​«Күйеуім үйреткен»: Қарағандылық әйел ішімдікке не үшін салынғанын айтып берді

0
1 240

Екі ұлы ата-анасының қолында...


​«Күйеуім үйреткен»: Қарағандылық әйел ішімдікке не үшін салынғанын айтып берді

Жасы небәрі 29-ға енді толған келіншек екі рет емделіп шыққан. Бүгінде жағдайы жақсы болса да, қайтадан алкогольдің соңынан кетемін де уайымдайды.

Тұрмысқа шыққанша ішімдік атаулыдан татып алмаған ол өзінің осынау жағдайға тап болғанын күйеуінен көреді. Егер ол ішімдікке үйір етіп, күн сайын үйге алып келмегенде бәлкім, тағдырдың мұндай ауыр сынына ұшырамас па едім дейді ол.

Өз басынан өткенін ERNUR.KZ тілшісіне айтып берген келіншек ата-анасының қолындағы екі баласымен қайта қауышсам дейді.

- Сыныптастармен отырыс-кездесулерде де алкогольді сусыннан дәм татпағанмын. Ондай кештерге әкем де көп жібере бермейтін. Оқуымды бітірген соң үйде, әкемнің кәсібіне көмектестім. Оның бизнесінің есебін жүргізіп отыратынмын. Сол себепті де мені жанына жиі ертіп жүретін еді. Сөйтіп жүргенде оның кәсіпкер досының інісімен танысып, сөзіміз жарасты. Ол да ағасымен бірге жүріп әкемнің көзіне түскен соң менімен кездесуіне қарсы бола бермейтін.

Ең алғаш рет сыраның дәмін де татқызған сол күйеуім. Бірге қыдырғанда оның қолынан үнемі сыра түспейтін. «Ішіп көрсейші» деп ұсына беруші еді. Басында ұнамады, кейіннен мен де ұрттайтын болдым. Солайша спиртті ішімдіктің дәмін татып көре бастадым, - деп есіне алады ол.


Содан кейін ол көп ұзамай тұрмысқа шыққан. Бірден бөлек шыққан олардың үйінен жас достары үзілмейтін болғанын айтады. Көбі бойдақ, бастары бос болғандықтан екі жастың үйіне келіп көңіл көтеруді әдетке айналдырған.

- Бізге де қызық еді. Жаспыз, екеуден екеу отырғанымыз өзімізге ұнамай достарымызды шақырып ала беретінбіз. Ал отырысымыз ішкіліксіз өтпейтін. Сөйтіп жүргенде аяғым ауырлады. Босанған соң үйге келетін қонақтар, достарымыз тіптен көбейді. Олардың әрбірімен стақан соғыстыру да мен үшін әдетке айналған еді.

Содан кейін үйімізден ішімдік үзілмеді. Екеуміз қалсақ та төсекке жатарда шарап ішу, тамақтан бұрын бір-екі стақан арақ ішу деген үйреншікті боп қалды. Азық-түлікпен бірге араақ-шарапты қоса алатын жағдайға қалай жеткенімізді байқамаппыз. Уақыт зырлап өтіп, екінші баламды да дүниеге әкелдім. Ол уақытынан бұрын әлсіз боп дүниеге келді. Сол кезде дәрігер де бірдеңені сезгендей «отбасыңда ішімдікке салынған ешкім жоқ па еді?» деп сұраған еді. Жасырдым..., - дейді келіншек мұңайып.

Айтуынша, содан кейін де ол өзін тоқтата алмапты. Күн сайынғы ішілген ішімдікке ағзасы үйреніп, ішпесе тұра алмайтын күйге жеткен.

- Кей күндері балаларым да қараусыз қалатын болды. Ішімдік жоқ болса іздеп тұратын болдым. Осы кезден бастап күйеуім тез есін жиып, үйге шайтан суды әкелмейтін болды. Ал мен бойымды үйрете алмадым. Ішімдік жоқ болса ашуланып, жоқ жерден айғай-шу шығаратын едім. Күйеуім ондай күндері балаларға өзі қарап шығады. Мен көзім тұманданып, ішімдік ішкім келеді. Іздеймін, ұйқы көрмей қиналамын. Күйеуім үйге ақша да тастамайтын болды. Ақша болса, дүкеннен әкеп ішемін.

Бір күні сүт пен нанға деп тастап кеткен ақшасына арақ әкелдім. Ішкен соң маужырап ұйықтап кетіппін, айғайдан оянсам үйдің іші көк түтін. Үш жастағы балам шыңғырып, оған кішім қосыла жылап жатыр. Пештің үстінде жастық бықсып жанып жатыр екен. Сасқанымнан екеуін алып жүгіріп далаға шықтым. Көршілер жиналып қапты, сол кезде күйеуім де келіп үлгерді. Менің түрімді көрген ол бірден түсінді не болғанын. Бірінші рет қол көтерді...


Бірақ ішімдікке салынған келіншек күйеуінен таяқ жесе де қоймаған. Бүкіл көршілері шағым жасап, ата-анасына жеткізгенде олар келіншекті емдетуді қолға алыпты.

- Сол бекер болды ма деймін. Өйткені, ол жерде емделу мүмкін емес еді. Ішімдіктің соңына түскендер неше түрлі нәрсені ойлап тауып, қалап тұрған спиртті кез келген жерден тауып келетін. Қасымда бір келіншек жатты. Шикі картопқа әлдене қосып, соны жеп отыратын. Бір күні шыдай алмадым, оның да әмін таттым... Несін айта берейін?! Әйел бір салынса, ішімдікті тастай алмайды дегенді бұрын естуген едім, рас болып шықты. Емделіп шыққан соң бір ай ғана жүрдім, әрі қарай қалай ішудің ретіп таптым ғой... Көшенің үйірсектері де күйеуім жоқта үйге жиналатын болды. Бұрын қымбатын, жақсысын ішетін мен олар не әкелсе соны іше беретін болдым. Арзан самогон, спирт араласқан су, сасық шарап... бәрі кетті.

Оны үмітін үзген күйеуі тастап кеткен. Екі баласымен қоса ішімдікке салынған әйелінен бас тартқан ол әке-шешесімен бірге алыс қалаға көшіп кеткен көрінеді. Өзінің төркініне қайтып келген оны әкесі жеке клиникада емдетіпті.

- Екінші рет ем алғанда менімен психолог жұмыс істеді. Сол ғана менің көзімді ашқандай болды. Кіші баламның өзі бес жасқа келіп қалғанын байқамаппын ішімдіктің соңында жүріп. Әкелерінен аумай қалған қос ұлымды құшақтап жыладым емханадан шыққан күні.

Қазір екі ұлым да ата-анамның қолында, өзім үлкен қалаға барып жұмыс істеймін. Басында анам жібергісі келмеді, сенбегенін, тағы ішіп кете ме уайымдағанын көрдім көзінен. Бірақ әкем қолдау білдірді. Жұмысқа тұрып, өміріп бір қалыпқа түскен соң күйеуіме хабарластым. Ондай қадамға бару оңай болмады, әрине. Бірақ екі ұлымыз үшін одан кешірім сұрап, мүмкін болса қайта жарасуға өзім бірінші болып қадам жасағанмын. Бірақ естіген өзім ауыр болды. «Мен тағы да ішкілікке салынған әйелдің қасында жүргім келмейді» дегенді естігенде расында тағы ішіп кеткім келген. Бірақ өзімді әзер жинадым...

Сол ішімдікке үйір еткен, басынан бастап маған тек дей алмаған ол да кінәлі емес пе еді?!, - дейді түзу жолға түсіп, өзінің әлсіздігін жеңген келіншек.

иллюстрациялық суреттер: ашық дереккөзден