Ол ең жақын адамыңа да сенбеу керек дейді.
Кез келген ата-ана баласына «Өзгеге көмектес», «Жақсылық жаса» деп ақыл айтатыны белгілі. Бұл дұрыс па, бұрыс па?
«Жақсылығы өзіне жамандық боп қайтып жатқандар аз емес. Сондықтан бүгінгі заманда «Аңғал болма», «Ең жақын адамыңа да сене берме» деп тәрбиелеген дұрыс баланы» дейді ақтөбелік Айхан есімді әйел. Неге?
Себебін ол ERNUR.KZ тілшісіне баяндап берді:
«Тұрмысқа шыққаныма он сегіз жыл болыпты. Осы жыл ішінде жақсыны да, жаманды да көрдім. Алғашқы бес жылда ауылда тұрдық. Күйеуім қарапайым жұмыс істейтін. Ай сайын алатын жалақысымен қоса, ата-енемнің зейнетақысы бір отбасыны асырауға жететін.
Ауылда әлі күнге дейін тұра берер ме едік, атам мен енем өмірден өткен соң, күн көрісіміз нашарлай бастады. Бұрын солардың зейнетақысы да бізге әжептеуір көмек болған екен. Енді бір отбасын асырайтын жалғыз адамның табысы балаларымыз бен өзімізге жетпей қиналдық.
Күйеуім екеуміз ақылдаса келе, қалаға көшуді ұйғардық. Ауылдағы үйімізді өткен бағасына сатып, қаладан бір бөлмелі үй алғанда бақытты едік. Кейін күйеуім екеуміздің ойға алған істеріміз оңға басып, қала сыртынан жер телімін сатып алып, құрылыс жұмыстарын бастап кеттік.
Төрт бөлмелі үй салып, сонда көшіп бардық. Ақырындап қала өміріне де бейімделе бастаған шағымызда ауылда тұратын қайынәпкем келді. Қайынәпкемнің күйеуі, яғни, жездеміз дүние салған болатын. Жағдайын айтып көмектесуін өтінген қайынәпкеме қолдан келгенше көмегімізді аяған жоқпыз. Күйеуім оған жұмыс тауып берді. Тұратын уақытша баспана тапқанша үйіміздің бір бұрышын паналаттық...
Қайынәпкем жұмысынан алатын жалақысын жинап жүрді. Ай сайын жалақы алғанда «Үй аламын, сендермен бірге қашанғы тұра берейін?» деп ақталатын еді. Үйге азық-түлік алмайтынына ұялса керек. «Сіз алаң болмаңыз әпке, біз не ішіп-жесек, сіздер соны ішіп-жейсіздер. Ақшаңызды жинай беріңіз» дегенмін.
Қайынәпкем бала-шағасымен біздің үйде төрт жыл тұрды. Сол уақыт ішінде оның көңіліне тиетіндей сөздер айтпадым. Жинаған қаражатына жер сатып алғанда қайынәпкемнің қуанышына артық қуанған мен едім. Жерді заңдастырып алған соң, үй тұрғызу қажет болды. Құрылыс материалдарын алуға қаражат жағы жетіспей жатқан соң, қайынәпкем бізден көмек сұрап келді. Өйткені оның басқа туғандары жоқ, күйеуім оның жалғыз інісі.
Біздің қолымызда әпкеме ұстата салатындай қомақты қаражат болмады, онсыз да бес жыл бойы олардың ішіп-жемі, киімі біздің есебімізден болды емес пе? Бір ғана жолы банктен несиеге ақша алу болды.
Әпкем жұмыс орнында жалақы алып отырғанымен, зейнетақы қорына ақша аударылмайды екен, сондықтан да несие ала алмайтынын алға тартып, менің атымнан несие алып беруімді өтінді.
Үйімізді кепілдікке қойып, несие алдық. Үлкен үй тұрғызып алды. Алғашында кешіктірмей бір жыл несиені уақытылы төлеп тұрды. Үлкен ұлын үйлендіріп, той жасаған соң әпкем айни бастады.
Қамсыз жүрген күндерімнің бірінде банктен несиенің төленбегені туралы түбіртек қағаз келді. Оны алып, әпкеме барсам, қазір несие төлейтіндей жағдайы болмай тұрғанын алға тартты. Сонда несиені кім төлейді?
Содан бері алты ай уақыт өтті, банк қоңырау шалып мазаны алуда. Ашық сөйлеспек боп үйіне бардым. Несиені төлейтіндей ыңғай танытпақ түгілі, «Басымды ауыртпай, әрі жүрші! Сенсіз де проблемам шаш-етектен» деп, үйінен қуып шықты.
Шақшадай басым шарадай болып, үйге жылап келдім. Күйеуіме айтып едім, «Басында өзің ғой келіскен. Маған не қыл дейсің енді?» дегенде өмірден түңіліп кете жаздадым. Ашу үстінде өзімді кінәлаған күйеуім кейін сабасына түсіп, әпкесімен сөйлеспек боп алдына барған екен, оны да жолатпапты. Енді не істерімізді білмей отырысымыз мынау.
Менің де балаларым ержетіп қалды, олардың жайы не болмақ? Осыларды ойлаған кезде ұйқым шайдай ашылып, сары уайымға салынамын. Кімге өкпелейін...
Мәселемнің түбіріне үңілгеннің бәрі де аңғалдығымды алға тартып өзімді кінәлайды. Не істеймін? Күйеуімнің жалғыз әпкесімен соттасамын ба? Бұл ойыма күйеуім қарсы. Өйткені ол әпкесін анасындай көреді.
Әу баста арамызды алыстатып алмайын деп үйге кіргізгенім бекер болған екен. Қай істе де ең алдымен оның соңы немен аяқталатынын ойша болжай білген жөн екен...»
Не істерін білмей отырған Айханға қандай жол көрсетесіз, оқырман?
Ұқсас оқиғалар:
«Сіңлімнен қызғанамын»: Алматылық келіншек өмір бойы қызғанышпен өмір сүруге мәжбүр екенін айтты
«Әжетхана қағазына ақша бермейді»: Үнемшіл отбасынан шаршаған келін шындығын жайып салды