«Әйеліне жаны ашыған еркек үйіне қонақ шақыра бермейді» дейді ол. Сіз қалай ойлайсыз?
Фото: pbs.twimg.com
«Күйеуім маған «Сен эгоистсің» дейді. Керісінше ол эгоист. Эгоист болмаса, маған жаны ашитын еді ғой. Ал әйеліне жаны ашитын еркек оның да ет пен сүйектен жаралған адам екенін түсінеді, робот сияқты қарамайды», - дейді шымкенттік Махаббат есімді келіншек.
Ол қонақ күтуден шаршағанын айтып, ер-азаматтарға ой салса деген мақсатта өз өмірі туралы ERNUR.KZ тілшісіне баяндады:
«Мүмкін үйде екі-ақ перзент боп өскеннен соң көпшілікпен етене араласып кете алмайтын шығармын. Оның үстіне көпшілік ортасына барсам немесе үйге қонақ келсе шаршап қаламын әлім құрып. Сосын қайтадан қалпыма келу үшін бір күн ұйықтауым керек.
Оңашаны, тыныштықты жақсы көрем. Бірақ тұрмысқа шыққалы тыныштықты, рахаттанып ұйықтауды ұмыттым.
Босаға аттағаныма небәрі үш жыл болды. Бірақ осы аз уақыт мені отбасылық өмірден жеріндіріп жіберді.
Анама айтсам, ол «Қызым, бұны отбасылық өмір дейді. Барлық әйел ерте тұрып, тамақ істейді, ыдыс жуады, киім үтіктейді, үй тазалайды, басқа да шаруаларына үлгереді. Әрине шаршайсың, бірақ шыдауың керек» деді. Үй тірлігінен емес, мен қонақ күтуден шаршағанымды ол қайдан түсінсін. Өйткені әкемнің достары көп болғанымен, ол үйге қонақты аз шақырады.
Күйеуім департаментте бөлім басшысы. Танысы да, достары да көп. Күтпеген жерден үйге төрт-бес қонақты ертіп келе салады. Есептесем, ол кейде аптасына екі-үш рет үйге қонақ шақырады екен. «Қазанға ет сал, дастархан жай» деп жүгіртеді. Ол үшін бұл оп-оңай сияқты.
Күйеуімнің жалақысы бір отбасыға жетеді, бірақ күнде қонақ күтуге емес. Кейде бір ай жейтін етті бір аптада қонаққа асып тауысамыз да, сосын қарызға аламыз. Күйеуім үш жылдың ішінде бір рет те базарға немесе дүкенге барған емес. Қолыма ақша ұстатады да мені жұмсайды.
Ауыр азық-түлікті белім бүгіліп көтеріп келем. Ал ол рахмет айтудың орнына «Еттің майсызын алмадың ба?», «Мен берген ақшаға алғаның осы-ақ па? Неге аз?» деп зығырданымды қайнатады. Кейде күйеуімнен осындай артық сөз естімес үшін жақын маңдағы дүкенге емес, автобуспен базарға барып келем. Базарда азық-түлік арзандау, бірақ автобуста әбіржіп, аялдамадан үйге жеткенше өліп қала жаздаймын. Әйтпесе күйеуімнің астында көлігі бар. Бірақ ол қолы босай қалса, тіпті демалыс күндері де көлігіне мініп қыдырып кетеді.
Иә, достарымен қыдырады. Достарының үйіне барған соң, әрине оларды да үйге шақыру керек. Түсінем, көнем. Алайда шаршап кетем. Шыдамның да шегі бар емес пе?!
Әсіресе, оның түнде достарын үйге ертіп келетіні жыныма тиеді. Той-томалақ немесе туған күнге бара ма, міндетті түрде одан шыққан соң үйге келіп тағы екі-үш сағат әңгімелесіп отырады.
Тойдан шығып келген қонаққа тамақ істеудің қажеті жоқ шығар деп ойлайтын шығарсыз. Мен де солай ойлап, шай беріп шығарып салғым келеді. Бірақ күйеуім «Тамақ істе. Жемесе де бір тамақ істеуің керек. Ұят болады» деп асүйге қайта-қайта келіп миымды ашытады. Жұрттар ұйықтап демалып жатқанда мен картоп аршып, ет турап отырамын.
Жексенбі күні бір демалайыншы деп ойлаймын. Ал күйеуім демалыс күні түске таяу ұйқысынан оянады да телефонын шұқылап, таныстарына, ескі достарына қоңырау шалады. «Үй жаққа өтсейші» дегенді міндетті түрде айтады. Бәрі бұл шақыруға келе салмайды, бірақ менің күйеуім сияқты ерігіп-зерігіп отырғандары табылады.
Ашуым келгенде бастапқыда күйеуіме «Шаршадым. Қонақ шақыра бермеші» деп талай рет айтқанмын. «Күні бойы үйдесің, неге шаршайсың?» деген. «Ата-енемен тұрмағаныңа қуансайшы. Қара шаңырақта тұратын келініңнің орнында болсаң қайтер едің? Ол өлмей-ақ келім-кетімі көп үйде шаруасын істеп жүр. Сенікі еркелік қой. Шаршаудың не екенін білмейді екенсің сен» деп ұрсып тастаған.
Ол әсіресе ауырып қалсам көп ұрсады. Сонда мен ешқашан ауырмауым керек пе? Мен робот емеспін ғой. Шаршаймын, әлсіреймін, бірақ бұны күйеуім түсінбейді. Түсінсе, маған жаны ашыса, үйге қонақ шақыра бермейтін еді.
Әрине оның «Қонақпен бірге береке келеді» дегенімен келіскім келеді, бірақ керісінше қонақ үйге ккөп келген сайын менің берекем қашып жатқандай. Мүмкін физикалық тұрғыда ғана емес, менің жүйкем де шаршаған болар. Әрине үйде отырған әйелге де демалыс керек. Мен де жексенбі күні аяқ созып жатқым келеді. Бірақ күйеуімнің бұл қалауымды түсінбейтініне таң қаламын. Бұл эгоистік емес пе?..»
Махаббат әңгімесінің соңында «Күйеуімнің жұртты демалдырғанын қайтейін, маған бір күн демалыс бермесе?» деді ренжіп. Оқырман, сіз де әйеліңізді робот сияқты көресіз бе, әлде?
Ұқсас оқиғалар:
«Күйеуім балам сияқты»: Күйзеліп жүрген келіншек күйеуінің қасына жатқысы келмейтінін айтты