Анасы бар адамдарға ой салатын оқиға...
Туған күнде «Анасы бар адамдар қартаймайды. Аналарымыз аман болсын!» деген сөзді тілекке қосатындар көп. Бірақ соның бәрі анасын мезгілінен бұрын қартайтпауды ойлай ма екен?
«Анасының ұзақ өмір сүргенін қалаған перзент не істесе де бірінші «Анамды уайымдатып алмаймын ба?» деп ойлануы керек. Ал істерін істеп алған соң анасын ойлағаннан не пайда?», - дейді түркістандық Гүлбайра есімді ана.
Жасы 60-тан асқан ананың әжім қаптаған беті мен мұңға толы көзіне қарап, 75-80 жасты бересіз. Ол көшеге салмақ өлшейтін таразы қойып, сол арқылы күнделікті нан-суын табады. «Жазда базар алдында салқын көже сатамын. Кейде бәліш пісіріп те сатам. Пісте қуырып сататын едім, қазір оны ешкім алмайды» дейді ол.
Үш ұлы бар болса да жалғыз тұратынын айтқан Гүлбайра ана бұндай халге қалай түскенін ERNUR.KZ тілшісіне баяндап берді:
«Ұлдарым кішкентай кезде оларды қайда барсам да қасымнан қалдырмайтынмын. Қонаққа, дүкенге барсам да, тіпті аулаға шықсам да ертіп жүретінмін. Мен үшін ұлдарым мақтаныш еді.
Ірі денелі, қасы-көзі қап-қара сұлу боп есейді олар. Ұлдарымды көргенде бәрі «Сіздің ұлдарыңыз ба?» деп сұрайтын. «Иә» дегенде кеудемді бір мақтаныш сезім кернейтін еді.
Көршілерім, абысындарым менің үш ұлыма қарап қызығатын. Отырыс, туған күн кештерінде олардан «Үш ұлың Төле, Қазыбек, Әйтеке бидей дана болсын, дара болсын» деген тілектерді талай естідім. «Ертең ұлдарың ержеткенде аяғыңды жерге тигізбей, төбелеріне көтеріп жүретін шығар?! Үш келінді жұмсап, қолыңды ыстық суға малып отырасың» деген тамсанған сөздерін де естідім.
Өзім де солай жорамал жасайтынмын. «Осы ұлдардың арқасында күйеуім екеуміз Меккені де көрерміз» дейтінмін іштей.
Жер бетінде ең қасиетті, ең көркем жер – Меккені көру барлық ата-ананың арманы ғой. Бірақ балаларым мені ең жаман жерге апаратынын білмеппін. Кірген кезде күңіреніп, шыққанда жылап қайтатын жерге қайта-қайта барып жүргенімді ойласам, ішімді күйік жейді.
Тәрбиеден қателік жібердік дей алмаймын. Күйеуім ұлдарына мейлінше қатал болды. Ал оқу үлгерімін қадағалау қажет емес еді. Өйткені балаларым үй тапсырмасын мектепте, әр сабақтан соң-ақ орындап үлгеретін. Олар сондай елгезек және мұғалімнің айтқанын лезде қағып алатын оқушы болды. Бұл меніңше нағашы жұртынан берілген «ген».
Тұңғышым мен екінші балам жоғары оқу орнына өз білімдерімен түсіп, аяқтады. Бірақ екеуі де жалақысы аз жұмысты істегісі келмеді. «Бастапқыда барлық жерде жалақы аз болады. Кейін өзіңді, біліміңді көрсетіп жоғарылайсың. Мәскеу бірден орнатылмаған» деп, әкесі де, мен де талай айттық. Тыңдамады. Дипломды сандыққа салып, екеуі де басқа жұмыстар істеп ақша тауып жүрді. Саудамен де айналысты.
Үлкенім кейін екінші мамандықты оқып, банкке жұмысқа тұрды. Ал екінші ұл сол банктің айналасында жүреді әйтеуір. Сұрасам, ашып айтпайтын.
Екі-үш жылда екеуі де баспаналы болды. Қоныс той да жасап үлгердік. Бірақ екеуі отызға жақындаса да үйленуге асықпады. Қазір ұлдарды ертерек үйлендіріп тастамағаныма өкінем. Сонда мүмкін олар аналарына жаны ашымаса да, әйел, бала-шағалары үшін ақылмен қадам басар ма еді деймін.
Сол күнді ойласам, өзегім өртенеді, ұлдарыма қапа болам. Екі ұлым алаяқтықпен айналысыпты. «Жылдам несие алып берем», «Кепілсіз қомақты несие рәсімдеуге көмектесем» деп, қаншама адамды зар жылатқан. Одан бөлек, банкке несие алуға барған клиенттерді алдаған, үйлерін тартып алған...
Жылатқан адамдары, шағымданушылар көп. Несін айтайын, екеуі де алаяқтық бабымен істі болды. Мүліктері тәркіленді, біреуі он жылға, екіншісі сегіз жылға сотталып кете барды.
Екі ұлымның қолына кісен салып, сот залынан алып кеткенде талып қалдым. Сенесіз бе, бір аптада шашым әппақ боп кетті. Шаштың ағаруы уайымнан болатынын сол кезде түсіндім. Тамақ батпайды, тамағымнан су өтпей қалды. Жылап жата бердім.
Үйге көңіл сұрап келген ағайын-туыс менің түрімді көріп шошып кетті. Шынында бір айда мен бірнеше жылға қартайдым.
Басқа түскенге көндіктік қой. Басқа амал бар ма? Темір тордағы екеудің, сырттағы бір ұлдың амандығын тілеумен күндер өтіп жатты. Үлкен екі ұлдың қателігі кенжеме сабақ болатын шығар деп ойлағанмын. Есіріп бара жатса, ұлдарыма тамақ, дәрі-дәрмек, жылы киім апарарда әдейі үшінші ұлды түрмеге ертіп баратынмын. Санасы бар адамға түрменің қақпасынан кірудің өзі қорқынышты, ойландырады.
Бірақ бұл үшінші ұлыма ой салмады. Ол төртінші курста оқып жүргенде группалас үш-төрт балаға еріп, қаладағы пәтерлерге ұрлыққа түседі. Кілттеулі есіктерді ашып, қымбат заттарды, алтындар мен ақша ұрлаған. Ұлымның айтуынша, екі-ақ пәтерге ұрлыққа түскен. Рас-өтірігін білмеймін, бірақ оның және қасындағылардың мойнына басқа да ұрлықтар ілініп, бірнеше жылды арқалап кетті.
Екі ұлдың шығатын уақытын есептеп, зарығып жүргенде кенжеміздің бұнысы ауыр тиді. Күйеуім бұл ауыртпалықты көтере алмады. Үшінші ұл қамалғанның ертеңіне ол төсектен тұрмады. Күйіктен өлді ғой.
Менің де өлгім келді. Бірақ жан тәтті ғой, өзіңе қол жұмсай алмайсың. Пешенелерінде бар шығар деп өзімді жұбатам. Бірақ темір қапастағы ұлдарымды ойламай да отыра алмаймын. Кінәлаймын, жазғырамын, жылаймын, налимын. Сосын әйтеуір аман жүргендеріне тәуба деп, қиыншылыққа көнем, көндігем.
Бұрын ай сайын барып тұратынмын. Қазір оған шама да, денсаулығым да жоқ. Алты айда бір барам, қайтарда жол бойы егілемін.
Үлкенім шығатын уақыты жақындағанда біреумен төбелесіп, жылы созылып кетті. Екінші балам сәл аурушаңдау еді. Аман шыға ма, жоқ па білмеймін. Ағаларының қате өмірінен сабақ алмаған үшінші ұлыма қатты ренжулімін.
Жалпы, үшеуіне де өкпелімін. Өзім қатарлы әйелдерді көргенде қызығамын. Олар жас боп, күлімдеп жүреді. Ал мен қатты қартайып кеттім.
Ұлдарым өз өмірлерін өздері құртты, бүлдірді. Менің қолымнан не келеді? Соңғы кезде ауруым көбейіп кеткен соң, қалған бір ай немесе бір апта өмірімді уайымсыз өткізейінші деп қоям. Бірақ қайдағы, қолымнан келер емес. Ағайын-туысқанды, көршілерді көргенде күлімсірегім келеді. Бірақ күле алмаймын...»
Ұқсас оқиғалар:
«Күйеуіме ауырмайтын әйел керек»: шымкенттік келіншек қалай күйзеліске түскенін айтты
«Ата-енем АҚША СҰРАЙ БЕРДІ»: алматылық келіншек ұрыс-керістің қайдан шыққанын айтты