«Күлме досқа – келер басқа» деген рас, ешкімді кемсітуге болмайды дейді ол.
Құдайдың ең жаман көретіні – тәкаппарлық. Тәкаппарлықтың түрі көп. Астамшылық жасауды да тәкаппарлыққа жатқызуға болады. Ал өзгенің жоғын есіне салып, өзінде барға мақтану ше? Бұл да тәкаппарлыққа жата ма?
«Сенде бар нәрсе, басқада жоқ болуы мүмкін. Аңғармай айтылса ешнәрсе емес, кейбіреулер қасындағы адамның көңіліне қаяу салу үшін әдейі өзіндегі барды айтып мақтанады. Осындайды астамшылық, тәкаппарлық деуге болады. Өзгені кемсіткен соның кейпін киеді. Бұл ақиқат», - дейді алматылық Сұлушаш есімді әйел.
Ол бұл сөзіне әріптесінің өмірін мысал етіп, ERNUR.KZ тілшісіне көпке ой саларлық оқиғаны айтып берді.
«Біздің ұжымда жанындағылардың «жоғын» есіне салып тұқыртатын, оларға тәкаппарлана қарайтын бір әйел бар. Тіпті оның «Байғұс. Бағы ашылмаған сорлы» дейтінін қайтерсіз. Оның есімі Камшат. Жасы елу бесте. Қыз ұзатып, келін түсіріп, немере сүйіп отырған әйел. Мен онымен 20 жылдан бері бірге жұмыс істеп келе жатырмын. Менен алты жас үлкен.
Біздің бөлімде күйеуімен ажырасқан, жалғызбасты әйелдер бірнешеу. Камшат жұмыстан қайтатын уақыт болғанда компьютерін жарты сағат бұрын сөндіріп, дайын тұрады. Сосын қолына сөмкесін ұстап, әр кабинетке бір кіріп «Жұмыста қонайын дедің бе? Бірақ үйіңде күтіп отырған күйеуің жоқ қой, сондықтан асықпайсың. Өзімнің күйеуім бар. Қазір келіп алып кетеді» дейді. Маған да талай рет осы сөзді айтқан. Мен арамызда бала болмаған соң күйеуіммен ажырасып кеткенмін. Әдейі ешкім ажыраспайды ғой.
Камшат отырыстарда күйеуі қоңырау шалса «Жаман да болса күйеуің болғанға не жетсін?! Әне, іздеп жатыр мені. Жоқ болса кім іздер еді» деп айтатын. Бір-екі рет байқамай айтқан шығар дейтін бастапқыда. Бірақ ол үнемі менің көңіл күйімді түсіргенде жаным жабырқап қалатын. Ер-азаматының бар екенін айтып мақтанған да дұрыс шығар, бірақ күйеуі жоқ әйелдердің көңілді отырыста көңіл күйін бұзудың қажеті қанша?
Оның үстіне «Бақыт тыныштықты жақсы көреді» деген сөз бар. Жалғызбасты әйелдердің бірі қызықса, бірі ол бақытты қызғанады, біреуінің көзі тиеді. Өз басым Камшаттың сөздерінен кейін «Менің қай жерім Камшаттан кем? Неге маған жақсы ер-азамат жолықпай жатыр? Мен де қашан Камшатпен тең боп жүрер екенмін?» деп, тағдырыма налитынмын. Оңашада жылап та алатынмын.
Камшат тек күйеуі жоқ әйелдерді ғана емес, ол ұлы жоқтарды да сөзімен кемсітіп отыратын. «Жаман әйел қыз туады», «Еркектен еркек туылады» деген сияқты мәтелдерді тауып алатын әйтеуір. Сосын «Өңкей қыз туғаны үшін тастап кеткен ғой», «Бір жесір келіншек ұл туып берген екен, әйелін үш қызымен тастап, ажырасып кетіпті» деп, айырылысып кеткен әншілердің өміріне өз көзқарасын білдіріп, талқылап отыратын.
Ойланбай айтқан шығар дейді бір құрбым. Жоқ, ол ұлы жоқтардың ортасында тек осындай әңгімелерді, ал күйеуі жоқтардың қасында өзінің отағасы туралы ғана айтады. Ол екі тақырыпты ешқашан шатастырып алмайды. «Жоғы» барларды кемсітіп, өзінен төмен санағаннан ол ләзаттанады.
Камшаттың бір ұл, бір қызы бар. Оның «Мен ақылдымын ғой. Бәрі есеп менде. Ұл да бар, қыз да бар» дегенін де талай естігенбіз. Барды айтып мақтанба демеймін, тек «Құдайға шүкір», «Тәубе» деген сөздерді де қоса айтқан дұрыс. Бұрын ата-бабамыздан «Неше балаңыз бар?» деп сұраса, «Құдайдың бергені бар ғой» деп қысқа қайырып, санын нақты айтпайды екен. Бала санын да, мал санын да солай анық айтпауға тырысқан.
Сөз әлде көз тиді ме екен, я болмаса жанын жабырқатқан әйелдердің бірі "Жалғыздықтың не екенін сен де түсін, басыңа келсін" деп налыда ма, төрт құбыласы түгел Камшат әріптесіміз соңғы екі жылда барынан айырылып қалды.
Күйеуі жүрекке жасалған операцияны көтере алмады. Қайтыс болды. Кейін оның ұлы ауырып жатыр деп естіген едік. Ол әкесінің асы өтісімен, көп ұзамай соңынан аттанды. Естуімше достарының бір отырысынан келген де «Асқазаным ауырып жатыр» деп бүк түсіп жатып қалыпты. Ертеңіне оянбаған. Астан уланды ма екен, әлде жер бетіндегі өлшеп берілген дәм-тұзы таусылды ма кім білсін?! Обал-ай, ұлы жас еді. Артында келіншегі мен алты жасар баласы қалды.
Жақында Камшат апайдың ұлының асы берілді. Келінін көрмедік. Білетіндер ол күйеуі қайтыс болған соң бір аптадан кейін-ақ кетіп қалған деседі.
Жамандық пен ажал айтып келмейді. Ешкім алдында не күтіп тұрғанын білмейді, сондықтан өзгені өзінен қор санап, көңіліне кірбің салмас бұрын соның «тағдыр көйлегін» киіп қалудан қорқу керек.
Мен табалап жатқан жоқпын. Десек те мен бұны Камшаттың ері мен ұлы жоқтардың жанын үнемі ауыртып айтатын астамшылық сөздерінің жазасы ма екен деп ойлаймын».
Сұлушаш бала да, дүние де адамға сынақ үшін берілетінін айтып әңгімесін аяқтады. Ол бала мен дүние көбейгенде солар арқылы берілетін сынақтардың да саны көбейетінін айтты.
Ұқсас оқиғалар:
«Бұрынғы күйеуім келе береді»: Екінші рет тұрмысқа шыққан келіншек уайымын жасырмады
«Бізге бала керек емес»: Алматылық некелі жұп балалы болуды қаламайтынын айттыы