​«Келінімнен бөлек тұрғым келеді»: Алматылық ана өз үйінен шығып кеткісі келіп жүр

0
4 088

"Әйел баланы туған соң бағып-қағуы керек. Қарағысы келмейді екен, тумасын" дейді ол...


​«Келінімнен бөлек тұрғым келеді»: Алматылық ана өз үйінен шығып кеткісі келіп жүр

иллюстрациялық сурет: ашық дереккөзден

Баланы туу бар да, оны бағып-қағу бөлек. Екі түрлі болғанымен, екеуінің де жауапкершілігі жоғары.

«Құрсаққа біткеннен әйелдің табиғаты сол шарананы амандықпен өмірге әкеп, жүрегінің түбінде сақтаған тіршілігін әрі қарай өмір бойы өбектемейтін бе еді? Бұл әйелдің жаратылысы ғой?! Бірақ менің келінім басқаша жаратылған секілді», - деп ренжіген алматылық ана келініне деген өкпе-назын басқаларға да ескерту ретінде ERNUR.KZ тілшісіне баяндап берген болатын.

63 жасқа келіп бейнетінің зейнетін көруді алматылық әйел «бұйырмады» деп отыр. Себебі, 7 жылдан бері төсекке таңылған күйеуінің күтімінен қолы босамайды екен. Немерелерін өзі баққысы келеді, бірақ мүмкіндігі жоқ екенін айтады.

- Талай жылғы тауқымет алмай қойсын ба, денсаулықтан қысты ғой. Әйтеуір, ешкімге жаутаңдатпай өзім қарап келемін. Кейде күбірлеп құдайдан жанын ертерек алуды сұрайды. Маған да, перзенттеріне де масыл болғысы келмейтінін ұғам...

Мұндайда жаныңа басқа жақтан медет сұрайсың. Бірақ бізді ол жағынан да сынағаны болар, жалғыз ұлдың жарын икемге көндіру қиын боп жатыр. «Келінін жамандап не ұтады?» деген дей берсін, бүгінгінің жастарының бәрі сондай емес шығар-ау. Дегенмен, бала туған соң оның жауапкершілігі де бар екенін ұмытпаса екен.

Шүкір, бес немерем бар. Қыздан туған жиендердің жөні бөлек. Қолдағы немерелерімнің жай-күйі қатты алаңдатады мені.

Шал екеуміздің зейнетақымыздан бөлек жәрдемақы бар. Баламның табысы жақсы. Бірақ бәрін тастап жұмысқа шығып кеткен келінімді әлі түсіне алмай жүрмін. Шиеттей бала-шағаны, төсектен тұрмайтын шал екеумізге тастап қаланың сонау бір бұрышындағы жұмысқа шығу үшін баламмен бір ай ұрысқан шығар. Болмаған соң құлағымыздың тынышын ойлап «бара берсін» дедім.

Онсыз да үйде отыруы қиын адамды қалай байлап ұстайсың?

Алды 12-ге енді толған, кішісі бір жарым жаста. Солардың ас-суы, кір-қоңы мен сабағын оқытудың өзі үлкен жұмыс. Оған табыс тап деп жатқан ешкім жоқ, мемлекеттен алатын көмегі бар. Үлкен екеуі кішілеріне қарап сүйрейді да жүреді. Не сабағына үлгермейді. Кешке шекесі тырысып келген шешелерінен таяқ жемеу үшін үйді жинап, тырмысып жатады. Бала болып ойнап, жарқырап жүру жоқ.

Жаным ашып, тілі сөйлеуге әзер келетін шалымды тастап соларға болысамын. Кішкентай екі немерем онсыз да етегімнен ұстап жармасып алады. Қай жағына үлгере берейін, өзімнің де денсаулығым мәз емес. Кейде қатты шаршаймын. Қыздарым келіп қарасады, бірақ олардың да отбасы бар.


Жақында кіші қызым келінге қатты айтып, ұрсып кетті. «Баланы тудың ба, қара! Әркім өз баласын бақсын. Әкеме қарай ма, сенің балаларыңа қарай ма? Қай дүниең жетпей жатыр жұмыс істеймін дейтіндей?!» деп қаттырақ айтып еді, төркініне кетіп қалды балаларын алып. Үлкендерім көзі мөлтілдеп жылап кеткенін көргенде жүрегім ауырды. Балам да екі оттың ортасында қалып, түйілді де қалды.

Амалдап алып келдік келінді, кешірім сұрап, аяғына жығылғандай болып. Бірақ ақыл кірген жоқ. Әлі сол жұмысымен әуре. Бала-шаға қараусыз, кешкі ас кейде ойдағыдай да істелмей қалады. Аа-тұра жедел жәрдем шақырып тұрамыз. Солай ауырған кезде кешкі ас істеуге де мүмкіндігім болмайды. Ондайда қабағын түйіп келіп үлкен немерелерімнен алады ашуын. Енді қазір титімдей боп қазанға жармасып жүргендерін көріп жаным сыздайды. Амал жоқ, баламен алысып, шалыма қарап жүріп бір ас дайындап үлгеруге тырысамын.

Немерелерімнің күйін ойласам жаным күйрейді. Қыста он күндей ауруханада жатып келдік. Сонда да бала-шағаны қамап кетіп жұмысқа кеткен келіннің ойын түсіне алмадым. Келсек, әбіржіп кеткен балалар үшін жаным ауырды. Қит етсе, кетемге басатынынан шаршаған балам да қазір тамағын ішер-ішпес далаға кетеді, болмаса ұйықтайды. Үйде бір жылылық жоқ. Ешкімнің қабағы жадырамайтын суық үйде тұрамыз.

Әйел деген баланы туған соң бағып-қағып, қараса... Қолдары аузына жетіп, мектеп табалдырығын аттаған соң да жұмысқа шығуға үлгереді ғой. Неге асығады? Неге перзентін қараусыз қалдырып, далаға жүгіреді? Түсіне алмадым..., - деп аяқтады әңгімесін даусы дірілдеген ана.

"Расын айтсам, келінімнен бөлек тұрғым келеді. Шал өле ме, мен өлемін бе бірінші, бір құдай біледі. Соған дейін ең болмаса ештеңе ойламай өмір сүрейін-ақ дейсің. Бірақ қолымда туған балалардан қалай ажырайын? Әйтеуір, сұрықсыз өмір сүріп жатырмыз", - дейді ол.


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Ажырасу үшін үйленіпті»: шымкенттік келіншек күйінішімен бөлісті


«Күйеуіме күнде рахмет айтам»: түркістандық әйел оны не үшін жақсы көретінін айтты