​«Күйеуім басқа әйелдің қойнында, ал мен оның анасын бағып отырмын»: тараздық әйел бүгінгі тұрмысын айтып берді

0
3 744

«Енем дұрыс жүріп-түре алмайды, мүмкіндігі шектеулі. Үш баламыз бар...»


​«Күйеуім басқа әйелдің қойнында, ал мен оның анасын бағып отырмын»: тараздық әйел бүгінгі тұрмысын айтып берді



«Мен – келінмін. Басыма ақ орамал салғанда ішімнен «сүйегім осы үйден шығады, бақытты болам» деп ниеттенгем. Күйеуім басқа әйелге кетіп қалса да сол сертімде тұруға барынша тырысып келем», - дейді Гүлназ есімді әйел.


Үш баланың анасы қазір мүгедек енесін жалғыз өзі бағып отыр. Отбасындағы жағдайды Гүлназдың өзі ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Жасым қырықтан асты. Бұл әулетке он тоғыз жасымда келгем. Күйеуім екеуміз мен студент кезімде танысқанбыз. Көп ұзамай алып қашты. Бірақ келген кезде енем мені жақтырмады. «Балам маған айтпай үйленіп отыр. Менің дайындығым жоқ, әкелген жеріңе қайта апарып таста» деп мені көліктен түсірткізбей біраз тұрып алды. Марат үйінің жалғыз баласы болатын, өзінен үлкен үш әпкесі бар. Олардың бәрі тұрмыста екен. Жалғыз баласының тосыннан, танымайтын біреуді әкеп тұрғанына ренжіді ме, әлде баласын қызғанды ма, біраз тулады. Бірақ ауылдағы ағайын атамыз бір сөзбен бәрін тоқтатты. «Баланың меселін қайтарма, екеуі келісіп, үй болуға ниеттенген екен, ақ батамызды берейік» деп басыма орамал салғызды.


Сол күннен бері менің өмірім тозаққа айналды. Енем менің тірлігім түгілі, әр қадамымнан мін іздеп отыратын. Кешке дейін мені отқа да, суға да салып, шыжғырып қуырып алатын да, кешке баласы келгенде түк болмағандай түлкідейін түр істеп алатын. Екіжүзділігінен, жөн-жосықсыз мені түртпектегенінен шаршасам да, күйеуім үшін бәріне шыдадым. Жалғыз ұлдың енші алып кетпейтінін жақсы түсіндім.


Бірақ Құдай мені енемен ғана емес, күйеумен де сынады. Үйленгенімізге он бес жыл болған. Таңнан кешке дейін үлкен үйдің бітпейтін тірлігі, бала-шағаның ас-суы деп шапқылап жүргенде күйеуім сырттан жылу іздеп, алаяқ әйелмен әуейі боп кетіпті. Өзі банкке жұмысқа тұрған, қалаға қатынап істейтін. Әлгі әйел басын айналдырып, әлдекімдердің атынан рұқсатсыз несие рәсімдеуге көндірген. Соңынан үстінен іс қозғалып, уақытша тергеу изоляторына қамалды.


«Ойбай, енді қайттік, жалғыз ұлымыз түрмеде шіритін болды» деп ата-енеміз жан-жақтан таныс-тамыр іздеп, балаларына араша түспекші болған. Осы кезде әлгі алаяқ әйел бізбен байланысқа шықты. «Менің танысым бар, екі миллион теңге берсеңдер, істі ың-шыңсыз тындырып береді» деп үлкендерді де өзіне қаратып алды. Атам марқұм бар жиған малын сатып, әлгі ақшаны алаяқ әйелдің қолына ұстатты. Ол оңбаған күйеуімнің үстінен қозғалған істі өзі әдейі ұйымдастырған-ау деп ойлаймын. Себебі екі миллионды алған соң Марат түрмеден шыға келді. «Өзінің де шекесіне тиген шығар, енді жаман әдеттен аулақ жүрер» деген сенімде едім, бірақ ол түрмеден шыққан күні үйге келмей, бірден әлгі әйелге тартып отырыпты. Сол күннен бері тіпті әке-шешесіне де келген жоқ.


Енем оның басқа әйелге кеткеніне қуанды. "Ақылды, сұлу, табыскер әйел екен, өзі бақытты болса болды" деп жарама тұз себетін. Ал атам баласының алаяқ әйелдің арбауына түскеніне көндіге алмады. Қайта-қайта артынан іздеп барып, үйге қайтарғысы келді. Ақырында бұл жағдайға жүрегі шыдамай, қан қысымы қатты көтеріліп, өмірден өтті.


Сөзімді сөйлейтін жалғыз адам атам еді, ол кеткесін енемнің күші еселене түсті. Қыздарымен бірігіп мені үйден қууға тырысты. Ақырында алтындарын өзі тығып, мені ұры етіп шығарған соң амал жоқ үйден кетуге мәжбүр болдым.


Қалаға келіп, ағамның бос тұрған бір бөлмелі пәтеріне жайғастым. Үш балам да мектепке орналасты. Алды сегізінші, кішісі бастауышта оқитын. Өзім ағамның базардағы бір нүктесіне сатушы боп орналастым. Бір жылдай осылай өмір сүрдік. Бірақ сонда да күйеуімді, ауылдағы үйді сағынып, түнгі ұйқым төрт бөлінетін.


Бір күні базарда сауда жасап тұрсам ауылдағы көрші апаның келінін кездестіріп қалдым. «Гүлназ жеңге, сіздер кеткелі ана үйдің берекесі кетті. Марат ағай әлгі әйелмен бірге келіп, «Үлкен үйді сатамыз, сіз есіктің алдындағы екі бөлмелі времянкаға отырасыз. Бір өзіңізге мұндай үлкен үй не керек?» деп шу шығарыпты. «Шалымнан қалған үйді өлсем де сатпаймын. Мен тірі тұрғанда үй менікі болады» деп апа қатты ашуланып, ақырында инсультпен ауруханаға түсіп қалды. Содан бері жағдайы мәз емес, аузы қисайып қалған, бір қолы, аяғы дұрыс істемейді, төсек тартып жатыр. Қыздары апта сайын келіп тұрады, көрші Жайнаға ақша беріп қойған, екі мезгіл келіп, тамағын істеп, киімдерін ауыстырып кетеді. Елдің бәрі «келініне көрсеткен зәбірі алдына келді» деп сізді еске алып отырады» деп жағдайды айтты.


Көрші келіннің әңгімесінен кейін енеме деген ашу, өкпе-реніштің бәрі тарқап кетті. Қанша дегенмен балаларымның әжесі ғой, төсек тартып жатқанда жағдайын сұрамағаным ұят деп балаларды алып ауылға бардым. Етжеңді, толық денелі енем азып-тозып кетіпті. Шашын бояп, тап-таза боп жүретін, дымы қалмаған. Мені көріп жылап жіберді. Сөзіне түсінбейсің, бірақ менің келгеніме, немерелерін көргеніне қуанғаны анық. Қайта-қайта қолымды қысып, көзімен кешірім сұрады. Дереу қыздарыммен үйдің ішін ретке келтіріп, тәтті тамақ, бауырсақ пісіріп бердім. Енем байғұс шекесі терлеп шай ішіп, рахаттанып қалды. «Гүлназым, алжыған енеңді кешір, саған істегенімді Құдай алдыма келтірді. Қадіріңді білмеппін» деп жылады. «Ат айналып қазығын табады» деген бар, мені мына немерелерімнің қызығынан айырмашы, осы сенің үйің, атыңа аударып беремін, кетпе» деп жалынды. Мен ол кісінің сөзін жерге тастай алмадым.


Міне, содан бері екі жыл өтті, енеме қараймын, келіндік қызметімді адал атқаруға тырысып келемін. Бірақ кейде «осы менің есім дұрыс па, күйеуім қалада қаңғырып, қыдырып жүр, мен не үшін оның анасын бағып отырмын» деп ойланам. Қалай дейсіздер, менікі дұрыс па?..»