​«Өзін ұрғызып, адамдарды бопсалап ақша табатын»: шымкенттік келіншек күйеуі жайлы құпияны жайып салды

0
1 337

«Соңғы «клиенті» екі бөлмелі үй әперді»


​«Өзін ұрғызып, адамдарды бопсалап ақша табатын»: шымкенттік келіншек күйеуі жайлы құпияны жайып салды
иллюстрациялық сурет интернеттен алынды


Нәпақа табудың да түр-түрі бар. Біреу таңнан кешке дейін еңбектеніп, табан ақы, маңдай термен нанын жейді. Ал енді біреу оңай олжаны таңдаған. Бірақ соңғысының түбі көп жағдайда жақсылықпен аяқталмайды. Сөзімізге дәлел ретінде шымкенттік Шолпан есімді келіншектің (есімі өзгертілді) әңгімесі дәлел бола алады.


Шолпанның айтуынша, күйеуі бірнеше жылдан бері «человек-груша» болып жұмыс істеген. Яғни ол адамдарға өзін ұрғызып, соңыра бопсалап ақша алып отырған. Жолдасының басынан өткен оқиғаны Шолпан ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Күйеуім екеуміз студент болып жүріп үйлендік. Айдар менің ең алғашқы махаббатым болды. Өзі ұзын бойлы, денелі, шымыр жігіт болатын. Болашаққа нық сеніммен қарайтын. Мен оны құлай сүйіп қалдым. Махаббат деген осы екен деп таныстығымыздың жетінші айында ойланбастан оған тұрмысқа шықтым.


Ал бір жылдан кейін тұңғышымыз дүниеге келді. Ата-енеміз бізді үйлене сала бөлек шығарып жіберген. Себебі олардың қала орталығындағы екі бөлмелі пәтерінде әлі үйленбеген қайным, бір қызымен ажырасып келген қайынсіңлім тұратын. Жататын жер жоқ, «бастарың жас, өмір сүріп кетесіңдер, осы бастан қамдарыңды жасай беріңдер» деп еншімізді бере салды.


Әр үйдегідей біздің де шаңырақта ыдыс сылдырлап тұрды. Күйеуім екеуіміз студенттік шағымызда ата-ана атанғандықтан мен оқудан шығып, баламен үйде отыруға мәжбүр болдым. «Домком» болып істейтін енеден қайран жоқ. Қашан көрсең көше кезіп жүреді, немере бақсын ба? Сабағым жайына қалды. Айдар да күнделікті қант, шайдың ақшасын табам деп жүріп оқу үлгерімін төмендетіп алды. Шәкіртақысынан қағылды. Ақырында оқудан шыға жаздап, академиялық демалыс алуға мәжбүр болды. Содан ағасының жанына құрылысқа жегіліп, қара жұмысқа білек сыбана кірісіп кетті.


«Стройкада» қайбір оңған адамдар жүрсін? Айдар бірте-бірте ішімдікке үйір бола бастады. Баяғы өмірге ғашық, болашаққа сенімді жігітімнен жұрнақ та қалмаған. «Жұмыс ауыр болды» деген сылтаумен күнде ішіп келеді. «Бүйткен өмірі құрысын» деп жалыға бастадым. Әйел болған соң сөйлемей тұрмайсың ғой, жиі ұрыс-керіс бола бастады.


Бірде Айдар жұмысындағы жігіттермен кешкісін ішіп отырып, жанындағы біреумен ерегісіп қалыпты. Ақырында екеуі төбелесіп, нәтижесінде күйеуімнің мұрны сынып, миы шайқалыпты. Түннің жарымы болған, жұмыстан әлі келген жоқ. Уайымдай бастап едім, жұмысқа кіргізген қайынағамыз хабарласты. «Келін, Айдарды жігіттер ауруханаға алып кетіпті. Жігіттер өзара ерегісіп, сөзге келіп қалған екен. Мұрны сынып, басына зақым келіпті. Мүмкіндік болса киім-кешегін алып барыңыз» деді.

Өмірі оның төбелескенін көрмегем, «өліп қалмаса жарар еді» деп Құдайыма жалбарынып бардым. Күйеуімді сабап тастаған жігіт те сол жерде екен, мастығы тарқап кеткен. Қайынағама «Ереке, бір ашуыңызды беріңіз. Тек жұмыстан шығарып жібермеңіз, бала-шағам аузын ашып, қарап отыр. Айдардың емге кеткен күніне мен жұмыс істеп, ақшасын өзіне ұстатамын» деп жалынып тұр. «Солай болсын онда. Келін мен баласы ақшасыз қалмасын» деп тапсырды.


Айдар бір аптада аттай жазылып, үйге келді. Қолында ақша. «Ауырып жатсам да ақша тапқан күйеуің мықты, ә» деп екі езуі құлағында. Оның бұл тірлігін жақтырмасам да, үндемедім. Сөйтсем өзін ұрғызып, таяқ жеп ақша табу оған әдет болып кететінін қайдан білейін.


Арада екі апта өткенде жолда келе жатып тағы біреумен ерегісіп қалыпты. Қарсы алдында келе жатқан жігітті иығынан қағып өтіпті. Соған қарамастан әлгіге «Көзіңе қарамайсың ба, түзу жолға сыймай келе жататындай аяғың қисық па?» деп намысына тиетін сөздер айтқан. Ол қарап тұрсын ба? Бұған да жауап береді. Ақырында екеуі төбелесіп, күйеуім жерде таяқ жеген болып жата кетеді ғой. Көзі қарауытып кеткен жігіт тепкілеп тастапты. Жолда кетіп бара жатқан адамдар дереу полицияға хабар беріп, ақырында әлгі жігіт айыппұл төлеп құтылды.


Айдардың мұндай тірліктерінен бейхабар әкесі алғашында жаны ашып, баласын даудан арашалап алайын деп көмектесіп жүрді. Ол кісі тәуелсіз заңгер болып істейтін. Кейін оның өзін ұрғызып, ақша бопсалауы көбейіп бара жатқан соң «Сен бала адам болмассың, маған абырой керек» деді де, қолын бір сілтеді.


Айдар ішімдік ішуін сиретті. Жұмыстан кейін үйге келіп, тәуір киімдерін іледі де, кафе, мейрамхана жағалап кетеді. Қалай, қайтіп ерегісетінін білмеймін, әйтеуір көзі ісіп, ерні жыртылып, төбелесіп келетін. Оның адам болмайтынын сезген шығар, ағасы да құрылыстан шығарып жіберді. «Бір күн келсе, он күн ауырдым деп жатып алады. Маған ондай жұмысшы керек емес» деді.


Жұмыстан шығып қалған соң өзін ұрғызуы тіпті көбейіп кетті. Кейін бетін бүркемелеп, тек денесіне жарақат салғызатын. Беті сау болған соң ертеңіне сүйретіліп тағы кетеді. Бұрынғы жарақатын, көгерген жерлерін екінші біреудің мойнына ілуді үйреніп алды. Бертін келе дәрігерлермен танысып алып, олармен бірлесе жұмыс істеді.


Ол уақытта балалардың алды мектепке барып қалған. Мен де базарға сатушы боп орналасқам. Бір күні жұмыстан келсем, Айдар екі бүктеліп жатыр. Өңі қуарып кеткен. «Жақпайтын бірдеңе жеп қойдым ба, жүрегім айнып, қайта-қайта құсып жатырмын. Басымды көтере алар емеспін» деп айтты. Оның «кәсібіне» жыным келіп жүрген. Әркімнен бір таяқ жеген бас қалай ауырмасын?! Өзіңе де сол керек!» деп мән бермедім. Ертеңіне денесіне түрлі бөртпелер шығып, мұрны қанап, тамақ іше алмай қалды. Дереу жедел жәрдем шақырып, ауруханаға апарып едік, дәрігерлер «бауыр циррозы» деген диагноз қойды. Біраз уақыт өткізіп алған екен. «Бұл ауру емделмейді, тек дәрісін ішіп, қатаң диета сақтап, өзін күтуі тиіс» деді.


Айдар ауруын елеген жоқ. Мені де, әке-шешесін де тыңдаған жоқ. Араққа қайта салынып, өзінің түбіне жетті. Ішіп алып біреуге тиісіп, төбелесіп, сол жерде тіл тартпай кете барды. Соңғы «клиенті» енді үйленген, жап-жас жігіт екен. Кешірім сұрап, алдымызға талай мәрте келді. Атам Айдардың жетісін өткізген соң «Өлер балам өлді, сені қаматқаннан тіріліп келмейді. Мына келін мен балалар жыламасын, екі бөлмелі пәтер әперіңдер, арызымызды қайтып аламыз» деді. Байғұс балаға жаным ашып кетті. Бірақ оған төбелесіп ақша табатын күйеуімді қайтіп айтам? Үндемедім. Баланың әке-шешесі ауқатты кісілер екен, атамның айтқанын орындап, балаларын арашалап қалды.


Неше жыл пәтерден пәтерге көшіп жүрген бізді күйеуім өліп бара жатып үйлі етіп кетті. Әрине, оның бұл тірлігін дені дұрыс адамның құптамайтыны анық. Мен де талай мәрте айтып қойдыра алмадым. Бұл Айдардың таңдаған жолы еді. Өмірден «человек-груша» болып өте барды.


Жары ретінде жанында жарқырап жүре алмадым. Қашан көрсең денесі көгеріп, бет-аузы ісініп жүретін. Рақаттанып өмір сүрдім деп айта алмаймын. Ендігі бар арманым - ұлым мен қызыма дұрыс жол нұсқап, тәуір адам етіп шығару...»

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Қайынағам «қосылайық» дейді»: жесір келіншек ата-енесінің де осыны қалап отырғанын айтады


«Келінім үш миллион теңгеге «отырғызып» кетті»: шымкенттік әйел құдаларының несиесін төлеп жүр


«Алдымен інісі, кейін өгей әкем зорлады»: бойжеткен кәмелетке толмаған кезіндегі басынан өткен сұмдық жағдайдың бетін ашты