«Күйеуіне көңілдес болған әйелдерден ақша талап етеді»
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды
«Сананы тұрмыс билеген мына заманда махаббат, сүйген жарға деген адалдық, сезім деген қасиеттерге орын жоқ-ау, осы. Себебі қазір жан бағу үшін адамдар небір түрлі амал-айлаларға барып жатыр», - дейді Лаура есімді жамбылдық келіншек.
Лаураның айтуынша, жақын құрбысы күйеуімен бірге отбасылы әйелдерді бопсалаумен айналысып жүрген көрінеді. Үш перзентін содан түскен қаржымен асырайтынын Лаура ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.
«Құрбым екеуміз бала күннен доспыз. Сырымыз да, жырымыз да ортақ. Қазір отбасымызбен араласамыз. Бір сөзбен айтқанда туысымдай болып кеткен. Десе де оның соңғы бір жылда қатты өзгеріп, айтуға ауыз бармайтын тірлікпен айналысып жүргенін естіп, олардан іргемді аулақ салсам ба деп отырмын.
Ол күйеуге осыдан тоғыз жыл бұрын шыққан. Бірінен соң бірін үш бала тапты. Екеуі де жұмыс істейді. Тәп-тәуір отбасы. Бірақ үш жыл бұрын оның күйеуі өзге қыздармен көңіл қосып, әйеліне опасыздық жасай бастады.
«Күйеуім жүретінді шығарды. Түннің бір уағына дейін жұмысты сылтауратып үйге келмейді. Келе сала маған қарамайды, ұйқыға басады. Бір күні телефонын ақтарып отырып бір әйелмен жазғанын оқып қалдым. Екеуі біраздан бері кездесіп жүріпті» деп мұңын шағатын. «Ат айналып қазығын табар» деген бар, сабырлы бол, бәрін ақылмен шеш» деп басуға тырысатынмын.
Бір күні ол үйге жымың қағып келді. Маған айтар ерекше жаңалығы бар сияқты. Дереу әңгімеге көшті.
«Әлібек анау қала орталығындағы қонақүйде істейтін Гүлжамал деген әйелмен жүретінін білдім. Оның отбасы бар, жеті жас үлкен өзі. Оған дейін де талай қызбен кездесті ғой. Бірақ мына әйелмен қарым-қатынасы тым тереңдеп бара жатқанын байқадым. Содан дереу телефондарын ақтарып отырып, екеуінің видеоларын тауып алдым. Оңбаған десе, екеуі қонақүйде кездесіпті. Әлгі әйел күйеуімнің үстіне шығып алған, неше түрлі әрекетке барыпты. Оны менің байымды не үшін түсіріп алғанын білмеймін, телефонынан өшіріп тастадым деп ойласа керек. Мен оны «корзина» деген жерден тауып алдым. Содан әлгі әйелдің нөмірін алып, өзіне телефон соқтым.
«Байың бола тұра сыртынан жүріс жасағаның қалай кетті? Менің көз жасым, балаларымның наласы ұрмайды деп қорықпайсың ба? Менде екеуің жатқан видео бар. Тап қазір күйеуіңді тауып алып, көрсетсем, көзіңе көк шыбын үймелейді» деп бақырдым. Әлгінің жаны қалмады. «Айтпашы. Енді қайталанбайды. Олар білмей-ақ қойсын. Не істе десең де көнуге дайынмын» деп ант-су ішті. Шамасы менің күйеуімнің түсіріп алғанын білмесе керек.
Видеоны өзінің уатсабына жібердім де, «егер осы видео күйеуіңе жетпесін десең, онда жүз мың теңгені шотыма аударып жібер» деп жаздым. Бір сөзге келген жоқ, ертеңіне ақша келіп түсті», - деп ағынан жарылды.
Мен де құрбымның кек алғанына риза болып, оны қоштай салғам. «Дұрыс істепсің, тапқан ақшасын кім көрінгенге шашып жүрген күйеуіңді қатырыпсың. Енді үстіңе тәуір киімдер алып ал» деп өзімше ақыл айтқам. Соным бекер-ақ болған-ау...
Сол жағдайдан кейін ол күйеуімен әбден ұрысыпты. Күйеуі әйелінің ақша бопсалап алғанын естісе керек, екеуі төбелесіп, ақырында татуласып, ортақ бір келісімге келіпті.
«Менде күйеуіме деген сезім қалмады, - деді құрбым. - Ол мені сүймейтінін ашып айтты. Төсекте менен қанағаттанбайды екен. Бірақ балаларының анасы ретінде жақсы көретінін жеткізді.
«Үш баланы қаңғытпай, адам етіп өсірейік. Саған ажырасуға рұқсат бермеймін» деп ашып айтты. Ондай адамнен не үміт, не қайыр? Мен оға шарт қойдым.
«Ақыры тапқаныңды төсек рақаты үшін шашады екенсің. Онда құры құмарыңды қандырып жүре бермей, содан балаларыңа пайда тап. Желөкпе қатындарды бопсалап, ақша тап» деп ашумен айта салғам. Екі аптадан кейін бір видеоны түсіріп, алып келіпті.
«Мынаны ашып көрудің қажеті жоқ. Мына нөмірге хабарлас та, өзіңе керек соманы сұра» деді. Ондайды бір мәрте істеп көргем, күйеуім кете сала звондап, жағдайды баяндадым. Оның жаны қалмады. Күйеуі әжептеуір қызметте істейді-ау, бұл жолы көбірек сұрап едім, сол сәтте аударып жіберді. «Видеоны өшіріп тастаңызшы» деп жалынды.
Күйеуім бұрын тапқанын үйге әкелмейтін. «Бензинге кетті, жұмыста ұстап қалды» деп арзымайтын ақша беретін. Менің айлығым қай жыртыққа жамау болсын, балаларым тойса болды деп өзіме қарамаушы едім. Қазір күйеуімнің ашыналарынан түскен ақшаға әртүрлі киімдер алып, шашымды сәндеп, бетімді әрлеп, адам бола бастадым».
Құрбым осымен төртінші әйелді бопсалап, ақша талап еткенін айтты. Оның бұл тірлігінен жиіркеніп кеттім. «Біреудің көз жасына қалып, бопсалап алған ақша жұқ бола ма?» деп ойымды айтып едім. «Оның тірлігі ше, отбасылы бола тұра әйелі бар ерекекпен жатқаны ақтауға келе ме? Қалай болғанда да ол өз тірлігі үшін жауап беруі тиіс қой» деп қысқа қайырды. Менің жақтырмай отырғанымды сезген сыңайлы. Дереу киінді де, қоштасып кете барды.
Оны қойшы, күйеуінен өш алам, дұрыс өмір сүрем деп жанталасып жүр. Ал күйеуінің адамгершілігі қайда? Ертең ол балаларының көзіне қалай қарайды? Өмірдің бумеранг екенін ұмытып кеткен бе? Қысқасы, олардың бұл тірлігін санама сыйғыза алмадым...»