«Аямай ұрып, жарақаттап тастаған»: анасынан мейірім көрмей өскен бойжеткен сырын жайып салды

0
2 367

«Бірақ ініме ерекше мейірімді...»


«Аямай ұрып, жарақаттап тастаған»: анасынан мейірім көрмей өскен бойжеткен сырын жайып салды
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Жасым жиырма екіде. Әлі тұрмысқа шыққан жоқпын. Біреумен кездесуге, бір үйдің келіні болуға жүрексінемін. Қолымнан түк келмейтін адам сияқтымын, себебі анам үнемі мені солай сынап отырады», - дейді ERNUR.KZ редакциясына хабарласқан Меруерт есімді шымкенттік бойжеткен.


Бала күннен анасының қорлығын көріп өскен қыз «болашағым бұлыңғыр» деп налып отыр. Басынан өткен оқиғаны ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Мен үйдің тұңғышымын және ұзақ жылдар бойы жалғыз сәбиі болдым. Әдетте бір үйдің жалғызы ерке, айналасындағыларға айтқанын істететін бала болмай ма? Мен ондайды көрген жоқпын. Еркеліктің не екенін білмей өстім. Әкем күні-түні жұмыс істеп, үй бетін көрмейтін. Анам үй шаруасындағы әйел болғандықтан, менің тәрбиеммен айналысты. Тәрбие дейтіндей анау айтқан тәрбиесін көрмеппін. Жеті жасымнан «ыдысты дұрыс жумадың, үйді шала тазаладың» деп оқтаудың астына алатын. Кейін ойлап қарасам, анам маған ешқашан «Қызым, мынаны былай істейсің» деп бір нәрсені түсіндіріп, үйретпеген екен. Оны қойшы, тіпті «Қызым» деп айтқанын естімегенмін. Қашан көрсең «Былшылдатып жей бермеші, шошқадай боп семіріп барасың», «Маған осы киім жарасады, сұлумын деп ойлайсың ба?»,«Қолыңнан түк келмейтін топассың сен!», «Көзіме күйік болмай өлгенің артық еді» деген сөздерді ғана естіп өстім. Сабағыма да үнемі көңілі толмайтын.


Әлі есімде, екінші сыныпты бітіргелі жатқам. Үйге ата-әжем қыдырып келіп, маған тәтті кукуруз әкелген. Анам соның жартысын ыдысқа салып берді де, қалғанын менің бойым жетпейтін биікке қоя салды. Баламын ғой, дәмі тіл үйіретін кукурузды жегім келіп, үстелдің үстіне шығып, алып жатқан едім, жанында тұрған «заварка» жерге құлады да, жерге моншақтай шашылып кетті. Оны көрген анамның сол кездегі түрін айта алмаймын. Қорқынышты еді.

«Сорлы, бейшара, түк көрмеген албасты. Тамақтан өлдің бе? Жаныңды шығарайын!» деп дереу қолына түскен затпен қолыма ұрды. Бір-екі саусағым жараланып, қорыққаннан талып қалғанмын. Кешкісін әкем келіп, менің өксігімді әрең басып еді. Балалық шағым – өмірімнің ең қиын кезеңі болды...


Біраз жылдардан кейін отбасымызда тағы бір сәби дүниеге келді. Анам ұлды болған жылы менің тәрбиеммен айналысуға уақыты да, қауқары да болған жоқ. Шынымды айтсам, тіпті сол кезде оның мінезі жұмсарғандай болды. Інімді ерекше қатты жақсы көрді. Оның біреуге кіршіксіз махаббатпен, жылы шыраймен қарағанын бірінші рет сол кезде байқадым. Жүзіндегі күлкісі шынайы екенін сездім. Десе де, ешқашан әке-шешемді інімнен қызғанып көрмегенмін. Керісінше, оларға қуаныш сыйлап, бақытты ететін жанның пайда болғанына қуандым. Бұл сәби әке-шешемнің арасын жалғағандай болды. Себебі жұмыстан шаршап келетін әкемді анам сөзімен түйреп отыратын. Әкем қой аузынан шөп алмайтын, жуас кісі. Әрқашан біздің көңілімізге қарап жүреді. Кейде анамның ауыр мінезін көтере алмай қалатын да шығар, кім білсін...


Қиналған сәттерімде көзіме жас алып, оңашада өз-өзіммен тілдесетінмін. Анамның мұндай қылықтары жайлы ешбір жанға тіс жармадым. Әлі бала болсам да, оның іс-әрекеттерінің дұрыс емес екенін сезетінмін. Жасөспірім кезімде қиналғаным есімде. Анам менің өмір сүргенімді қаламайтындай көрінетін. Үнемі титығыма тиетін сөздер айтып, жүріс-тұрысымды қатты қадағалайтын. Оны шынайы жек көріп кеткен кездерім де болатын.

Қызының мұңайған сәтінде жанынан табылып, ақыл-кеңес берген құрбымның анасын көргенде таңданып, ерекше тамсанғанмын. Ол бойжеткен қызын сәбише еркелетіп, мейірімін төгіп отыр. Ал мен жүрегім қан жылап, «анам неге соншалықты тасжүрек болды екен» деп ойланып қалатынмын. Өзге балалар секілді анаммен сыр шертіскім келді. Бірақ сол күйі оның махаббатынан мақұрым қалдым.


Ата-анамен болған қарым-қатынас кейінгі өміріңе әжептеуір әсер етеді екен. Мектепті бітіріп, университетке түскеннен бері бала күнгі көрген теперішімнің зардабын тартып жатырмын. Ешкіммен араласқым келмейді, студенттердің арасында өз ойымды ашып айта алмаймын. Құрбыларымды туған күнмен құттықтағанның өзінде үзіп-созып, әрең жеткіземін. Осы нәрседен тегі арыла алмай-ақ қойдым. «Мен әдемі емеспін. Ақымақпын. Қолымнан ештеңе келер емес, маған үнемі елдің соңы болып жүру жазылған» деген ойлар маза бермейді.


Жасым жиырмадан асса да анама барып еркелеп, алдына басымды қойып жатқым келеді. «Мені неге жек көресіз?» деп сұрағым, сырласқым келеді. Бірақ арамызда көзге көрінбейтін бір перде бар сияқты. Тартпайды. Екеуміздің арамыз сол күйі суық. Осыншама жылдар бойы неліктен анамның маған жүрегі жылымай қойды? Мен не жаздым? Бұл сұрақтардың жауабын қанша іздесем де, таба алмадым.


Күйеуге тисем, енем де шешем сияқты нұқып, әр тірлігімнен мін іздеп отыратын шығар. Күйеуіме жақпай қалсам қайтемін? Одан да құлақ тыныш, ми ашымай жалғыз жүргенім жөн деп ойлаймын. Бірақ қартайғанда жалғыз қалудан қорқамын. Балалы болып, ана атанғым келеді. Ана болсам балама өзім көрген қатыгездікті көрсетпеймін деп армандап қоямын.


Жақында әлеуметтік желі арқылы ата-анасының мейіріміне бөленбей өскен балалардың тобын тауып алдым. Олар бір-біріне сырын айтып, психологиялық көмек көрсетеді екен. Айтайын дегенім, мен сияқты қазақ балалары өте көп екен. Орыстар некен-саяқ. Осы себепті өздеріңізге хат жазып, шер тарқатқым келді.


Құрметті ата-ана, баланы өмірге әкелдіңіз бе, ендеше мейіріміңізді төгуге, онымен санасуға, сырласыңздаршы. Бұл баланың алдағы өмірі үшін ауадай қажет. Қартайғанда қатыгез, мейірімсіз баланың қолына қарап қалғыңыз келмесе, бойыңызда күш-қуат барда ізгіліктің дәнін себуге асығыңыз!»