"Балгерлік, сәуегейлік пен көріпкелдік те өтірік, адаспаңыз" дейді ол. Бұған дәлелі көп...
Әлеуметтік желілерде дін мамандарының уағыздарында алдағы күннің тек Аллаға ғана аян екені, оны ешкім болжай алмайтыны жиі айтылып жүрсе де, бал аштыратындар көп.
Зада есімді әйел көріпкелдің өтірігіне сеніп адасып жүргендерді көргенде жаны ашитынын айтады. Ол көпшілікті адасудан, уақыт пен ақшаны босқа шығындаудан сақтандыру үшін өз қателіктерін ERNUR.KZ тілшісіне баяндап берді.
«...Егер балгер мен көріпкел болмағанда, менің өмірім қазіргідей сұрықсыз, мағынасыз болмас еді-ау?! Мүсәпір күйіме көріпкелдер кінәлі. Әрине Жаратушы ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін зерделеп, ойланып қадам жасау үшін ақыл берді, сана берді. Сондықтан өзім де кінәлімін...
Өмірімнің көбі бал аштырумен өтіп, енді аз өмірім қалғанда ғана адасқаныма, шатасқаныма көзім жетіп отыр. Неге сонша ақымақ болғаныма таң қалам.
Мен студент шағымнан бал аштырып, ертеңім туралы білуге асығып тұратын едім. Базарға бара қалсам, жол шетінде жағалай отырған балгерлерге құмалақ аштырмай қайтпайтынмын. Осы әдетімді қоя алмадым.
Балгердердің айтқанымен жүріп тұрдым, олардың болжамын күттім. Осылай жастық шағымның қалай өткенін аңғармай да қалдым. Жасым 30-дан асқанда мен балгерлердің айтқаны келмейтінін, өтірік екенін түсіндім. Бірақ сонда да соңғы рет бір рет барайыншы деп шештім. Бекер барыппын. Балгер маған «Анаңның тағдырын қайталайсың» деді. Ал анамның өмірі тозақ еді. Мен анамның өмірін қайталаудан қорықтым.
Ішетін жігітті көрсем, әкемнің күнде араққа сылқия тойып келіп анамды ұрып жатқаны, заттарды лақтырып қиратқаны, ұрыс-керістен көз ашпағаным көз алдыма келе қалатын. Әкем ішіп келген күннің ертесіне анамның көзі ісіп, көгеріп жүретін. Жылағаннан іскен, жұдырықтан көгерген...
Сондықтан да ішімдікті татып алмайтын жігітті күттім. Балгерлер неше ұл, қанша қызымның болатынына дейін айтып бергендіктен мен тұрмысқа шығатыныма сенімді болдым ғой. Әйтпесе әрекет етіп, жігіттермен танысар едім, шақырғандарымен кездесер едім. Жасым 40-қа жақындағанда ғана әрекеттене бастадым. Бірақ әрекетім тағы да сол балгерлерге барумен шектелді.
Бұрын «Қандай жігітке тұрмысқа шығам?» деп болашағымды болжатсам, енді тұрмысқа шықпай қалғанымның себебін іздеп, құмалақ аштырдым. Ойланып отырсам, тағы да адасу, шатасу.
Белгілі емес пе, олар «Қарғыс бар, одан құтылмайынша тұрмысқа шықпайсың», «Жолыңда байлау бар», «Екі тізесін құшақтап өтсін деп дуа жасаған» деп «диагноз» қойды. Сосын әркім жолды ашуға қанша ақша төлеу керектігімді айтады. Сұрағандарын бердім.
Жолымның ашылғанына сеніп, тағдырыма жазылған жігітті күттім. Содан бері талай жылды өтірікке сенумен өткізгеніме қазір қапа болам. Әр балгердің өтірігіне сеніп, жастық шағымды өткізіп алғаныма ішім өртенеді.
«Не болады?», «Неге?», «Не істеуім керек?» деген сұрақтарыма жауап беретін көріпкел мен балгер іздеумен өткен жылдарымды есіме алсам жылағым келеді. Оның орнына сол уақытымды болашақта тұратын баспана алуға арнасам, тым болмаса үйіме қызығып бір жігіт жар етер ме еді?!
Қазір менде ақша да, басқа да жоқ. 10-15 жылдан соң зейнеткерлікке шығам. Күйеусіз, баласыз да бақытты болуға болатын шығар, бірақ қалай? Осы уақытқа дейін балгердің айтуымен ғана қадам басып, шешім қабылдап үйреніп қалған мен өз ақылыммен ойлануды да, мәселелерде қандай шешім қабылдауды да білмеймін. Ең жаманы осы...»
Зада барған көріпкел мен балгердің айтқанының біреуі де орындалмапты. Олардың болжамы дәл келмейді де. Өйткені Құрандағы Жын сүресінің 26-27 аяттарында «Алла Тағала ғайыпты ешкімге білдірмейді, оның сырын ешкімге ашпайды» делінген. Ал Құранның сөзі рас.
Тағы да оқыңыз:
«ҰБТ деп ауырып қалды»: Алматылық ата-ана баласының оқуға түспей-ақ табысқа жетіп отырғанын айтты
«Ажырасқандарды татуластырып қажеті жоқ!»: Түркістандық әйел өз ісіне өкініп жүр