"Егер мықты маман болса, дұрыс кеңес беруі керек"
Бүгінде қайсыбір әлеуметтік желі болмасын, «арықтау марафоны» деген жарнамамен қайнап жатыр. Көбіне сымбатын түзеткісі келетін қыз-келіншектер әуес мұндайға. Бірақ сондай марафонның бірінен дерт тапқан жан да бар екен.
Алматылық келіншек осындай арықтау марафонына қатысамын деп өзінің дертті болғанын ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.
Осыдан 4 жыл бұрын салмағым 93 кг болатын. Тым қатты толысып, киім сыймай, өз өзімнен ыңғайсыздана бастаған соң сондай бір топқа қатыстым. Айына төлейтін жарнасын беріп, арнайы дайындалдық. Дайындалғанда қателігіміз сол, дәрігердің тексеруінен өтіп алған жөн екен.
Егер мықты маман болса, марафонды бастамас бұрын алдымен адамдағы гормондардың өзгерісі, мөлшері, қанның құрамы, асқазан-ішек сияқты асқортыу жүйелерінің ауруы бар ма, жоқ па, соны тексертіп алудан бастауы тиіс. Солай деп кеңес беруі керек.
Иә, оны әркім де біліп жүруі керек қой дейтін шығарсыз. Ауырмағанда мен де солай айтар едім. Бірақ сондай марафонға қаншама жандар өздерінің денсаулығын білмей қатысып жатыр. Бір айда салмақ тастап, марафон біткен соң оның соңы, басқа ағзаларына әсері қалай боларын ешкім білмейді.
30 күндік марафонға біз осылай дайындықсыз бастап кеттік. Рас, 7 кг салмақ тастадым. 14 күннің ішінде. «Ішқату болады, суды көбірек ішіңіздер. Кешке дейін 2 литр су ішіп қою керек» деген соң арнайы дайындап қойып өзімді қинап іштім. Екі аптада салмақ тастағаныма қуанып, айдың аяғына дейін қыпшабел болатыныма сендім. Бірақ ісіне бастадым. «Көбірек қимылдаңыздар, кешкісін бір мезгіл билеп алыңыздар» деген соң оны да үзбей жасағанмын.
20-шы күнге ауысқанда ішім, белім ауырып, қатты ісікпен ауруханаға түстім. Бүйрегімде бұрыннан ақау бар екен, суды бірден молынан ішкен соң тіпті асқынып кетіпті. Не керек, арықтаймын деп жүріп қалай құры сүлдерім қалғанын білмей қалдым...
Егер «диетологпын» деген адамыңыз мықты маман болса, осындай жағдайлардың барлығын айтуы тиіс. Денсаулығында ақауы барларға марафонға қатысуға рұқсат бермеуі керек. Сондықтан ондай марафоншыларға бірнеше сұрақ қойып, біліктілігі қаншалықты екенін байқауға болады екен.
Мен өзім қатысқан марафон иесін кінәламаймын. Өзімнің білімсіздігімнен болды. Алдымен денсаулығым үшін де, фигурам үшін де өзімнің жауапты екенімді білемін. Сондықтан, барша қыз-келіншектерге айтарым, арзан немесе жарнамасы күшті екен деп бәріне қатыса беруге болмайды. Алдымен қандай да бір біліктілігін дәлелдейтін құжатын сұраңыз. Содан кейін өз денсаулығыңызды тексертіп алыңыз. Әйтпесе, арықтаймын деп ауырып қалуыңыз әбден мүмкін.
Содан бері дұрыс тамақтанып, өзіме жақсы қараймын. Соның арқасында-ақ 27 кг салмақ тастаппын 4 жылда. Ешқандай қиналмай, ешбір қатаң диете ұстамай-ақ. Жәй ғана дұрыс тамақтанып, денсаулығымды күттім.
Өзінің басынан өткен оқиғаны айтып берген ол ешбір марафонсыз да салмақ тастауға болатын айтады.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:
«Қорыққанымыздан биледік дейді»: Шымкенттік екі әйел таксиге мінуге қорқып қалған
«Осы оқиғадан кейін әйелім төркінге кетіп қорқытпайтын болды»: шымкенттік азамат айласымен бөлісті