​«Күйеуімді қайтарып берді»: шымкенттік келіншек пен күйеуін көңілдесі қайта жарастырған

0
3 582

«Ондай ақылды көңілдесті бірінші рет көріппін»


​«Күйеуімді қайтарып берді»: шымкенттік келіншек пен күйеуін көңілдесі қайта жарастырған
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды

«О заман да , бұ заман, көңілдеспен кетіп қалған күйеуді көңілдестің өзі отбасына әкеліп, бір табыстырғанын естіп пе едіңіздер? Білмесеңіздер, мен айтайын. Балаларына қарамай, желік қуып кеткен күйеуім қазір жанымызда. Біз бақытты жанұямыз. Мұның бәрі көңілдестің арқасы», - дейді Шолпан есімді шымкенттік келіншек.


Ол отбасында болған жағдайды ERNUR.KZ тілшісіне бүкпесіз баяндап берді.


«Сұлтан екеуміз сүйіп қосылдық. Студенттік шақтан бері біргеміз. Ата-енем де, қайын жұртым да жақсы адамдар. Күйеуімді шексіз сүйемін. Құдай бізге бақ-дәулетті берудей-ақ берді. Қызмет те, абырой да бар. Төрт қыздың ата-анасымыз. Сырт көзге еш міні жоқ отбасы боп көрінгенімізбен, таяуда біз үлкен сынақты бастан кешірдік.


Тарқатып айтар болсам, Сұлтан соңғы бір жылда қатты өзгеріп кетті. Бұрынғыдай отбасына көңіл бөлмейді, үнемі жұмыста, кеш келеді. Әйелдің түйсігі мықты дамыған дейді ғой, оның өзгеріп жүргенін бірден байқадым. Бірақ сыр білдірген жоқпын.


Күндердің күнінде оның телефонына хабарлама келді, Жанна деген біреу «Кешке үйге кел, ет асып қоямын» деп жазыпты. Қаным басыма шапты. Күдігім расқа айналғанына ішім удай ашып, үйді астаң-кестең еттім. Қол жууға кеткен күйеуім қас пен көзің арасында не болғанын ұқпай қалды.


«Мынауың кім? Төрт қыз туып, кіріңді жуып, саған жақсы әйел болу үшін барымды салғаныма, он бес жыл уақытымды сарп еткеніме айтқан рахметің осы ма? Ұл тумайтын қатын деп мені менсінбей, өзгеден жылу іздедің бе?! Менің не жазығым бар еді?..» деп қолыма түскеннің бәрін қирата бердім.

Ол ақталып әлек. Ол әйелді ұнатпайтынын, жай ғана уақыт өткізгенін айтып, мені райымнан қайтармақшы болды. Бірақ мен бет бақтырмадым. «Дереу киімдеріңді жина да, табаныңды жалтырат!» деп шарт қойдым.


Күйеуім артына қарайлаған жоқ, сөмкесін алды да, үйден шығып кетті. Оның бұл әрекеті мені әбден күйзелтті. Елдің бетіне қарай алмай, жер бауырлап жатып қалдым. Қыздарым да үрпиісіп, «Мама, біз үшін басыңызды көтеріңізші» деп жылай берді.


Бірақ тірі адам тіршілігін жасайды екен. Сұлтанға ерегіскенде жарқырап жүремін, қыздарымды аяққа тұрғызуым керек деп, белді бекем будым. Күйеуіме сеніп мамандығым бойынша жұмысқа да орналаспаған едім. Дереу үй жанындағы мектептерден жұмыс іздедім. Бірақ Құдайдың маған деген жоспары басқаша екен. Жұмыс табылмады. Салым суға кетіп, «енді қайтемін» деген оймен үйге келсем, Сұлтан отыр есік алдында. Қасында әлгі ет жеуге шақырған көңілдесі тұр. Бұрынғы ашу-ызаның бәрі қайта оралып, екеуіне бас салмақ болып едім. Күйеуімнің көңілдесі «Көршілерден ұят болады, үйге кіріп сөйлесейік» деді.


Қапелімде не дерімді білмей қалдым, сосын үйге өзім бастап кірдім. Күйеуімнің көңілдесі екеуінің арасындағы болған жағдайды бүкпесіз айтып берді. «Күйеуіңде кінә жоқ. Біз, әйелдер ғой, алдап, арбап, уысымызға түсіретін. Бұл менің жетегіме ерді. Менің нем кетті? Жесір әйелмін, аңдып отырған адамым жоқ. Бір сәтке желік қуып, күйеуіңмен көңіл жарастырдым. Бірақ мұның шектен шығып, біреудің отбасын бұзамын деп ойламадым. Сұлтан сөмкесін арқалап, есігімді қаққанда істің насырға шапқанын ұқтым. Өзім де ұл-қыз өсіріп отырған анамын. Әкесіз өсудің не екенін жақсы білемін. Сол себепті Сұлтанды алдыңа өзім әкеліп отырмын. Еркек үйден таппаған қызықты сырттан іздейді. Бұдан былай күйеуіңе ие бол!» деді.


«Маған бұндай желөкпе бай керек емес, қайдан келсе, сонда кетсін!» деп айқайға басып едім, «Бақытыңды басқа теппе! Сұлтандай білімді, табысты жігіттер далада қалады деп ойлайсың ба? Мен болмасам, басқа біреу қағып кетеді. Байынан айырылып, жалғызсырап жүрген әйел көп. Анау төрт қызыңды қалай өсіресің? Бір рет қателесті екен деп сыртынан үкім шығаратындай біз кімбіз? Әркім Алла алдында өз күнәсі үшін жауап береді» деп тағы да таңғалдырды. Сосын кетерінде күйеуіме қарап «Сен де енді осыдан сабақ ал! Бала-шағаңа қарап, отбасыңның шырқын бұзба!» деп ақыл айтып кетті.


Қазір, Аллаға шүкір, бес баланың ата-анасымыз. Күйеуім екеуміз қайта қосылған соң, көп ұзамай ұлды болдым. Сұлтан да шексіз бақытты. Менің асты-үстіме түсіп, айтқанымды екі етпей отырады. Тұңғышымызды жақында ұзатайын деп отырмыз.


Кезінде мені сабама түсіріп, күйеуіммен жарастырып кеткен сол бір келіншек қазір қайда жүр екен... Өмірімде мұндай ақылды көңілдесті алғаш рет көруім еді. Іштей күйеуімнің осындай жақсы жанмен жанасқанына қуандым. Біртүрлі, қызық естіледі, иә?»


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Көршінің баласына лағынет айтамын»: алматылық жігіт қалай "көгілдірге" айналғанын жайып салды


«Әйелім қызына қарамай кетіп қалды»: шымкенттік азамат басынан өткен оқиғаны бүкпесіз жайып салды