300 адамдық той жасатқызып, "төркін жұрты" ретінде бөтен адамдарды жалдаған. Енді жазасын құрсағындағы бесінші перзентін босанып болған соң өтейді
суреттер Ғалымжанның жеке мұрағатынан алынып, өзінің рұқсатымен жарияланды
ЕСКЕРТУ: Мақаланы көшіріп басу үшін редакцияның рұқсаты қажет!
Осыдан біраз уақыт бұрын ERNUR.KZ сайтында «Құда болып жалдамалы «әртістер» келген»: түркістандық келіншек "жеңгесінің" сыбайластары да жазасыз қалмаса дейді» деген тақырыппен мақала жарияланған еді. Онда Түркістан облысы, Ордабасы ауданына қарасты Шұбарсу ауылында тұратын Ғалымжан Есімханов есімді азаматтың үйленіп, біраз уақыт өткенде әйелінің мүлдем басқа адам болып шыққаны жайлы айтып едік. Яғни Күлпаршын есімді әйел жігітпен бүркеншік атпен танысып, тойына туыстарым деп жалдамалы «әртістер» шақырған, той өткен соң үйдегі біраз ақшаны және алтын бұйымдарды жымқырып, қашып кеткені туралы жазған болатынбыз.
Таяуда осы оқиғаға байланысты сот отырысы болды. Бұл істі Ордабасы аудандық сотының төрағасы Алтай Қалықұл қарап, қайын жұртымен Жадыра боп танысып, келін болып, кейін үйін тонап қашып кеткен Күлпаршын Серсакаеваға үкім шығарды. Үкім жайлы айтпас бұрын, бұл оқиға неден, қалай басталғанын баяндап берейік.
Қалыңмалға бір миллион теңге алған
... Ғалымжан Есімханов осыдан төрт жыл бұрын жұмыс бабымен үш жылға Кореяға аттанады. Сонда жүріп, біраз қаражат жинапты. Онысын туған қарындасы Айзатқа аударып отырған. Айзат банктен арнайы депозит ашып, ағасы жіберген соманы жинай берген. Үш жылда ол он миллион теңгедей болған. Ғалымжан Кореяда жүргенде «Фейсбук» желісі арқылы Жадыра деген қызбен танысады. Елге келген соң екеуі кездесіп, таныстықтың соңы махаббатқа ұласады. Жасы қырықтан асқан шағында бір көргеннен құлай сүйіп қалған Ғалымжан үйдегі ата-ана, бауырларына үйленемін деп хабарлайды.
«Жадыра «уатсаппен» сөйлесіп жүргенде-ақ маған тұрмысқа шықпағанмын, қызбын деп айтты. Екеуміз талай мәрте бейне қоңыраумен сөйлестік. Сонда Әйгерім деген бір әйелді көрсетіп, «мынау менің туған жеңгем, бес ағам бар, бәрі шетінен қатал, осы жеңгемді қарауыл қылып, артыма салып қойған, үнемі менімен бірге болады» деп таныстырды. Кейін, елге келіп, алғаш рет кездескенде де сол Әйгерім бірге еріп келді. Сосын мен еш күмәнданған жоқпын.
Алғаш кездескен күні екеуміз қонақ үйге бардық. Бірақ «қызбын» деген соң мен оған тиіспедім. Ертеңіне ағасы мен жеңгесі мені шақырып, «Қайда болдыңдар, не істедіңдер?» деп сұрақтың астына алды. Әңгіменің соңында жеңгесі «Біздің әке-шешеміз қартайып қалған, қазір қатты ауырып, Ташкентте емделіп жатыр. Ақыры біраз уақыттан бері сөйлесіп жүрген екенсіңдер, үйленетін болсаң, ертерек әрекет ет» деп шығарып салды», - дейді Ғалымжан.
Осыдан кейін ессіз ғашық болып қалған жігіт кафе тауып, сырға салу рәсімін өткізеді. Сырға салу рәсіміне қыз жақтан Айдана «жеңгесі», Гүлмира деген «құрбысы», Гүлсім деп танысқан «әпкесі» келген. Ал Ғалымжан жақтан жеңгесі, екі қарындасы, бөлесі мен інісі барған. Жадыра «сырға салу рәсіміне ағаларым да келемін деп еді, бірақ әке-шешем қайтадан қысылып, ауырып қалып, олар сол кісілердің басында отыр» деп істің тігісін жатқызып жібереді.
Содан не керек, екі жақ аста-төк дастархан басында танысып, ішіп-жеп, жақсы тілектер айтады. Ғалымжан сырға салу рәсіміне дейін «киімдеріңді ала бер» деп Жадыраның құбысының шотына 400 мың теңге аударған екен. Сырға салынған соң қалыңмалдың қалған ақшасы деп «жеңгесінің» қолына 600 мың теңге салған. Содан кейін сән-салтанатымен қызды еліне алып кеткен.
«Қыздың артынан киімдерін алып Гүлмира деген құрбысы келді. «Жеңгелерім Ташкентке, ата-анама кетеді» деп сендірді. Құрбысы келіп, үйімізде ішіп-жеп, артынан әкелген киімдерін көрсетіп, қайтып кетті. Ертеңіне Шұбарсу ауылындағы «Жадыра» деген тойханада дүркіретіп беташар өткіздік, - дейді Ғалымжан.
«Бөлменің есігін іштен іліп алатын»
Ессіз ғашық болғаным соншалықты, мен мұның әр сөзіне сене бергем ғой. Қалыңмалдың ақшасын өз шотыңа аударайын дегенде «Мен әлі жеке төлқұжат істетпедім, егізім болған, төрт балалы болғанда қайтыс болып кеткен. Соның құжатымен жүрмін. Менің банкте шотым жоқ» деді. Сөйтсем шын аты шығып қалатын болған соң ақшаны құрбысының шотына аудартқызып отырған екен ғой. «Сыңарымның артында төрт баласы қалған, олар мені анасындай көреді, мен өз қамқорлығыма алғанмын» деп соқты. Сөйтсем ол өзінің балалары екен.
Кей күндері бөлменің есігін ішінен құлыптап алып сөйлесетін. «Мұның не?» деп бір-екі мәрте айтқанмын. Әрдеңені бір сылтауратып, әңгімені бұрып жіберетін. Ағаларыңның нөмірін бер, ата-анаңның жағдайын сұрап қояйын деп талай оқталдым, одан да сытылып кетіп жүрді», - дейді алданып қалған азамат.
Беташардан соң шамамен бір ай өткенде Жадыра күйеуіне «той жасамайсың ба, әлде ақшаң жетпей ме» деп қиыла бастайды. Сосын жігіт жақ той күнін белгілеп, тойхана таңдап, үш жүздей адамға шақырту қағазын таратады. Осы аралықта Ғалымжанның жертөлеге тығып қойған ақшасынан біраз сома жоғалады.
«Туыстары болып жалдамалы адамдар келген»
«Тойға керек-жарақты алу үшін тыққан жерімнен ақшамды алып, санасам, мың доллардай кем шықты. Біреу-міреу ақшамды тыққан жерді біліп қойып, алған шығар, әлде өзім дұрыс санамай, есебінен жаңылыстым ба деп ойладым да, басқа жерге тығып қоя салдым. Сөйтсем әйелім мың доллардай ұрлап, базардан 13 дана алған екен. Оны тағы бұрып әктіп, «Ағаларым тойда тағатын алтын ал деп ақша берді. Мен базарға барып келейін деп кетіп жүрді. Сөйтсек өз ақшамызға өзімізге алтын алған екен. Оны кейін, тойда төркіннен келген «құдалар» менің ата-анама, бауырларыма тақты. Біз де аянып қалмай, Жадыра жақтан келген кісілердің бәріне алтын тақтық», - дейді Ғалымжан.
Ғалымжан мен Жадыраның тойына қыз жақтанбыз деп Әйгерім, Маржан, Гүлнара деген «жеңгелері», Бейбіт деген «құдағи», Нұрлан және Айжан деген «нағашы аға-жеңгесі», Гүлмира деген «құрбысы» келеді. Кейіннен белгілі болғандай, бұл кісілердің бәрі қалыңдықтың алдын ала ұйымдастырып, дайындап қойған адамдары екен. Олардың бірімен базарда, алтын алған кезде танысқан, екінші біреуімен почтада, бұрынғы некеден туған балаларына жәрдемақы алған кезде танысқан. Яғни тойға келген кісілердің ешбірі Жадыра-Күлпаршынның жалдамалы «әртістері» болып шығады. Және олар тойда еш шіміркпестен аға-жеңгесімін деп танысып, Ғалымжанның ата-анасы таққан алтындарды алып, өз рөлдерін керемет сомдап шыққан. Кейін Жадыраның үстінен іс қозғалғанда тойға туыс болып келгендер «Жадыра бізге жетім қызбын, тойыма туысым болып келіңдерші» деп жалынды. Біз оны аяп, осы қадамға бардық» деп жауап берген.
«Әйелімнің шын бет-бейнесі ашылды»
Қош, сонымен, той бітіп, арада оншақты күн өткенде үйде тұрған алтын бұйымдар ұшты-күйлі жоғалып кетеді. Оған қоса Ғалымжанның жертөлеге тығып қойған ақшалары да қолды болады. Осы кезде Ғалымжанның ата-анасы, бауырлары өре түрегеліп, полиция шақырып, арыз түсіреді. Сол сәтте Ғалымжанның туған қарындасы Айзат «Дәу де болса мұның бәрін жеңгем алды. Соның суыт жүрісінен күдіктенемін» деп полицияға ойын айтады. Олар сол сәтте жедел әрекет етіп, «Төркініме барып келемін» деп кеткен Жадыраға іздеу салып, әп-сәтте тауып алады.
Полицейлер оның Ордабасы ауданына қарасты Көлтоған ауылының тумасы екенін, бұрын тұрмыста болған, төрт баласы барын және аты Күлпаршын С. екенін анықтап береді. Ата-анасы да дін аман екен. Олар қызының мұндай тірлігінен мүлдем бейхабар болып шығады.
Ордабасы аудандық полиция бөлімі Күлпаршынның үстінен Қылмыстық Кодекстің 188-бабы, 3-бөлігі, 1-тармағы бойынша, яғни ірі мөлшерде ұрлық жасағаны үшін іс қозғап, таяуда сот Үкім шығарды. Жадыра болып елді алдаған Күлпаршын С. үш жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Бірақ жүктілігіне байланысты жазасын бір жылдан кейін өтейтін болды. Сондай-ақ сот төрағасы Күлпаршыннан күйеуі Ғалымжанның пайдасына 4 миллион 70 мың теңге өндірілсін деп Үкім шығарды. Оны қайтарып беруге екі ай мерзім тағайындады.
«Күлпаршынның үстінен енді тағы бір іс қозғалады. Яғни адамдармен алдын-ала сөз байласу арқылы алаяқтық жасағаны үшін тағы да арыз түсіріп отырмыз. Тойға келіп, бізді алдап, «құда» болған адамдар да жазасын қалмаса екен деймін.
Осыншалықты көрсоқыр болып, қойнымдағы әйелімнің сұрқия екенін білмей қалғаным үшін өзімді әлі жазғырып келемін. Бәрінен де әке-шешеме қиын болды. Бұл жағдайдан бүкіл ел хабардар, ұяттан өртеніп жүр. Ұрлық жасамай тұрып аяғы ауырлаған әйелім еш шіміркпестен «Тусам атын өзің қоясың» деп отыр. Тіпті менен кешірім сұрап, ақталуды ойламады да», - дейді Ғалымжан.
... Ғалымжанның жағдайын ешкімнің басына бермесін деп тілейік. Адамның ойына адамның ойына кіріп-шықпайтын нәрселерді жасап, төрт баласы бола тұра қызбын деп тұрмысқа шығып, дүркіретіп той жасатып, қырауар қаржы жымқырған Күлпаршынға баға беруді көзі қарақты оқырманның ой-таразысына қалдыруды жөн көрдік.
Алаяқтықпен істі болып жатқандар қаншама?! Күн сайын оңай олжа тапқысы келгендердің құрбаны болып, жиған-тергенінен, маңдай терімен тапқанынан, балаларының несібесінен айырылғандар жайлы естиміз. Сақ болайық.