Екі жақ кездесіп, келісіп те қойған.
Нұр-Сұлтан қаласына кәсіп қуып барған бойжеткенді жігіті ойламаған жерден тастап кеткен. Ол бұл туралы ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.
Ұлданның (есімі өз өтініші бойынша өзгертіп алынды) елордаға кәсіп іздеп барғанына үш жылдан асқан. Алғашында дәмханада даяшы болып күнелткен ол теңгесін тиындап жинап, өзіне көлік сатып алған. Өзі үйінің тұңғышы, өзінен кейінгі 5 бауырын аяққа тұрғызу үшін әке-шешесіне де көмектесіп тұрады. Сол себепті грантпен оқуға түсуге шамасы жетпесін біліп, ақылы да оқи алмаған.
- Оқымағанның бәрі аштан өліп жатқан жоқ. Бұйырған күні оқып алармын бір мамандықты деп, сол кездегі Астанамызға тартып кеттім. Алғашында анам қарсы болды, бірақ әкем маған сенді. «Ұлға бергісіз қызымсың, абай бол» деп ақ батасын беріп шығарып салды. Келе салып осында дәмханаға жұмысқа тұрдым, қосымша бай-бағландардың үйінде өткен көпшілік жиында да даяшы боп қызмет етіп, тиындап ақша жинадым. Құрбыларым әке-шешесінен ақша күтіп отырғанда, мен керісінше ата-анама ақша салып тұратынмын, - деп есіне алады Ұлдан.
Ауылда-ақ өскен ару үшін ол күндер оңай болмаған сыңайлы. Өзін көп қажеттіліктен тыйып, алдына мақсат қойған екен. Қалайда көлік алу болыпты арманы.
- Шынымды айтсам, осы астанаға келгелі маған такси болып істейтіндің кәсібі ұнайтын. Мен де көлік алсам, солай жолаушы тасып табыс тапқым келді. Бірақ бұл ойымды ешкімге айтқан емеспін. Тіпті, екі жыл кездесіп жүрген жігітіме де айтпадым.
Тапқанын жинап-терген Ұлданға әкесі де бағып отырған бір малын сатып көмектесіпті. Сөйтіп бойжеткен ел астанасында көліктің тізгінін тартып мінген.
- Қанат біткендей болды. Арманға қол жеткізуге боларына көзім жетті. Жүргізуші куәлігін алған соң нағыз өз ісінің мамандарынан сабақ алдым қосымша. Олар да маған жоғары баға берді. Сөйтіп көлігіммен қала ішінде жүре бастадым. Алғашында құрбыларым «бәрібір басқа таксиге де төлейміз, одан да саған жанармай құйып берейік» деп жалдады. Әсіресе, Қарағанды облысында тұратын құрбым ауылына жиі баратын. Оның да ата-анасы келгенде қала ішінде алып жүретінмін. Қолымды құры қалдырмайтын. Сосын жәймен жолай қол көтеріп такси тоқтатқандарды ала кетіп жүрдім, - деп Ұлдан өзінің алғашқы таксистік табысын қалай тапқанын айтып берді.
Содан кейін бойжеткен еш қымсынбастан бос уақытында қала ішінде жолаушы тасымалдай бастаған. Таксиден тапқан табысы даяшылықтан табатынынан қомақты бола бастаған соң ол қызметінен кетіпті.
- Оның үстіне даяшылық та оңай жұмыс емес. Оған да жігітім қарсы еді. Амалсыз, мамандығым болмаған соң жүргенмін. Қала берсе, масайып қалғандардың тиісетіні бар. Қожайындар тағы бар... Ал такси болсам, маған ешкім қожайын да бола алмайды, қалаған уақытымда жұмысқа шығып, қалаған сәтімде демалыс ала аламын. Сосын брден шешімге келдім де, жұмыстан шығып кеттім...
Ұлданның мұндай шешімін екі жылдан бері уәделеріне берік боп келе жатқан жігіті де білмеген. Ол да айтуға асықпапты. Ауылдан анасы келгенде жігітінің де анасы екеуі кездесіп, танысып-біліскен көрінеді.
- Тұрмысқа шыққан соң бала туып үйде отыратыныма, тек болашақ күйеуімнің ғана асырайтынына сенетінмін. Ол да үнемі солай дейтін. Асып-тасыған табысы болмаса да «сені жұмыс істетіп қоймаймын» деп уәде беретін еді. Жігітім анама да ұнады, мені де оның анасы жиі қонаққа шақыратын еді. Даяшылығымнан кеткенімді айтсам да, таксист бола бастағанымды айтқым келмеді. Білмеймін, ештеңені жасырмаушы едім одан. Қабылдай алмайтынын сездім ғой деймін, айтқым келмеді. Бірақ, ұсталып қалдым, - деп езу тартты бойжеткен.
Ұлданның айтуынша, жігіті оған лайықты қызмет іздеп жүрген. Бірде ымырт үйірілген шақта қол көтерген екі әйел мен бір жігітке тоқтаған ол өз жігітін қараңғыда танымапты.
- Алдыңғы орынға жайғасқан оған мән бермеппін. Арқадағы екі әйелдің мінгенін күтіп енді жүргелі жатқанымда «Қызметің құтты болсын» деген таныс дауыстан селк ете қалдым. Жігітім екен. Басында сасқалақтап қалсам да, үндемей жететін жеріне апарып тастадым. Ақшаны орындыққа қойды да, үндеместен түсіп кетті. Содан екі апта бойы хабарсыз кетті. Менің қоңырауыма да жауап берген жоқ.
Такси болып ақша тапқысы келген Ұлданды жігіті сол күйі түсіне алмапты. Кездесуге келгенмен, енді екеуінің жолы екі бөлек екенін айтуға ғана келген көрінеді жігіт.
- Солай боларын білдім де. Иә, маған оны ұмыту, оған деген сезімімді сөндіру қиын болды. Жыладым, орнымнан тұрмай жаттым. Бірақ мен жігітке бола езіліп кететін қыздардан емеспін. Ерегескенде таксилікті кәсіп етіп алдым. Менің ашуланатыным – қазақ жігіттерінің осындай болмашы нәрсеге бола қағида ұстанып қатып қалатындығы. Жаңаша көзқарас, еркін болу қолдарына келмей ме, әлде солай болғысы келмей ме, түсінбеймін. Мына заманда қыздардың таксист болуы ұят дейтіндер әлі де көп. Несі бар, мен өз тәнімді саудалап жүрген жоқпын ғой?! , - деп ашуланады Ұлдан.
Оның айтуынша, қазақ қыздарының ішінде шетелдіктерге тұрмысқа шығып кетіп жатқандарының көбісіның себебі де осы.
- Ескіліктен шыға алмай қалған, өмірге философиялық тұрғыда қарай алмайтын жігіттердің дамуы қиын болады деп ойлаймын. Ал заман д, түсінік те жаңарып барады. Қазір ештеңеге таңғалуға болмайды. Мен жігітіме өкпелемеймін, бірақ менің кәсібімді құрметтемегені, адал ісімді бағалай алмағаны қынжылтады, - деп аяқтады Ұлдан әңгімесін.
Қазір күніне кемінде 5-7 мың теңге табыс табатын бойжеткен енді Нұр-Сұлтан қаласынан пәтер де сатып алмақ. Сөйтіп оқуға түскен інісі мен сіңлісіне бас-көз болып, шамасы жетсе ата-анасы мен кішкентай бауырларын да астанаға көшіріп алмақ ойы бар.
көрнекілік үшін суреттер ашық дереккөздерден алынды