«Ажырасуды ойлайтын қыздардан қорқатынмын»: талдықорғандық жігіт неліктен кеш үйленгенін айтты

0
3 889

​Ажырасқан жағдайда мүлікті бөлісе алмау жағдайының алдын алу үшін бұны білген дұрыс.


«Ажырасуды ойлайтын қыздардан қорқатынмын»: талдықорғандық жігіт неліктен кеш үйленгенін айтты

Бүгінде жасы 40-тан асса да үйленбей жүргендердің арасында үйлі-күйлі жандар көп. Олар сәтті тұрмысқа шығуды емес, сәтті ажырасуды ойлайтын қыздардан қорқатын көрінеді. Сізді де мүліктің бөліске түсуі қорқыта ма?

Онда талдықорғандық Дәулеттің қолданған әдісіне жүгініп көріңіз. Ол «Егер қыздың өзі ұтымды ұсыныс айтпағанда мен әлі бойдақ боп жүрер едім. Бұны ертерек білмегеніме өкінемін», - дейді. Ол қандай ұсыныс?



Дәулет бұл туралы ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді:

«Бала кезімде қиыншылықты көп көріп өстім. Қандай жетістікке жетсем де бәрі тек еңбектің арқасында деп айта аламын. Студент кезімде-ақ еңбекқорлығыма қызыққан апайлар қызымен, сіңлісімен таныстыра бастады. Бірақ мен қыздармен танысудан қаштым.

Өйткені сол кездерде ерте үйленген группаластарымның басты отбасылық мәселесі, ұрыс-керіс тақырыбы да – баспана болатын. Келіншектерінің «Қашанғы пәтерден-пәтерге көшіп жүреміз. Бұндай боларын білгенде баспанасы бар жігітке тұрмысқа шығар едім ғой» деген сөздерінен қашып, бойдақ жігіттердің пәтеріне қонып қалатын достарым көп еді.

Пәтерде жүрген барлық келіншек бұндай сөзді айтатын шығар, бірақ мен шын сүйсе бәріне көнеді, шыдайды деп ойлаушы едім. Ақ қаздар арасынан аққуымды адаспай тапқанша үйленбеймін деп шештім.

Маман атандым. Жұмысқа орналастым. Алайда іздегенімді таппадым. Әкем үйлендіруге асықтырды. Жеңгелерім жан-жақтан қыздармен таныстырды.

Бір қызды қатты ұнаттым. Үйленем деп жүргенімде бір күні ол «Қайда тұрамыз? Мен жалдамалы пәтерде жүріп бала туғым келмейді» деді. Жас отбасының бәрі пәтерде тұрып жатқанын айтып түсіндірмек болдым. Бірақ ол «Алдымен бір бөлмелі болса да баспана сатып ал, сосын тұрмысқа шығам» деп шарт қойды. Шарт-пұрт ете қалатын мінезім бар, «Осы жерден тоқтата салайық. Жолымыз бір емес екен» деп, кетіп қалдым.

Одан кейін де талай қызбен таныстым, «Үйің бар ма?» деген сұрақты естігенде жынданып кете жаздайтынмын. Байқағаным, баспанам болса кез келген қыз тұрмысқа шығуға дайын.

Бірінші баспана алайын деп ойладым. Айтуға оңай ғой, ақшамды жинап, топтап жетті-ау дегенде, пәтер бағасы қымбаттап кетеді. Сөйтіп жүріп, әйтеуір 27 жасымда алғашқы пәтерімді сатып алдым. Бір бөлмелі пәтер болса да маңдай теріммен, ешкімнің көмегінсіз сатып алғандықтан болар, мен қатты қуандым. Енді жақсы қыз тауып үйленіп алсам, кейін бала саны көбейгенше пәтерді кеңейте берермін деп, қыз іздеуге кірістім.

Мен үйленуді жоспарлап жүргенде жұмыстағы жақын досым ажырасып, әйелімен соттасып жатты. Ол кезде оның екі баласы бар-тұғын. Досымның талай жылдан бері тірнектеп тауып салған үйі сатылымға қойылды. Сот шешімі бойынша ол үйін сатып, келіншегі мен екі баласына пәтер сатып әперді. Қалған ақшасы қаладан ойындағыдай үй сатып алуға жетпегендіктен көлік алды. Аудандағы әке-шешесінің үйіне қаладан қатынап жұмыс істеп жатты.

Сол уақыттарда тағы бір танысым аяқ астынан ажырасып, келіншегі мүлкіне таласып дауласып жатқан еді. Ол үйін, көлігін берсе де әйелі қанағат тұтпай, алиментке арыз жазып, танысымның жалақысын ай сайын сыпырып алып отырды. Алиментті сәл кешіктірсе әйелі қоңырау шалып тыныштық бермейді. Досым аз уақытта-ақ жүнжіп, өзін-өзі жоғалтып алды. Ішімдікке салынып, ақырында жұмысынан шығып кетті. Ол мас кезде «Бұны білгенде ажыраспас едім ғой. Мен бәрінен айырылдым, ал ол балалы әрі үйлі боп алды. Не деген әділетсіздік» деп жиі қайталайтын. Соңғы бір кездескенімізде сот жұмысы жоқ танысымның зейнеткер ата-анасынан алимент өндіруге кіріскенін айтып берді. Бұны естігенде, шошиын дедім. Ертең мен де дәм-тұзым жараспай, ажырасып кетсем, қаншама жылым мен күшімді жұмсаған пәтерімді әйеліме беруім керек пе?

Фото: avatars.mds.yandex.net

Айналамдағы екіге айырылған ерлі-зайыптылардың ортақ мүлікті бөлісу барысында келісімге келе алмай соттан сотқа жүгіріп жүргенін көріп, басымның ондай әуре-сарсаңға түскенін қаламадым. Әр қыздың сөзінен, өзінен қорқып жүргенде уақыт зырлап өтіп, жасым 40-тан асып кеткенін аңғармай қалдым. Бұл кезде бір басымда екі пәтерім бар еді. Бірін жалға беріп қойғанмын. Астымда жаңа көлігім бар. Жағдайымның жақсы екенін естіген қыз-қырқын көбейді, олармен бірге менің қорқынышым да артты. Бұрын үйі, жұмысы, көлігі бола тұра үйленбей жүргендерді көрсем, «Түу, не жүріс? Үлбіреген жас қыздың біріне үйленіп алмай ма екен?..» деп сырттай сөгетінмін. Сөйтсем, олар үйленуден емес, ажырасудан қорқады екен ғой. Мен де солар секілді қорқып жүре берер ме едім, егер қыздардың бірі өзі ұсыныс жасамағанда.

Бұрыннан танитын бір әріптесім «Маған үйленсей» деді. Сегіз жас кіші, жасы отыздан асып қалған әдемі қыз. Сымбатты, көрікті, бірақ мен онымен тек дос ретінде араласатынмын. Бес-алты жыл бірге жұмыс істеп, мен оның мінезін бес саусақтай біліп қалғанмын. Сырымды айтатынмын. Ол менің қорқынышымды жақсы білетін. Сондықтан тиімді ұсыныс айтты.

«Үйленіп көрсей, болмаса ажырасып кетеміз. Қырықтан асқанша үйленбеген еркекке қыздар күмәнмен қарайды, одан да ажырасқан деген ат жақсы емес пе?! Екеуміз де ешнәрсе жоғалтпаймыз. Мүлкің де, дүниең де маған қажет емес. Қорықсаң, неке шартын жаса. Мен ажырасқан жағдайда мүлкіңнің үлесін алмаймын деп қол қойып берем» деді. Неке шарты дегенді еуропалық фильмдерден көргенім болмаса, ол туралы ойламаған екенмін.

Әріптес қыздың айтуынша, біздің елдің заңнамасында да неке шарты бар. Неке шартын тек үйлену алдында ғана емес, некеде тұрған кезде кез келген уақытта жасауға болады екен.

«Қазақстан Республикасының Неке және отбасы туралы кодексінің 40, 41-баптары негізінде әрбір ерлі-зайыпты неке шартын жасауға құқылы. Шартты кез келген уақытта өзгертуге немесе бұзуына болады. Мүлiктiк құқықтарды өз қалауың бойынша айқындайсың. Қаладағы нотариустардың бәрі неке шартын жасап бере алады, бар-жоғы 20-30 мың теңге төлейсің» деді.

Ойланып қалдым. Әрине есеппен тұрмысқа шығатын қыздар бұндай шартқа келісе қоймас. Ал әріптесім – Назым келісіп отыр.

Несін айтайын, үйлендім. Қазір екі баламыз бар. Тұңғышым биыл мектепке барады, екіншісі әлі балабақша жасында. Қатарластарымның есейіп қалған балаларын көргенде, кеш үйленгеніме өкінем. Бірақ кеш те болса үйленгеніме қуанамын.

Соқа басы состиып сүрбойдақ боп жүрген жігіттердің арасында ажырасудан қорқақтап жүргендері болса, неке шартын жасауға кеңес берем. Бұл қыздың сезіммен, әлде есеппен тұрмысқа шыққысы келетінін сынауға да көмектеседі.

Неке шарты жұбайлардың қолда бар мүлкіне және келешекте алатын мүліктеріне де қатысты жасалады. Неке шартында бір-бірінің табыстарына қатысу, неке бұзылған жағдайда әрбір жұбайға тиесілі болатын мүліктерді анықтау, бәрі-бәрін кірістіре аласыз. Тіпті некеде он бес жыл тату-тәтті тұрғанда мүліктің белгілі бір үлесіне ие болатыны жазылса, олар отбасын сақтауға тырысады...»


Талдықорғандық азамат неке шартының ажырасудан кейінгі мәселелерді дау-дамайсыз шешуге ғана емес, некенің ғұмырын ұзақ етуге де сеп болатынын айтты. Ал сіздіңше неке шартын жасасқан дұрыс па?



Ұқсас оқиғалар:


«Ағамды көргім келмейді»: Алып қашудың құрбаны болған келіншек ренішін әлі ұмытпаған


«Аузыма түкірген екен»: Шымкенттік әйел бақытсыздығын ырымнан көреді