"Көп адамның істеп жүргені - жәй ғана жан бағу, тірі қалу... Ал ӨМІР СҮРУ деген басқа..."
Жоқшылықтан құтылу – бүгінде көптің проблемасы. Бірді бірге жалғаймын деп жарғақ құлағы жастыққа тимей, тиын-тебен төлеген кез келген жұмысты істеп нәпақасын айырып жүргендер аз емес.
Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында тұратын Самал есімді келіншек мұндай тіршілікті «өмір сүру» емес, «тірі қалу» деп атайды. Себебі, өзі де бір кездері тек тірі қалу үшін, мына өмірде әйтеуір жан бағу үшін ғана тіршілік еткен. Ал қазір нағыз өмір сүрудің не екенін сезініп жүргенін айтады.
- Айналамда өте көп... Ертеңгі жейтін тамағын табу үшін бүгін 10-12 сағат үй бетін көрмей жұмыс істеу – жәй ғана тіршілік, анығын айтқанда өліп қалмаудың амалы ғана. Ал шын мәнінде өмір сүру – ол басқа, - дейді ол өз басынан өткен қиындықтар мен жоқшылықтан қалай құтылғанын ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелей отырып.
Самалдың қазір 5 баласы бар. Үлкен үшеуін өмірге әкеліп, оларды өсіргенше күйеуі екеуінің істемеген жұмысы қалмаған. Екеуі де тоқсаныншы жылдардың тоқырау жылдарында тоғызжылдық мектепті бітіріп, жоғары білім де ала алмапты.
- Осы уақытқа дейін жоқшылықта өмір сүргеніміз – екеуміздің де анамызға деген реншімізден екен. Екі жыл бұрын кездескен психолог бізге солай деп айтты...
Рас, бойжете бастағаннан киімге не басқаға жарымай жүретін кездерімізде «неге туа берген» деп анама ренжитінмін. Одан кейін оқуға да түсе алмадым, ауылдағы мектепті бітірген соң үйде бала-шағаға қарап қалдым. Екі жылдан соң анам қолымды сұрап келген өзінің бір танысының баласына тұрмысқа беріп жіберді. Ренішім одан сайын артты. Одан кейін сол жоқтың кесірінен тойымыз да болмады. Бір балалы болған соң «өз күндеріңді көріңдер» деп ата-енеміз де бөлек шығарып жіберді.
Жасыратын несі бар, екі рет қана көрген күйеуіме еріксіз тұрмысқа шыққан соң оны басында жаратпайтынмын. Ол заманда алып қашып кеткен талай қыздар осындай тағдырға мойынұсынған. Бірақ бір балалы болған соң оны шынайы ұната бастадым. Әсіресе, бөлек шыққан соң ол мені барынша аялауға, отбасы үшін барын салып асырауға тырысқанда жақсы көріп кеткенмін.
Мерекені бір тал гүл немесе арзан болса да сыйлық әпермей өткізбейді. Менің көңілімді аулағысы кеп тұратын ол маған бір рет те дауыс көтермеген. Ренжіскен кезде сөйлемей қоя салатын.
Екеуміз жоқшылықтың тақсіретін қатты тарттық. Екеумізде де мамандық жоқ, оқымағанбыз. Үш балалы болғанда барып ес жиып, бала тууды қоя тұрып, аяққа тұруға, баспаналы болуға тырысып бақтық. Есіктес тұратын емізулі баласы бар келіншекке ақысын төлеп алды 4 жаста, екіншісі 2,5 жас, кішіміз 1,5 жасында тастап, күйеуімнің саудасына көмектесуге базарға мен де шықтым. Ол тауарды әкеп береді, мен сатамын. Екеулеген соң барып табысымыз бұрынғыдан аздап көбейе бастады. Бірақ ол тек өзімізді асырау үшін ғана жетерлік еді.
Пәтердің ақысы, балаларымызға қараған келіншекке береріміз бар, азық-түлігіміз, жүріп-тұрғанымызға жеткенмен, баспанаға жинауға артылмайтын. Тек тиындап жинағанымыз болмаса, үй алу үшін бізге одан да көп табыс табу қажет еді, - дейді Самал өткен өмірінің естеліктерін әңгімелей отырып.
Айтуынша, оның күйеуінің де анасымен қарым-қатынасы дұрыс болмаған. Жиі сөзге келісіп, ортақ келісімге келе алмайды екен.
- Келін болып түскен сәттен байқағаным, күйеуім анасымен жиі сөзге келісіп қала береді екен. 10 жасқа келгенше қара шаңырақта өскен ол ата-әжесі қайтыс болған соң өз әке-шешесінің қолына келген. «Содан ба, әйтеуір анамды жеңгем сияқты көремін» дейтін. Оның үстіне енем де тұңғышынан гөрі басқа балаларын жақын тартатыны анық көрініп тұрады. Сырттай қараған адамға күйеуім ол үйдің өгей баласы секілді көрінеді.
Бөлек шыққан соң да күйеуімнің анасына деген реніші барын жиі байқайтынмын. Бірақ сол реніштің аяғымызды байлап, қолымызға тұсау болатынын білмеген екенбіз.
Әупірімдеп жүріп ипотекаға екі бөлмелі пәтер алдық. Оны да мемлекеттік мекемеде жұмыс істейтін қайнымыздың атынан алғанбыз. Ол үйленген соң келіншегі «өзіміз үй ала алмай қалатын болдық» деп шу шығарып, ағайынның арасы да біраз уақыт жақсы болмай қалды. Өзімізді қуып жіберіп, үйді тартып ала ма деп қорқып едік, тағы атамыз араласып шаруа оңынан бітті. Кейде сауда болмай қалғанда күйеуім жүк тасушы болып та жұмыс істеді. Мен де подъезд бен ауланы сыпыратын болып келісіп, қосымша қаражат табудың барлық жолын істеп бақтық.
Демалыссыз, тынбай сауда істеп жүрген адам не оңсын?! Менің қыңқыл-сыңқылым көбейді. Оның үстіне балалар жасөспірім жасқа жеткенде оларға да қарау керек болды. Соның барлығын ептей алмай жүргенде жүйкең де тозады. Әрі тартсаң оған, бері тартсаң бұған жетпей ұрысып қала беретін болдық.
Бірде бір клиент тауар сатып алып тұрып «Жүйкеңізді тоздырып жүрген ақша ма?» деп сұраған. «Есі дұрыс па, басқа не болушы еді?!» деген оймен «иә» деп дүңк ете қалдым. «Неге жетпейтінінің себебін тауып берейін бе?» деп күлімдеп тұрған келіншекті басында айғай салып ұрысып қуып жібергім кеп тұрған. Бірақ көзіне көзім түскенде жүрегім жібіп кетті ме, басымды изей беріппін. Телефон нөмірін жазып берді де, жексенбі күнге кездесуге шақырды. Сол әйелмен кездесуді асыға күттім, неге екенін...
Самал бұрын-соңды психолог деген маманға жүгінбегенін, олардың қызметі не екенін де түсінбегенін айтады. Бірінші рет психологтың қабылдауында болған күні ерекше толқыпты.
- «Сізге не жетпей жүр? Ең қатты керек болып жүрген не нәрсе?» деген сұрағына бірден «ақша» дедім. Тағы біраз сұрақтар қойып отырды да, мәселенің барлығы анама деген реніштің жиналып қалғанынан, қаржылай қиындыққа сол себепті жиі тап болатынымды айтты. Бірінші кездесуде менен ақша алған жоқ. «Үйге барып анаңызға не үшін ренжулі екеніңізді жақсылап ойланыңыз» деп қайтарды. Ертеңіне түс шамасында кездестік. Қолымнан ұстап отырып бала күнімдегі бүткіл ренішімді айтқызды. Басында маған біртүрлі боп көрінген, бір қарасам, ебіл-дебілім шығып жылап отырмын.
Әйтеуір, сондай ауыр жылдарда өмірге келгеніме анамды кінәлап, ол менің жүрегімде түйін болып қала беріпті. Қайта ауыр кезеңде аш қалдырмай, әупірімдеп асырап жеткізген анама разы болудың орнына ренішім қаттала берген екен. Писихолгтың айтуынша, адамның анасымен қарым-қатынасы нашарлаған сайын ақша келетін жолдар жабыла береді.
Үшінші рет кездескенде анамды іштей кешіруімді, мүмкін болса, барып кешірім сұрап, оны қуантып кетуім керек екенін айтты. Өте бір биязы әйел, айтқанының барлығын орындатты да, «содан кейін ақшаның көзі ашылып, өзі келе бастайды, өзіңіз-ақ сыйлық беріп кетесіз маған» деп күлді.
Сол күні түнімен анамнан кешірім сұрап, өзімнің қате жасап жүргенімді, бірдеңе болса бәріне анамды кінәлап шыға келетінімді түсіндім. Өзіме сырттай қарап баға бердім. Ертеңіне бәрін тастап ауылға, қартайған анама қарай жолға шықтым. Оған ешқашан көйлек-орамал әперген емес едім, қосымша жақсы шай мен өткен мерекесін сылтауратып күмістен қос білезік алдым. Менің аяқастынан келіп жарылқап тастағаныма анам да таңданып, көңілі толқыды ма, көзінің жасын сүртіп алды. Түнде қасына жатып, бірінші рет құшақтап жаттым. Ертеңіне анам жыламсырап тұрып батасын беріп шығарып салды. Анам екеуміз ешқашан бұлай жақын болып көрмеппіз.
Сенесіз бе, ауылдан келе жатып үлкен сауда орталығынан ұсыныс түсті. Базардан сондай орынға ауысқым кеп жүрген, қуана келістім. Жаңа орталық болған соң 6 айға дейін салық алынбайды екен. Тамаша мүмкіндік болды. Ертеңіне күйеуімді апардым әлгі психологқа. Үш күн бойы сеанс жасаған соң бір апта өткенде тауар таситын жүк көлігіне қол жеткізді. Солай екеуміз де жеке кәсіпке, екі жақтан табыс келетін мүмкіндікке ие болдық.
Сенбейін десең, саудамыз да дөңгеленіп, теңгенің басы құрала берді. Табысты болған сайын шүкірлік айтып, іштеей алыстағы анама алғыс айта беремін. Қазір сатушылар жалдап, бірнеше сауда орнын ашып қойғанмын. Тағы екі ұл туып алдым. Әлеуметтік желі арқылы үлкенім жарнама жасап, үйден жеткізіп беретін қызметті ашып алдық. Аллаға шүкір, демалатын уақытымыз да бар, бала-шағамен соңғы екі жылда жақын жердегі шетелдерге барып қайттық. Зәулім үй алдық, күйеуім екеумізде де жеке көлік бар. Жағдайымыз жақсы. Өмір сүру дегеннің не екенін енді білдік. Бұрынғымыз жай ғана жан бағу ғана екен, - дейді Самал толқи отырып.
Соның барлығына көзін ашқан психологқа алғысын айтады ол. Сонымен қатар, күйеуі екеуі ата-аналарына жиі алғыс айтып, құрметтеп, барынша олармен жақсы қарым-қатынаста болатынын жеткізді.
«Ата-анаң разы болмаса, ешбір ісің оңбайды. Көзіміз жетті. Көзі тірісінде батасын алып, разылығына ие болу керек, әйтпесе ешбір шаруаң алға баспайды», - деп санайды Самал.
иллюстрациялық суреттер ашық дереккөзден алынды
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:
«Құдалыққа «Ақ тоғыз» апарамыз»: Шымкенттік келіншек тағы бір «жаңалықтың шыққанын» айтып берді