«Жаман күнінде жанына жалау болып едім, қадірімді білмей отыр»
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды
«Екі жас үйленгенде тойға келген қонақтар «бақытты болам деп емес, бақытты қылам деп кел» дегендей тілектерді айтады ғой. «Осы әулетке бақ боп келді» деген де бар. Мен сондай жанмын. Күйеуіме бақ болған әйелмін. Әттең, бірақ күйеуім қадірімді білмейді де», - дейді Нұржамал есімді шымкенттік әйел.
Үш баланың анасы, бір немеренің сүйікті әжесімн деген оқырманымыз ERNUR.KZ тілшісіне басынан өткен жағдайды баяндап берді.
«Жан сырымды көптің талқысына салсам ба, салмасам ба деп көп ойландым. Ақыры бір жеңілдеп қалармын деген оймен жазуды ұйғардым. Жас шағымда тәп-тәуір сұлу едім. Жігіттер мені көрсе гүлге үймелеген арадай құжынайтын. Бірақ ешуақытта да бір жаманға қор болып өмірім өтеді-ау деп ойлаған емеспін. Тағдырдың біз күтпеген тосын сыйы көп болады екен ғой. Жоғары оқу орнын бітірер-бітірместен Темірхан деген жігіттің етегінен ұстадым. Несімен баурап алғанын білмеймін, әйтеуір сол дегенде мұз көңілім еріп сала беретін.
Темірхан бұрын үйленіп, ажырасқан екен. Үйленер кезде онысын менен жасырып қалған. Кейін білгеннен не пайда, болары болып, бояуы сіңіп қойған. Қойшы, сонымен не керек, екі балалы болғанша тату-тәтті өмір сүрдік. Елдегі басқа да жас отбасылар сияқты жатақханадан бөлме жалдап, азын-аулақ жалақыны қанағат еттік. Мен балалы болдым, Темекең бізді асырау үшін екі жерде жұмыс істеді.
Бірақ, кейін еліміз егемендігін алды да, жұрт қаражаттан қысылып, ала дорба арқалап кеткен кезге тап болдық. Күйеуім елдің ер-азаматы секілді саудаға көшті. Басында ақшасының басын бірін-біріне қоса алмай біраз қиналды. Кейіннен жолын тауып, үйреніп алған соң саудасы жүре бастады. Азық-түлік тасумен айналысты. Елге ең қажет деген қант, шай, макарон өнімдерін көрші елдерден көтерме бағамен әкеліп, базарларға тарататын. Бірте-бірте саудасы жүріп, қалада әлі ешкім мінбеген шетелдік көлікті тақымдады. Артынша екі бөлмелі пәтер әперіп, ішін жасап, бізді көшірді.
Бас-аяғы бірнеше жылдың ішінде жағдайымыз анағұрлым жақсарды. Біраз ақшаның басын құрап азық-түлік дүкенін аштық. Сатушыларды жалдадық. Біздің бар шаруамыз ақша санап, есеп-қисапты жүргізіп отыру ғана еді. Бірақ артық ақша, дүние адамды бұзбай қоймайды екен.
Қалтасына ақша біткен сайын Темірханды табу қиындай түсті. «Достарыммен қыдырамын», «Жұмыспен кеттім» деген сылтаулары көбейе түсті. Астында қымбат көлік, қалта толған ақша, мұндайларға қыз-қырқын кенедей жабысатынын сезсем де, екі жылымды сабырға жеңдіріп, бәріне шыдап келдім. «Қазақ байыса қатын алады» деген қалай құп айтылған десеңші, талай түнім жылаумен өтті. Үстінен неше түрлі әтірдің иісі бұрқырап, таң қылаң бере удай мас боп оралған күндері көп болды. Нәпсінің құлына айналып, талай мәрте жалынып та, жылап та айтқан сөздеріме құлақ аспады.
Бұл кезде үш балалы болып қалғанбыз. Ақшам болса да әйел бақытын сезінбей жүрген кезім, үйдің керек-жарағын түгендейін деп базарға шыққам. Таксист жігіт сөзге шешен екен, «бойдақсыз ба, бойдақ болсаңыз сізге ойланбай үйленер ем, үш балалы әйелге мүлдем ұқсамайсыз, сұлулығыңызға тәнті болдым» деп мақтауымды асырды. Айдаладағы танымайтын еркек тамсанып, үздігіп отырғанда күйеуімнің істеп жүрген тірлігі есіме түсіп көзіме кеп қалған жасты әзер тыйдым. «Күйеуім білгенін істесін, ал мен ар-ұяттан аттамай, отбасымды сақтап қаламын» деп іштей өзіме серт беріп, ешкімнің мақтау сөзіне ермедім.
Бірақ шыдамның да шегі болады екен. Темірхан бір күні ойнасын үйге ертіп келіпті. «Бізге шай қойып жібер» деп бұйрық бергенде шыдай алмадым. Түн ортасында такси шақырып, балаларды алдым да, төркініме кетіп қалдым. Әбден төзімім таусылып, жүйкем жұқарып біткен еді. Ақшасы да, байлығы да құрысыншы дедім. Жаның тыныш таппаған соң дүние-мүлік түкке де керек емес екен. Бала-шағамның киімінен басқа ештеңе де алмастан ауылдағы төркініме тарттым.
Мен кеткесін Темірхан үйге неге түрлі ойнастарын әкеліп, дүние-мүлікті суша шашыпты. Бәрінен банкрот болып, дымы қалмаған кезде бала-шағасы есіне түскен. Бір жылдан кейін басы салбырап біздің алдымызға келді. Оның аянышты түрін көргенде күйіп кеттім. Тірнектеп жинаған барлық дүниеден айырылып қалған. Құмар ойынға шатылған. Әкем марқұм «қызым, ақылға сал, енді адам болатын шығар, шекесіне тиді ғой» деп кешірімін беріп, бізді жіберді.
Басында үйі, астында көлігі жоқ күйеуім қолындағы азын-аулақ ақшасына кішкене екі бөлмелі үй алып, қарапайым жұмысшы болып істеді. Балаларымыз үшін оның өткеніне көз жұма қарап, тағы да көтерілуіне бар жағдайды жасадым. «Сенің қолыңнан бәрі келеді» деп қанаттандырып жүріп, баяғы дәулетті күнімізге қайта оралдық. Қазір күйеуім құрылыспен айналысады. Бірнеше бригадасы бар. Табыстан кенде емес. Соның арқасында балаларымыз да шалқып, ештеңеден кенде болмай өсті. Бәрін оқыттық, қызды ұзаттық. Енді баламыз келіншек әкелем деп отыр.
Өткен күндер, жылайтын кез артта қалды деп ойлап қателесіппін. Күйеуім елуге келген шағында тағы бір әйелдің арбауына түсіп, қылық шығарып отыр. Меншігіміздегі бір үйді соның атына жазып беріпті. Астына арзандау көлік әперіп қойған деседі. Елмен құда боп, немере бағып отырар шақта баяғы әуеніне қайта басып, масқара болдық. Түнде үйге қонбайтын боп жүр. «Кәрі түйе ойнақтаса жұт болар» демекші, қартайғанда желік құрам деп бар дәулетінен, жиған-терген абыройынан айырылып қалмаса игі еді. Қолымда нақты дәлелім болмағасын өзімен сөйлесудің ретін таппай жүрмін. Тек бір білерім, күйеуімнен көңілім қалды. Жаман күнінде жанына жалау болған менің қадіріме жетпеді ғой...»