​«Күйеуім аяқ киімін шешкізеді»: шымкенттік келіншек мұңын айтты

0
4 891


​«Күйеуім аяқ киімін шешкізеді»: шымкенттік келіншек мұңын айтты

фото: image.freepik.com

«Әжем марқұм «бай байға, сай сайға құяды» деп отырушы еді. Анам да мен тұрмысқа шығарда «Өз теңің болғаны дұрыс қой, әйтпесе жаның қиналады. Қара су ішсең де өз теңіңмен ойнап-күлгенге не жетсін?!» деп талай рет айтты. Тыңдамадым», - дейді шымкенттік Ақнияз есімді келіншек.

Ал қазір тұрмыстық жағынан өзінен әлдеқайда биік отбасыға келін болғанына өкінеді. Айтуынша, материалдық теңсіздік кәдімгідей байқалып қана қоймайды, оны күнде енесі айтып отырады. Бәрінен де күйеуінің тарапынан айтылған бұндай сөздер жанына қатты батады екен.



Байлықты бәрінен жоғары қоятын бойжеткендерге сабақ болсын деген мақсатта ол оқиғасын ERNUR.KZ тілшісіне баяндап берді:

«Жоқ-жұқана отбасынан шыққаннан соң балалық шағым да, жастық дәуренім де қиындықпен өтті. Анығын айтқанда, ешнәрсеге жарымадым. Әпкелерімнен қалған киімдерді кидім, солардың ескірген сөмкелерін ұстадым. Қатарлас құрбылардың үстіндегі киімдеріне, бақуатты тұратын сыныптастарымның үйіне барғанда тұрмыстық жағдайларына қызығумен бойжеттім.

Айлығын шайлығына жеткізе алмай жүретін анам мен әпкелерім сияқты өмір сүргім келмеді. Сондықтан да байдың баласына тұрмысқа шығам деп өзіме мақсат қойдым. Ал байдың ұлдарына сұлу қыз ұнайды. Олар үшін байлық, дүние, мансап маңызды емес.

Осыны білгендіктен, мен тек сыртқы мүсініме көңіл бөліп, әдемі этикетті үйренуге уақытымды арнадым. Өз біліміммен жоғары оқу орнына түскеніммен, жарытып оқыдым деп айта алмаймын. Өйткені мен жақсы жерде қызмет етуді емес, сәтті тұрмысқа шығуды ғана ойладым.

Табиғат маған сұлулық берген, бұл үшін шүкір деймін. Бірақ бақытты емеспін. Әрине дұрыс таңдау жасамаған өзім кінәлімін. Әйтпесе, өмірлік тәжірибесі мол үлкендер қаншама рет ескертті, айтты.

Әпкем «Сен ол үйде күң боласың ғой. Олар бәрібір сенің шыққан жеріңді айтып, сөзбен нұқып отырады. Сол қорлыққа шыдай аласың ба?» дегенде, менің өзінен жақсы жерге келін болатынымды көре алмай жатыр деп ойладым.

Әкемнің қарындасы да жігітімнің суретін көріп, «Тәкаппар сияқты ғой. Әке-шешеңді менсіне ме екен? Ертең ата-енең әке-шешеңді менсінбей отырса, іштей жылап тұрасың. Дүниесі, жігіттің қымбат көлігі мен зәулім үйі бақыт болмайды» деген. Оның қызы жетім жігітке тұрмысқа шығып, пәтерден-пәтерге көшіп қиналып жүр еді. Ол да маған іштарлық жасап жатыр деп топшыладым. Сөйтсем, олар өмір көрген, адам таниды екен.

Бай-бақуатты, өзімнен жеті жас үлкен қалалық жігітке тұрмысқа шықтым. Әке-шешем несие алып, қарызданып ең жақсы жиһаздарды, көрпе-төсегімді алып келді. Бірақ енем артымнан келген заттарды ағайын-туысқанына көрсетпеді, ұялған шығар. Ол әрқашан менің ісіме де көңілі де толмай, «колхоз» деп отыратын.

Шынында да, ауылдан шыққанмын, білмейтінім көп. Бастапқыда таңғы асқа түннен қалған тамақты ысытып беретінмін. Сөйтсем, қалада таңғы асқа міндетті түрде ботқа пісіреді екен. Енемнің мені «колхоз» дейтініндей бар, сондықтан да мен оның сөзіне онша мән бермеймін. Бірақ күйеуімнің сөзі зілдей тиеді, сезімімді суытады.

Бір күні күйеуім түнде ваннадан шомылып шығып, диванға шалқасынан кеп бар күшімен жата кетті. Денесі ірі, салмағы да әжептеуір адам бар күшімен диванға «құласа», кез келген диван сықырлайды. Ал күйеуім «Немене шешең ең арзан диванды қайдан тауып алған?» деді ашуланып. Артынша былапыт сөзін айтып, біраз боқтанды. Үндемедім, бірақ іштей жыладым десем де болады.

Кейін киім салатын шкафтың есігі жақсы жабылмай қалса да, осы сөзді қайталайтын. Жаныма ауыр тиеді.

Әкемнің қарындасы айтпақшы, шынымен де енемнің де, күйеуімнің де мені тұқыртып, жерге ұрып сөйлегендерінен жаным жараланады. Жылап қалам. Бұдан сорақысы бар.

Күйеуім лауазымды адам. Достары, таныстары, баратын той-жиыны көп. Той-томалақта ішетінін жасырмаймын. Үйге келгенде айқайлап мені шақырады. Аяқ киімін шешкізеді. Сәл баяу қимылдап қалсам, «Тез-тез шешсейші» деп аяғымен тебеді. Тіпті мас кезде «Носкиімді кигіз» деп жатып алатыны да бар. Мейлі, мас кезде ғана ғой деп өзімді жұбатамын. Бірақ сүйген еркек әйеліне осылай ете ме?

Өзімді бұл үйдің күңі сияқты сезінем. Жаным жылап жүр, жүрегім жылайды...»



Ұқсас оқиғалар:

«Күйеуім насыбай атады»: мүгедек бала туған ана күйеуін кінәлап отыр


«Енем жақпай жүр»: шымкенттік келіншек енесіне әрең шыдап жүргенін айттыы