«Күйеуім бізге бала туып беруге келіскен келіншектің үйіне кіріп алды»
иллюстрациялық сурет интернеттен алынды
Бақыттың ең үлкені – бала сүю. Десек те, сәбидің үніне жете алмай жүрген отбасылар көп. Балалы бола алмай жүрген отбасылардың көбі жасанды жолмен ұрықтандыру әдісіне жүгінеді, одан қайран болмаса, «суррогат ана» деген бар. Жатырын жалға беретіндердің бұл қызметі қазір заңдастырылып та қойған. Десе де ел ішінде бұл заңды белден басып, бұзып жатқан адамдар да бар екен.
ERNUR.KZ тілшісіне хабарласқан шымкенттік Алуа да жолдасымен бірге суррогат ананың көмегіне жүгінгенін айтады. Бірақ көп күткен сәбиі дүниеге келіп, жасына жеткенде айырылып қалыпты. Оған суррогат ананы кінілап отыр.
«Мен күйеуіммен 2004 жылы танысқанмын. Ол кезде мен мектепті енді бітірген, оң-солын танымаған қыз едім. Ал күйеуім жұмыс-жұмыс деп жүріп орда бұзар жастан асып кеткен. Яғни менен 12 жас үлкендігі бар. Шаңырақ көтергенімізге биыл тоғызыншы жыл болды. Осы аралықта мен алты рет түсік тастадым. Неге екенін білмеймін, жүкті боламын, іштегі шаранаға 3-4 ай толғанда өліп қала береді. Көрінбеген дәрігер, бармаған тәуіп қалған жоқ. Дәрігерлердің бәрі бір аузыдан денсаулығымның жақсы екенін, тек күтіну керектігін айтады. Жүкті болған сәттен бастап айтқандарын екі етпеуге тырысып, барынша күтінемін. Бірақ бәрібір бойыма біткен баланы аман алып қала алмаймын.
Мұндайды Құдай басқа салмасын, бір перзентке зар болу қайғысын дұшпаныма да тілемес едім. Осы үшін біздің отбасымызда жиі ұрыс-керіс болды. Бірақ қолды бір сілтеп, күйеуіммен ажырасып кетуіме екеуміздің арамыздағы сезім мен түсіністік кедергі келтіретін. Талай рет енеміз: «Бұл әйел көтере алмайды. Сондықтан екіқабатпын деп алдап, сенің басыңды айналдырып жүр. Бекерге уақыт созып. Әйтпесе бойына біткен алты баланың тым болмаса біреуі тірі қалар еді» деп күйеуім екеуміздің арамызға от салмақшы болды. Бірақ оны Дамир тыңдаған жоқ. Ажыраспайтынын, керек болса жетім бала асырап алатынын айтатын.
Екеуіміз де қызметтеміз. Жағдайымыз жақсы. Көлігіміз де, үйіміз де бар. Бірақ сол үйден сыңғырлаған сәбидің үні естілмейді. Осыдан бір ай бұрын Алматыға барып, «Экомед» клиникасында да жан-жақты тексеруден өткенбіз. Ондағылар менің баланы 9 ай көтеріп, аман-есен боса алмайтынымды айтты. Яғни жатырым түсік тастауға бейімделіп қалған, ағзам баланы қабылдай алмайды.
«Сіздер жасанды ұрықтандыру әдісімен балалы бола алмайсыздар. Басқалай мүмкіндіктерді қарастырғандарыңыз жөн...». Бізге Алматыдағы дәрігерлер осылай деді. Тоғыз жылдан бергі арманымның, үмітімнің күл-талқаны шықты. Осы әдіспен балалы болармын деген сенімім сетінеп, тауым шағылып, үйге келіп, бүк түсіп жатып қалдым.Бірақ күйеуім менің күйзеліске түсіп кетпеуім үшін барын салды. «Суррогат ана» деген бар ғой, соны пайдаланайық, Құдай бізге барлық мүмкіндікті беріп отыр. Бәрін көруіміз керек» деп жігерлендіре түсті.
Содан екеуміз интернеттен «Суррогат ана боламын» деген хабарландырулардың бәрін оқып, хабарласып шықтық. Бірақ ол жерде негізінен осы салаға машықтанған, әккі әйелдер отырады екен. Оларды менің қиналысым, жан күйзелісім қызықтырып тұрған жоқ, қалайда көп қаражат алуды ойлап отыр. Ал бізге ар-ұятты, мәдениетті, қарапайым адам керек. Лажы болса тұрмысы төмен, күйеуінен ажырасқан, балалы, өзі үйі бар әйел болса дейміз. Жасы 35-тен аспаған, жағымсыз әдеттерден аулақ болуы тиіс. Осындай талаптарға сәйкес келетін адам іздедік. Мұнымды Айсәуле дейтін құрбыма айттым. «Саған сәйкес келетін бір адам бар, ол менің құдашам. Басында кредиті бар, ипотекаға үй алған. Күйеуі үш жыл бұрын қайтыс болған, қызы биыл мектепке барады. Соған айтып көрейік» деді. Мен қуана келістім. Себебі ғаламтордан тапқан адамдардан біртүрлі күмәндандым. Алдап кететіндей көрінді. Сөйтсем нағыз аяр адам құрбымның құдашасы болып шықты ғой.
Оның аты Эльвира екен. Суррогат ана болуға келісіпті. Күйеуім, құрбым, төртеуміз кездестік. Күйеуіме де, маған да Эльвира ұнады. Үсті-басы тап-таза, пысық әйел екенін бірден байқадық. Сөзі де тап-тұйнақтай екен. Күйеуім менімен ақылдаспастан, «Біз сізге 3 миллион теңге береміз. Одан бөлек ай сайын азық-түлік, коммуналдық төлемдер үшін отыз мың теңге беріп отырамыз. Баланың денсаулығын бақылап отыру үшін медициналық қызметті өз мойнымызға аламыз» деп кесіп айтты. Күйеуіме «Алдымен оңаша ақылдасып алмадық па?» деп сыбырлап едім, «Бұдан басқа кімді табамыз, басында үйі бар екен, біз ойлаған адам отыр ғой» деп шықты.
Қош, сонымен Эльвирамен келісім-шартқа қол қойдық. Үшеуміз бірге Алматыға барып, жасанды ұрықтандыру әдісіне қайта жүгініп, ол сәтті аяқталды. Сол кездегі менің қуанғанымды көрсеңіз, өмірге қайта келгендей, сөнген үмітім қайта жанғандай болды. Бірақ күйеуім «айнала-туғанға әзірге ештеңе айтпай тұрайық, туылған кезде бір-ақ хабарлаймыз» деп көндірді. Мен де көз-тіл тимесін деп күйеуімнің айтқанымен келісіп, бар шаруаны өзіне ысырып қоя салдым.
Айына бір мәрте Эльвирамен кездесіп, емханаға бірге барып тұрдық. Бірге тамақтанып, оның жегісі келген тамағын әперіп, басқа уақытта телефонмен хабарласып тұрдым. Жұмысым ауыр, ерте кетіп, кеш келемін. Эльвираға азық-түлік жеткізіп беру күйеуімнің мойнында-тұғын. Сөйтсем олар менің сыртымнан көңіл жарастырып жүріпті. Бәсе, соңғы уақытта күйеуім ерекше көңіл-күйде жүретін. Онысын «балалы болатынын біліп, қуанып жүр ғой» деп қабылдап, аңғалдыққа салыппын ғой.
Бір күні жұмыстағы әріптесім халат әкеп сатты. Өзіме біреуін, Эльвираға деп екіншісін сатып алдым. Сосын жұмыстан еретерек шықтым да, жолай Эльвираға соғып, сыйлығымды бере кетейін деп бардым. Үйінде екен, есікті ашты да, мені күтпегендей абдырап қалды. Ал арғы бөлмеден жартылай жалаңаш күйеуім шығып келе жатты.
Жылау, айқайлау, естен тану, төбелес... Сол сәтте есім ауысып қалғандай болды, өзіме есеп бере алмадым. Аспан айналып, жерге түскендей күй кештім. Мен сенген, мені осы уақытқа дейін қолдап келген жалғыз адамым осылайша мені сатып кетті.
Екеуі «ЭКО» жасатқалы бері бірге екен. Қазір күйеуім соның қолына кіріп алған. «Маған дені сау әйел керек. Бір баламен қала алмаймын. Мені де түсінші» деп күйеуім ажырасуға арыз берді. Осы жағдайдан кейін мен де қарсы әрекет етемін деп шештім. Ортақ келісім-шартты бұзып, наурыз айында дүниеге келген қызымды қолыма ала алмағаным үшін Эльвираның үстінен арыз түсіремін. Қызымның биологиялық анасы менмін. Керек болса генетикалық сараптама жасатып, қызымды сотпен тартып аламын деп отырмын.
Мейлі, күйеуім солай шешсе, мен оның жолын бөгей алмаймын. Олар әлі талай мәрте балалы бола алады. Ал мен ше? Жалғыз үмітім осы қыз еді ғой. Енді неге менен оны жасырып, тартып алып отыр? Бұл әділетсіздік емес пе?"
Ссылай деген Алуа ендіңгі жерде күйеуі Дамир қызын қайтармаса тиісті орындарға шағым түсіруге бекініп отыр.