«Тәп-тәуір отбасымның талқаны шыға ма деп қорқамын»
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды
«Қазақтың дінінде де, дәстүрінде де ата-анаға қарсы келмеу, олардың наласына қалмау жайлы көп айтылады ғой. Мен осыны барынша ұстанып, анама қарсы келмеуге тырысып жүрмін. Бірақ ол шектен шығып бара жатқан сияқты», - дейді Айзада есімді келіншек.
Оқырманымыз өзінің бақытсыздығына анасын кінәлайтын көрінеді. Оқиғаның жай-жапсарын Айзаданың өзі ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.
«Бірінші күйеуіммен үш жыл бұрын дәм-тұзымыз жараспай ажырасып кеттім. Сол кезде бала болдым ба, көп нәрсенің байыбына бармаппын. Қазір ойлап отырсам, бірінші күйеуіммен ажырасуыма анам себепші болған екен.
Кейде келіндік міндеттен де адам жалығып, шаршайды ғой. Сондайда телефонмен «Мама, келін болған қиын екен ғой. Күні бойы тыным таппадым» деп әңгіме арасында айта қалсам, ол кісі дереу күйеуіме телефон соғып «Неге менің қызымды құл сияқты жұмсай бересіңдер, бір шетіне шығыспайсың ба?» деп ұрысып беретін.
Мен үлкенімді босанып, перзентханадан шығатын күні енем аяғын сындырып алып, күйеуім соны ауруханаға апаратын болды да, мені шығарып алуға келе алмады. Сол күні мамам бұлқан-талқан ашуланып, мені таксимен төркініме әкетіп қалды. Ертеңіне баласын көруге алып-ұшып жеткен күйеуімді жер-жебіріне жетіп ұрысып, сырттан қайтарып жіберді.
«Сендерге перзент керек емес екен, шешеңді апаратын басқа адам таппай қалдың ба? Қызым жесір әйел сияқты, ешкімі жоқ адам сияқты роддомнан шықты» деп сөйледі. «Далада жатқан қыз жоқ, сендерге бала керек болмаса өзім-ақ қараймын, ішіме сыйған қызым сыртыма да сыяды» деп ақыры ажыратып алды.
Балам жасына толғанда анама қалдырып, жұмысқа шығып кеттім. Былтыр бір жігітпен танысып, әңгімеміз жарасты. Менен екі жасқа кіші, бұрын үйленбеген. Басында екеуміздің көңіл жарастыруымызға қарсы болдым. Бірақ ол айтқанынан қайтпады. Иманды, намаз оқитын азамат. Мені де дінге баулыды. Бірте-бірте бұрынғыдай ашық-шашық киінуге ұялатын болдым. Иманым күшейіп, жігітіме деген құрметім, махаббатым артып, ақыры бас қостық.
Басында бұл күйеуімді де анам қабылдамай, діншілдігіне, жүріс-тұрысы мен киіміне қатты тиісті. «Өзіңнен жасы кіші екен, ертең тастап кетеді ондайлар» деп әбден ақыл айтты. Бірақ біз бір-бірімізсіз өмір сүре алмайтындай болдық. Ешкімнің сөзін де, көзін де қыстырмай, мешітке барып, некемізді қидырып алдық.
Некеміз қиылған күні жігітім мені өзінің тұрып жатқан пәтеріне көшіріп алғысы келді. Мен ол кезде мамамның қаладағы екі бөлмелі пәтерінде баламмен тұрып жатқам. Балабақшаға жақын, жұмысым да онша алыс емес, кете алмадым. «Осында тұра берейікші» деп күйеуімді көндіріп, мамамның үйінде тұрып жаттық.
Обалы не керек, күйеуім өте балажан боп шықты. Менің баламды еркелетіп, төбесіне көтеріп, бақшаға апарып, ойнатып жүретін. Бір сөзбен айтқанда өте бақытты болдым. Әйелге күйеуінің қамқорлығы, жылы сөзі мен үйдегі тыныштықтан басқа не керек, осының бәрі менде бар еді.
Анам, інім мен келінім ауылдағы қара шаңырақта тұратын. Қыстыгүні тура баяғы енем сияқты анам да мұзға тайып құлап, жамбасын сындырып, қалаға ауруханаға келді. Он күндей емделіп болғасын «мен қаладағы үйде қалам, әжетханасы жақын, жылы жер керек» деп біздің үйге келді. «Мамама қараймын» деп тұрмыс құрмаған сіңлім келді, ол Түркістанда істейтін еді.
Сонымен аядай ғана екі бөлмелі пәтерде бәріміз қысылып, қыстырылып жүрдік. Басында мамам күйеуіммен емен-жарқын әңгімелесіп, бірге шай ішіп, күліп-ойнап отыратын. Біз азанда кетеміз, кешке жұмыстан шаршап келеміз. Артық-ауыс әңгімене баратындай уақытымыз да болмады.
Бірақ не түлен түрткенін білмеймін, бір күні кешкісін аяқасты шала бүлініп, «мына үйге топырлап бәріміз сыймай жатырмыз, күйеуің өз үйіне барсын» деп бәріне естірте сөйледі. Күйеуімнің түрі өзгеріп кетті, бірақ ештеңе деместен киім-кешегін жинап, менімен жылы қоштасып, шығып кетті.
Қазір екі бөлек өмір сүріп жатырмыз. Анда-санда келіп кетеді, кейде мен барып тұрам. Балам да әкесін сағынып, сұрап жүр. «Бөлек шығайық, мен сені алып кетейін» деп бірнеше мәрте айтты. «Мама, мен онда күйеуімнің пәтеріне көшіп барайын» деп айтып ем, «саған шеше емес, бай керек пе, менің төсек тартып жатысым мынау, мені тастап кете бересің бе» деп өкпелеп қалды. Дәл сол уақытта күтіп отырғандай сіңлім де «жұмысыма шығуым керек» деп Түркістанға қайтып кетті.
«Мен бұлай өмір сүре алмайм, бір жағына шық» деп күйеуім қоймай жатыр. Мына жақта анам миымды жеп қоятын емес. Күйеуіммен қосылғанымды қаламайтын сияқты. «Сол түбі адам болмайды, жүрегім сезеді» деп жақтырмай отыр. Екі түйенің ортасында қалған шыбындай шырқырап жүрмін. Анамды да ренжіткім келмейді, күйеуімнен айырылып қалудан да қорқамын. Мұндайда не істеу керек өзі?»