«Миың артыңа түсіп кеткен бе?» деп намысыма тиді»
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды
«Денің сау болса, тұрмыс жағдайың жақсы болып, жолдасың отбасын асырауға қабілетті болса, онда көпбалалы болғанға не жетсін! Мен бір үйдің жалғыз қызы болғандықтан екі ағамнан гөрі әпкем, сіңлім болса деп армандап өстім. Сондықтан бойжетіп, тұрмысқа шығу жағын ойлағанда іштей көпбалалы ана болам деп армандайтынмын. Аллаға шүкір, ниетім қабыл болды», - дейді алматылық Аруна есімді келіншек.
Аруна бүгінде төрт қыз, бір ұлдың анасы. Алтыншысына аяғы ауыр. Осы қуанышына анасы мен енесі ұрсып, ренжіп отыр екен. Отбасындағы мәселені Арунаның өзі ERNUR.KZ тілшісіне айтты.
«Мектепте өте жақсы, үлгілі оқушы болдым. Сыныптас қыздар жігітпен кездесіп, шаш бояп, сылаңдап жүргенде менің есіл-дертім сабақ болатын. Соның арқасында тестілеуден ең жоғары балл алып, өзім таңдаған мамандық бойынша оқуға түстім. Университетке түскесін тағы да қоғамдық жұмыстарға араласып жүрдім. Бір күні құрбымның шақыртуымен модельдік агенттікке барып көрдім. «Қосымша табыс табуға болады» дегенді есіткесін, осы саланы байқап көрейін дедім. Расында да киім сататын дүкендердің жарнамасына түсіп, бұрынғы тұйық мінезімнен арылайын дедім. Сөйтіп жүргенде «Алматы аруы» деген байқауға қатысып, екінші орынды иелендім.
Сол байқаудан кейін менің жұлдызым жанды. Артымнан сезімін білдіріп жүгірген жігіттердің санына жету мүмкін емес еді. Небір байдың балалары қымбат сыйлықтарын әкеп, есімді шығаратын. Бірақ өзіме университетті бітірмей тұрмысқа шықпаймын деп сөз бергем. Уәдемде тұрдым. Дипломымды алатын жылы анам мені өзінің бұрын бірге араласқан құрбысының баласымен таныстырды. Рауан өте сыпайы, мәдениетті, бастысы мен сияқты білімге құмар жігіт болып шықты. Екеуміздің әңгімеміз бірден жарасып, көп ұзамай шаңырақ көтердік.
Рауанды таңдаңаныма бір минут та өкінген емеспін. Тұрмыс құрғанымызға он бес жылға жақындапты, әлі күнге енді үйленген жас жұбайлардаймыз. Аптасына бір мәрте гүлін сыйлап, демалыс күндері бала-шағамызбен бұрын көрмеген, бармаған жерлерге қыдыртып тұрады. Ең бастысы, менің әр ісіме қолдау білдіріп, қалауыма құрметпен қарайды.
Айтайын дегенім, біз үйлене сала бөлек шығып кеттік. Ата-енеміз ұлдарына үш бөлмелі пәтер әперген екен. Сонда тұрдық. Үлкен екі қызымыз сол жерде өмірге келді. Үшінші перзентіміз туылатын жылы ата-енеміз өздеріне одан да керемет үй салып алды да, бізге өздері отырған жер үйді сыйлады. Қазір сонда тұрамыз. Үш бөлмелі пәтерді жалға беріп қойдық. Күйеуім екі жұмыста істейді. Ештеңеге мұқтаж болмағасын мен тек бала тәрбиесімен үйде отырмын. Таңнан кешке дейін көліктемін, кішкентайларды бақшаға, үлкендерін мектепке тасимын. Одан қалса үйірмелері бар, бар уақытым балаларыма арналған.
Он жылда төрт қызды өмірге әкелдім. Барлық әйелдер сияқты менің де ұлды болғым келді. Күйеуім ұл керек деп айтпаса да өзім осы нәрсені қатты қаладым. Алланың қалауымен пандемия кезінде ұлды болдық. Ұл тапқалы бері күйеуімнің маған деген махаббаты екі есе артып кеткендей.
Енді таяуда алтыншысына жүкті екенімді білдім. Бірақ бұл туралы өзімнің анама айтуға қатты қорықтым. Себебі ол кісі әр перзентімді көтерген сайын маған ұрысатын. «Сені оқыған, көзі ашық, қаланың қызы деп жүрсем. Ауылдың салпыетек қатындары сияқты туа бересің. Қоян болып кеттің бе?» деп ұрысатын. Осы жолы екі есе ашуланатынын сездім. Себебі ұлымды өмірге әкелгенімде «Енді тума! Ұл дедің, берді. Осылардың қызығын көр енді. Туам дегеніңді естісем, оңдырмаймын!» деген.
Күйеуіме «баланы алдырып тастаймын» деп айтып едім, қатты ренжіп қалды. «Аборт деген адам өлтірумен тең. Балаға тойып қалсаң үлкендерін өлтіре салсайшы» деп күңкілдеді. «Әлде мен сендерді асырай алмай отырмын ба?» деп тағы сөйледі. Сонымен, мен тәуекел деп алтыншымды өмірге әкелмекшімін.
Осы жаңалықты алдымен енем естіген-тұғын. Ол да аузына келгенін айтыпты. «Ана жақта қызым, мына жақта сен, не болды бәріңе. Сендердің бөлімелеріңе камера қоям ба, қайтем. Топырлатып туа беріп не таппақсыңдар?!» деп бірталай әңгіме айтты. Онымен қоймай менің анама хабарласып «Қызың тағы көтеріп қойыпты. Үндемей жүріп туғыш екен өзі. Сәл-пәл ойланса болады ғой» деп мені жамандапты. Артында анам хабарласып, «Сен бір бәле болдың ғой, миың артыңа түсіп кеткен бе? Мен саған тума дедім ғой, неге ақылымды тыңдамайсың?! Жетпегені сенің енеңнен сөз есту еді. Менің сендей қызым жоқ! Өзің өсіріп, балаларыңды өзің қара!» деп тұтқаны тастай салды.
Екі анамның менің қуанышыма осынша сөз айтқандарына жүрегім ауырды. Асырайтындай, өсіретіндей шыр-пыр болды. Анам мейлі, менің денсаулығымды ойлайтын шығар. Ал енеме не жоқ? Қайта баласының көбейгеніне қуанбай ма? Олардың бұл әрекетін қанша ойласам да түсінбей-ақ қойдым. Әлде менің көп туғаным дұрыс емес пе, қалай ойлайсыздар?»