​«Күйеу балам педофил ме деп күдіктенемін»: алматылық ана отбасында болған сұмдық жағдайды айтып берді

0
5 278

«Іш киімін шешпек болыпты»


​«Күйеу балам педофил ме деп күдіктенемін»: алматылық ана отбасында болған сұмдық жағдайды айтып берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


Соңғы кездері жасөспірім балалардың педофил құрбаны болғаны жайлы ақпаратты жиі естиміз. Өкінішке қарай, қоғамда осындай азғындыққа баратын ауытқушылығы бар адамдар көп. Ал енді дені сау, үйлі-баранды адам кішкентай қызды зорламақ болса ше? Мұндайда не айтуға болады?


Алматы облысына қарасты ауылдардың бірінде тұратын Шарипа есімді әйел ERNUR.KZ редакциясына хабарласып, күйеу баласының қылмыс жасамақ болғанын айтып берді.


«Тұрмыстың тауқыметін бір кісідей тартқан әйелмін. Жастайымнан екі қызбен жесір қалдым. Күйеуім дәулетті кісі еді, біз соның арқасында далада қалған жоқпыз. Кішігірім азық-түлік дүкенін қалдырған. Әлі күнге дейін соны жүргізіп отырмын. Өз кәсібім, екі қызым болған соң екінші мәрте күйеуге тиюді де ойламадым. Дүкен ісін дөңгелетіп, екі қызды оқытып, тұрмысқа ұзаттым.


Үлкенім Шымкент жаққа шыққан. Жылына екі-үш мәрте ғана көреміз. Кішкентайы бар, ата-енесімен бірге. Ал екінші қызым Алматы қаласында, бір баласы бар. Пәтер жалдап тұрады. Алматыда үйсіз тұру оңай емес. Күйеу баламның тапқан табысы қай жағына жетсін. Көбіне үйге шақырып, дүкеннен азық-түлік ұстатып жіберемін. Күйеу балам да бір қарағанда сыпайы мінезді, ішпейді, шекпейді. «Мамалап» тұрады.


Айтайын дегенім, екі қызды ұзатып, құтты орнына қондырған соң, даңғарадай үйде жалғыз қалдым. Қыздар барда білінбеуші еді, олар кеткен соң түнде жата алмай, елегізитін болдым. Бір күні теледидардан бала асырап алу туралы бағдарлама жүріп жатыр екен. Көздері жәутеңдеген балаларды көрдім де, «өзіме бір қыз асырап алсам қайтеді, қартайғанда жаныма жалау болар еді» деп ойладым. Мұнымды екі қызым да қоштай кетті. «Мама, бұл әрі сауап тірлік қой. Барып, көріп, асырап алыңыз» деп Шымкенттегі қызым қанаттандырып жіберді.


Бала асырап алудың машақатын айтып, әңгімені көпке созбай-ақ қояйын. Сара есімді кішкентай бүлдіршінді бауырға бастым. Байғұс бала балалар үйінің тәрбиесіне әбден көндігіп қалған екен. Жасы бестен асса да тілі де, тірлігі де тастай. «Мама, мына тамақтардың бәрін рұқсатсыз жей беруге бола ма?», «Егер мен ұйықтамай қойсам ұрмайсың ба?» деп неше түрлі сұрақты қойып, жүрегімді ауыртады.


Сара жаныма жалау болды. Дүкенде де, үйде де қасымнан бір елі қалмайды, былдырлап әңгімесін айтып, көңіліме қуаныш сыйлай білді. Туған қыздарымнан кем көрмеймін. Бірақ, өкінішке қарай балалар үйінен шыққандарды адам ғұрлы көрмейтін айуандар бар екен...


Күн сәрсенбі болатын. Кішкентай қызым ауылға келді. «Мама, баламның кіндігінде грыжа бар екен. Ауылдағы емші апаға оқытайын деп келдім» деді. Екі күн үйге қонып, емшіге оқытып, мәре-сәре болып қалдық. Қайтатын күні «үйіңе керек азық-түлікті ал» деп дүкенге шақырғам. Екі пакет затты алды да, үйге қайтайын деп жатыр еді, «Сара саған көмектессін, балаңның арбасын сүйреп барса да көмек қой, өзіңмен бірге ала кет» дедім. Олар дүкеннен соң үйге заттарды тастаған да, емшіге бармақ болған. Осы сәтте күйеу бала үйге келіп қалыпты. «Сараны тастап, өзің тез-тез барып кел, сосын қайтамыз» деп қызымды жіберген ғой.


Мен де дүкенді жауып, үйге келсем есіктің бәрі ашық-шашық. Іште қызым шыңғырып жылап жатыр. Күйе балам төргі бөлмеде екен. Не болғанын ұқпай қалдым. Күйеу балам түк болмағандай атып шықты да, «Мен Назеркені алып келемін» деп кетіп қалды. Ал Сара болса ентігін баса алмай «жездем маған түрсиіңді шеш деді. Мен оған шешпеймін деп едім, сосын ол өзі жақындап келді де, құшақтады, сосын аузымды жабайын деп еді, мен қолын тістеп алдым. Тура сол кезде сіз келіп қалдыңыз» деп көрген-білгенін жайып салды.


Сарамның сөзіне сенер-сенбесімді білмей қалдым. Одан болған жағдайды қайталап сұрадым, айтқанын айна-қатесіз қайталап берді. Денем түршігіп кетті. Әп-әдемі күйеу баламнан мұндай шығады дегенді ойлағым да келмейді. Қызым да мұндайды ойнап айтпаған болар...


Болған жағдайды күйеу баламның өзіне айтсам, өтірік болып шықса өмір бақи мені жек көріп кете ме деп ойлаймын. Не істеуім керек? Бұл мәселені ортаға салсам, қызым екеуі ажырасып кете ме деп қорқамын. Айтпасам тағы ішіме сыймай барады. Сарамның өміріне балта шаппақ болса, онда ол тиісті жазасын алуы тиіс. Қысқасы, тығырыққа тіреліп тұрмын. Кеңес берсеңіздер екен».