​«"Алып кетіңдер!" деген»: көзі көрмей қалған жамбылдық келіншектен күйеуі мен енесі бас тартқан

0
2 894

Ата-анасыз ба? Әке-шешеңіз бар ма? Онда оқыңыз!


​«

Өмірде адам басына түрлі жағдай түседі. Біреу тура жолдан адасады, біреу жол апатынан соң мүгедек боп қалады. Тағы біреу қатерлі ауруына шалдықса, депрессия салдарынан есі ауысатын, араққа салынатындар бар. Бәрі бас тартқанда перзентін далаға тастамайтын – ата-ана ғана.

Өкінішке орай, әке-шешесі ауырып қалғанда ақшасын ғана емес, тым болмаса уақытын бөлетін перзент көп емес.

Қарлығаш та бұрын «өзі бола қалғандай» ата-анасын ұмытып кеткен екен. Ал қиын жағдайға тап болғанда ата-анасынан басқа ешкім керек етпепті.



Бұл туралы ол ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді:

«Үйдің ортаншысымын. Сондықтан болар, әке-шешем мені елене онша елей қоймайтын. Тұңғышы мен ең кенжетайына ерекше көңіл бөліп, көбіне мен шетте қалатынмын. Тіпті мамандық таңдауда да менен басқа перзенттерінің болашағына басқаша алаңдаса, мен мектеп бітіретін кезде «Өзіңе ұнаған оқуға түсе сал» деген. Әке-шешемнің осындай көзқарасынан соң «Менің тағдырым оларға бес тиын. Мен әке-шешеме керек емеспін» деген түсінік қалыптасқан еді.

Әлі есімде, үлкен әпкем сыныптастарының туған күніне немесе мектептегі «Күзгі балға» кетсе, әкем мен шешем ұйықтамай күтіп отыратын. Ағам мен інімді де солай бақылап, сәл кешіксе мазалары қашатын. Мен де бойжеттім, би кешіне бардым, кешқұрым қыдырдым. Әдейі түнделетіп келем. Анам көз ілмей күтіп отырған шығар, әкем «Қайда жүрсің?» деп ұрсар деп, терезеден үйге кірем. Бірақ олар алаңсыз ұйықтап жататын. Тіпті ертеңіне «сағат нешеде келдің?» деп те сұрамайтын еді.

Үйдегі көптеген жауапкершіліктен де сырт қалатынмын. Ата-анам маған жұмыс тапсырмағанына, жауаптылық жүктемегеніне қуанғаныммен, кейде олар қашанда мені өзге перзенттеріндей жақсы көрмейтін секілді боп түйілетін. Ата-анама деген балалық реніш мені жалқы жүруге итермеледі.

Жаным жалғызсырағаннан болар, мен бірінші курста оқып жүрген шағымда тұрмысқа шығып кеттім. Күйеуіммен оқудан қайтып келе жатып, жолаушылар таситын газельде таныстым. Көрші ауылда тұрады екен. Менен үш жас үлкен. Сөзіміз жарасты. Содан соң екі рет кездестік те, ол ұсыныс айтты. Үйінің жалғыз ұлы екенін естігенде ойланбастан келістім. Өйткені мен ата-енемнің жалғыз келіні болсам, елеулі, қалаулы болам деп ойладым.

Босаға аттадым. Ата-енеммен қара шаңырақта тұрып жаттық. Үйде мені көп жұмсамағандықтан, білмейтінім көп еді. Бірақ бағыма орай, енем үйретуден жалықпады. Мен де қолымнан келмейтінді мойындаудан, білмейтінімді сұраудан ұялған жоқпын. Әрине, бастапқыда енем сөзбен айтпаса да көзімен тірліктеріме көңілі толмағанын байқататын. Әйткенмен, менде бала кезімнен бойымда бар үйренуге, білуге деген құштарлықтың арқасында ас әзірлеуді, қонақ күтуді, үй тазалауды жылдам үйреніп алдым.

Енем жылы сөз айтса марқайып қалатынмын. Мен оны өз анамдай көрдім. Жо-жоқ, анамнан да артық тұттым. «Сіз», «біз» деп сыйласып, сыр ақтарысатын күндеріміз көп еді. Енем қызындай көрген соң мен де өз міндетімді мейлінше мінсіз орындауға барымды салатынмын. Күйеуімнің де айтқанын екі етпедім. Ата-анамнан артық мейірім көрсеткен осындай адамдармен тағдырым қосылғанына күнде тәубе етіп, Жаратушыға шүкір айтатынмын.

фото: fazarosta.com

Тұңғышым өмірге келді. Екінші перзентімді өмірге әкелгенге дейінгі күндерім мәнді, мағыналы, бақытты өтті. Ал екінші перзентімді босанғаннан кейін денсаулығым да, адамдар да өзгерді.

Перзентханадан шығарда көзімнің «шырағы» нашарлағанын байқадым. Бірақ алаңдай қойған жоқпын. Екі аптадан соң көзім мүлде көрмей қалды. Сол күні орнымнан түрегеле бергенімде басым айналып, көзім қарауытты да еденге құладым. «Жедел жәрдем» келді. Бастапқыда дәрігерлер де, енем де бұны жүктіліктен кейінгі әлсіздікке, қаназдыққа балады. «Қалпына келер» деп күтті. Бәрінен де баламды ұстап отырғаныммен, оның түрін көрмеу жаныма қатты батты.

Төсекке таңылып, өзгенің жетелеуіне, көмегіне мәжбүр боп қалам деп кім ойлаған?! Тысқа шығар болсам, күйеуіме айтам. Бірде енем, бірде күйеуім жетектейді. Қолымнан сүйеп жетелеп жүрді. Дәрігерге тексерілу бару, ем қабылдау ұзаққа созылды. Күйеуім жалықты, енем шаршады.

Есептесем, олар екі айдан соң-ақ менен күдер үзді. Күйеуім баламызды киіндіруге көмектессе де, жаулығымды түзесе де терең күрсінетін. Өтініш айта қалсам ашуланып шыға келетін болды. Енем асымды алдыма тосып, қасық ұсынғанда оның тынысынан жақтырмай отырғанын сезетінмін.

Олар мені масыл адамға балайтынын ашық білдіре бастады. Қор болғаныма налып, оңашада екі көзіме ерік беремін. Әрине, шыдамның да шегі бар, оларды түсінемін. Соқыр әйел, ауру келін кімге керек?

Мен ата-енеме, күйеуіме, олардың туыстарының кейбір сөздеріне түсіністікпен қарауға және кешірімді болуға өзімді көндіріп жүрдім. Алайда енем мен күйеуімнің оңашада күбірлесіп сөйлесетіні жиілей бастағанда өзімнің бұл босағаға қажет болмай қалғанымды білдім.

Жылы-жұмсақ сөздерін аямайтын енем жекіріп сөйлейтін болды. Күйеуім қасымда отырса да жауап қатпайды. Тіпті жаныма жуымай да қойды. Емделу туралы, операция жасау жөнінде сөз қозғасам, ұрсып береді.

фото: s.hdnux.com

Өзгеге күнін қараған соң қиын екен. Енемнің де, күйеуімнің де күрсінгенін, кейігенін естіген сайын өзіме қол жұмсағым келетін. Жаным қиналып жүргенде бір күні әке-шешем келіп мені алып кетті. Ата-енем «Қыздарыңызды алып кетіңіздер» депті.

Әке-шешемнің үйіне келгеннен соң кәдімгідей тынысым кеңейгендей күй кештім. Қандай тамақ жегім келетінін де, шөлдесем де еркін әрі жасырмай айта алдым. Анам түнімен бесік тербетеді. Әкем күнде «Уайымдама. Емделмейтін ауру жоқ. Қос шырағың қайтадан жанады әлі-ақ» деп сөзімен мені жұбатады.

Әке-шешемнің түрін көрмесем де, мейірімін, махаббатын сезіп жылап қалам. Сол күнге дейін ата-анам мені жақсы көрмейді деп ойлағаным үшін өзімді жазғырып жылаймын. Енем мен күйеуім сияқты мені ешкім жақсы көрмейді деп ойлағаным есіме түсіп кетеді де, жасымды тыя алмаймын.

Әрбір адамды өз ата-анасынан артық ешкім түсінбейтінін және дәл ол екеуіндей өзгенің жаны ашымайтынын ұқтым және олар мені өзге перзенттерінен кем көрмейтініне көзім жетті.

Несін айтайын, әкем жетектеп жүріп медициналық тексерілуден өткізді. Алматыға, Нұр-Сұлтан қаласына апарып, білікті мамандардан кеңес алды. Уақыт та, қаржы да көп жұмсалды. Бірақ анамның не әкемнің кейігенін, мені масыл көргенін сезген жоқпын. Өзімді ыңғайсыз, қажетсіз сезінгенде әке-шешемнің оңаша күбіріне талай рет құлақ түргенмін. Екеуі де бір Аллаға жалбарынып, менің қос жанарыма нұр тілеп отыратын.

Әкем тамыр-таныс жағалап, білікті дәрігер тауып, көзіме операция жасалды. Операция алдында да, одан кейін де ем қабылдадым. Жанарымның нұры қалпына келді. Шүкір, тәубе деймін. Бірақ әке-шешем қайталана ма деп қорқып, маған ауыр жұмыс істетпей, балаша күтіп отыр.

Мен үшін ғасырдай болған осы бір уақытты санамаласам, небәрі сегіз ай көзім көрмеген екен. Аз ғана уақытқа созылған соқырлық маған көп нәрсенің қадірін ұқтырды. Біріншіден, өз әке-шешеңдей ешкім қамқорлық жасамайтынына, олар секілді ешқандай жан жүрегімен сүйе алмайтынын түсіндім.

Басқаларға тек денсаулығың бар кезде, пайдаң тиетін уақытта, қолыңнан іс келсе ғана қажетсің. Ал ата-анаға амандығыңының өзі зор бақыт. Перзентінен одан артық ешнәрсе керек емес оларға.

Содан бері бір жыл уақыт өтті. Денсаулығым жоқ кезде, жұмысқа жарамай қалғанымда керек етпеген күйеуім балаларын көруге жиі келіп жүр. Әнеугүні енем де «Немерелімді сағындым» деп келіп кетті. Ол кетерінде «Үйге қашан қайтасыңдар?» деді. Мен не дерімді білмедім. Өйткені біз заңды түрде ажыраспағанбыз. Қайта барғаным дұрыс па, жоқ па, білмеймін...»


Қарлығаш қандай шешім қабылдарын білмей отыр. Оның орнында болсаңыз, сіз қайта барар ма едіңіз?


Ұқсас оқиғалар:


«Әйелімнен қорқамын»: алматылық азамат себебін айтты


«Ақша өзінен-өзі келе бастады»: Елордалық келіншек кедейліктен қалай құтылғанын айтты