​Күйеуіне екінші әйел алуға рұқсат берген

0
2 267

Күйеуінің жесір қалған сыныптасын некелеп екінші әйел етіп алуына не себеп болды екен?


​Күйеуіне екінші әйел алуға рұқсат берген

Бір кездері Ресейдің «Фабрика» тобының «Саша плюс Маша» деген әні хит болып еді. Ән мазмұнында Маша Сашаны жақсы көреді, ал Саша тек қана Дашаны сүйеді. Дашаның Вова деген жігіті бар, бірақ ол Саша кешірім сұрап келсе Вованы тастауға дайын.

ERNUR.KZ тілшісіне хабарласқан Гүлсараның өмірі осы әнге ұқсайды.


Жалпы, кез келген ән де, фильм де, повесть пен роман да өмірден алынады. «Фабрика» тобының бұл әні де өмірде болған, бола береді. Өйткені бұл өмірдің айнымас заңдылығы.

Гүлсара осылай дейді. «Бұған менің ғана емес, талай тағдыр иелерінің өмірі мысал бола алса керек?!» деген Гүлсара әңгімесін өмірден түйген ақылын айтудан бастады.


«Сашаның айтқанын екі етпей орындап, ауырып қалса жұмысыңызды тастай салып оның қасынан табылсам, телефонына бірлік салып, тіпті өз атымнан несие алып берсем, оның махаббаты оянады деп келте ойламаңыз. Саша кез келген күні Дашаға кетіп қалуы әбден мүмкін. Дұрысы, даналардың «Өзің емес, өзіңді сүйгенге тұрмысқа шық» дегеніне құлақ асып, қадам жасаған жөн екен. Бұған мен де көз жеткізгенмін. Менің қателігімді басқа қыздар қайталамаса екен», - деді.

Гүлсара 2-курс студенті кезінде бір топта оқыған Ердос есімді жігітке ғашық болады. Ердос озат әрі белсенді студент. Оған топтағы қыздың бәрі ғашық. Бірақ Ердос Қаракөз есімді сыныптасымен мектеп қабырғасынан бері жүреді. Сүйген қызы басқа институтта оқиды, бірақ, Ердосты іздеп жиі келеді. Жігітінің қасынан қалмай, оның достарының отырыстарына да қатысады.

Гүлсараның Ердосқа ғашық болғаны соншалықты, оның жүрегі мен ойы басқа қызда болса да, қалай да өзіне қаратуды ойлап мазасы кетеді. Мектептегі махаббатымен әлі де бірге екенін білсе де, мен Ердостың жүрегінен орын алу үшін әрекетін тоқтатпайды. Өйткені, ол өзіне сенімді болды әрі одан басқа еркек көзіне көрінбеді. Мүмкін, «соқыр махаббат» деген осы болар?!


- Қаракөзбен салыстырғанда, мен әлдеқайда сұлумын. Ол ауылдың, мен қаланың қызымын. Ата-анамның тұрмыстық жағдайы да жақсы. Менің әке-шешем университетте оқытушы болса, ал Қаракөздің ата-анасының жоғары білімі де жоқ, ауылдағы қарапайым жандар. Ердос үйленерде осылай салыстыра отырып, мені таңдайтынына күмәнім болмады, - дейді ессіз ғашық Гүлсара.

Ол тіпті бір отырыста Ердосқа оны жақсы көретінін айтыпты. Ал жігіт естімеген сыңай танытып, әңгіме тақырыбын ауыстырып жібереді. Бұдан кейін де Гүлсара сүйетінін ісімен де, сөзімен де білдіруге тырыса береді. Үзілісте Ердосты ертіп асханаға барады да, ақшаны өзі төлей салады. Жолақыны да оның орнына төлейді. Жатақханада тұратын оған апта сайын «Мамам беріп жіберді» деп азық-түлік, тәттілер апарып береді. Ердос орташа тұрмысты отбасыдан шыққандықтан, Гүлсара оны осылай жаулап алмақ болады.

«Алтын көрсе періште де жолдан таяды» деген сөз бар. Гүлсара осы мәтелге сенім артады. Алайда онымен оңаша қалса да, кешке серуендеуге шақырса да, Ердос достық қарым-қатынастан айнымайды.

Арада зырлап уақыт өтіп жатты. Оқуды бітіруге жақын қалғанда Гүлсара «Ердос ауылына кетсе мен одан айырыламын. Бір нәрсе ойлап табу керек» деп жан-жақты ойлана бастайды. Бір-ақ жол бар еді: екіқабат болу.


- Бітіретін жылы алғашқы емтиханды жақсыға тапсырғанымыздың құрметіне отырыс ұйымдастырдық. Сыра, шарап іштік. Ердостың мастығын пайдаландым.

Оның өте турашыл, істегенін мойнымен көтеретін жігіт екенін білетінмін. Сондықтан да одан екіқабат болсам, ол амал жоқ үйленетініне сендім. Ал бірге тұрған соң ол да мені ұнататыны анық деп ойладым, - дейді Гүлсара.

Ол жоспарын жүзеге асырыпты. Шын қалағандықтан болар, Гүлсара алғашқы төсектен көтереді. Бірақ ешкімді ешқашан мәжбүрлеп сүйдіре алмайтын ол кезде білмеді.

Гүлсара Ердосқа тұрмысқа шыққанымен, оның бұрынғы ғашығының өмірін аңдумен болады. Жоғары оқу орнын бітірген соң Қаракөздің де тұрмысқа шыққанын естіген. Ол аудандардың бірінде тұратын. Сонда да ол туралы жаңалықтың бәрін біліп отырады.


- Қаракөздің 10 жыл отандасқан күйеуі жол апатынан қайтыс болды да бір баламен жесір қалғанда, күйеуім өзгере бастады. Қаракөздің қалаға жұмысын ауыстырғанын ести сала Ердос оның қыр соңынан қалмай ақыры қайтадан сезімдерін жарастырды. Менімен некелі болғанымен, Ердостың бар ойы осы уақытқа дейін Қаракөзбен бірге өмір сүргеніне зығырданым қайнады, - дейді Гүлсара.


Иә, бұл қай әйелге болса да өте ауыр тиетіні белгілі. Ердос жесір сыныптасымен кездесіп жүргенін білгенде, Гүлсара күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалады. Бастапқыда ол бақыты үшін күреседі. Қаракөздің жұмысына барып айқай-шу шығарады. Телефонына небір смс-хаттар жібереді. Бірақ кінә Қаракөзде емес, күйеуінде екенін ұққанда, жеңілгенін түсінеді.

Қашанда сүйген адам сүйіктісінің «құлы» деген рас. Гүлсара Ердосты сүйгендіктен, оның бұл қылығына шыдайды, көз жұма қарайды. Ал ол болса, Қаракөзді сүйгендіктен, оның баласы бар келіншек екеніне қарамастан, онымен бірге болуды ғана ойлайды.

Ол ақыры Гүлсарадан кетеді. Олар ажырасқан жоқ, бірақ, бөлек тұрып жатыр. Ердос бұрынғы сүйгенімен бірге. Ол «ажырасайық» дегенде, Гүлсара көп ойланады. Ажырасып одан біржолата айырылғанша, анда-санда үйге келіп тұрса да кетпегенін қалайды. Сондықтан да Қаракөзді некелеп екінші әйел етіп алуына рұқсат береді.


- Мүмкін менің орнымда басқа әйел болса, ажырасып кетер ме еді. Бірақ шын сүйген адам сүйгенінің де бақытты болғанын тілейді. Ердос Қаракөзбен бақытты болса, мен үшін сол – бақыт, - деген Гүлсараның бұл әрекетін не ақылды шешімге, не ақымақтыққа теңей алмай дал боп отырмыз.

Егер сіздің басыңызда осындай жағдай болса, не істер едіңіз?

(Иллюстрациялық суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Ұқсас оқиға:


Алматылық әйел бөлесінің күйеуімен алғашқы түнді өткізгеніне өкінеді


Жатыр түтікшесін тіктіріп тастаса да төрт баланың анасы атанған