкінішке қарай, қазір мектеп жасындағы балалардың арасында бұзақылық басым, қатыгездік жайлап бара жатыр. Өзім білім беретін мектептегі тәртібі нашар балалармен сөйлессем бірі әке-шешесіне өкпелі, енді біріне ата-ана қолдауы, мейірімі жетіспеген. Осының алдын алсақ екен. Балаларыңыз «біртүрлі» боп кетпес үшін, қазірден сырласыңыз, сөйлесіңіз».