«Жалғыз баламнан жылу көрмедім»
иллюстрациялық фото ашық дереккөзден алынды
«Жас кезіңде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деп тілейтін қазақ едік. Ұлымды өсіріп, ұялатсам, сосын оны үйлендіріп, немере бағып отыратын күн туса деп армандайтын ақ тілекті ана едім. Бірақ Құдайдың бұйыртқанынан асып ештеңе болмайды екен. «Жалғызым» деп өсірген ұлымның көрсетпегені жоқ», - дейді Сандуғаш есімді әйел.
Сөзіне сенсек, ұлы өздері тұрған бір бөлмелі пәтерді ұтысқа тігіп жіберіпті. Оқиғаның жай-жапсарын ERNUR.KZ тілшісіне Сандуғаш ханымның өзі айтып берді.
«Жолдасыммен ажырасқанда Алтынбегім небәрі бір жаста болатын. Әкесі араққа үйір, құмар ойындарына кіріп кеткен адам еді. Ішіп, көшеде жеңіл жүрісті әйелдермен жүріп келіп, мені де сол әйелдер сияқты көре ме, әйтеуір жөн-жосықсыз сабап тастайтын. «Балалы болсам бұл қылығын тоқтатар деп шыдадым. Бірақ ұл тауып берсем де жақпадым. Басыма әңгіртаяқ ойнататын.
Бір күні даладағы аязға қарамай жұқа киіммен далаға қуып шықты. Сондағысы түнгі он екіде үйге келгенде сыртқы есікті кеш ашқаным үшін. Баламды емізіп жатып ұйықтап кетіппін. Есікті ұрғанын естімегем ғой. «Біреумен болдың ба, терезеден қашып кетті ме?» деп үйдің бәрін қопарып, ақырында өзімді сырқа қуып шықты. Көрші келіншектің үйіне түнеп, ертеңіне баламды алдым да, төркініме тайып тұрдым. Сол бойы күйеуімді көрген емеспін. Менімен ажырасқан соң ішуін одан сайын үдете түсіп, мастықпен жанындағы досын пышақтап қойыпты. Содан он екі жылға сотталып кеткен.
Ал мен төркініме сыймадым. Ағамның балаларымен ұлым төбелесіп, арада түсінбеушіліктер орын алды да, қалаға көшіп кеттім. Бойдақ кезімде бухгалтерлікті оқып алғаным мұндай жақсы болар ма, келе сала тігін фабрикасына есепші болып орналастым. Ол кезде жұмысшыларды тегін жатақханамен қамтамасыз ететін. Ұлым екеуміз сонда тұрамыз. Бес жыл дегенде тапқан ақшамызды жинап, бір бөлмелі пәтер алдық. Сол кезде баяғы көрген қорлығымның бәрі ұмытылды. «Менің де жарқырайтын кезім келді» деп қатты қуанғанмын.
«Енді бар өмірімді Алтынбегіме арнаймын, оны ештеңеден кем қылмай өсіру үшін барымды саламын» деп күні-түні еңбек еттім. Ең басты қателігім осы болды. Балам алдымен бақша тәрбиесін алды, кейін мектептегі ортасына тәуелді болды. Сол жақтағы достары дұрыс шықпады-ау, мектеп бітірмей жатып-ақ полиция есепке алған. Достарымен бірге кіші балалардан тиын-тебен жымқырып келген екен. Сонысы өзіне сор болып жабысты.
Мектеп бітірген соң спорт мектебіне бердім. «Тым болмаса әкесі секілді арақ ішпей, салауатты өмір салтын ұстанып жүрсін» деп ойлағанмын ғой. Сөйтсем спорт мектебінде де бұзық, бандалар бар екен ғой. Балам енді солардың тобына қосылды. Тәрбиелеуге көнбейді. Бірдеңе десең «Мама, мен кәмелет жасқа толған жігітпін, өзім білемін» деп шығады. Түннің жарымында келеді, таңертең мен жұмысқа кеткенде ұйықтап жатады. Дұрыстап көріспейтін де едік.
Құдайдың құдіретін айтамын да, әкесін өмір бойы көрмесе де мінезі, тірлігі сол адамнан аумайтын. Қан деген нәрсе жібермейді екен ғой. Балам көшеге үйір болды. «Үйленсейші, немере сүйейін» деп жалындым. Бір күні «мына қызды сүйемін» деп алып қашып келді. Дереу төркін жаққа хабар беріп, көпшіліктің арқасында беташарды өткізіп алдық. Келінім де, шыққан жері де тәп-тәуір адамдар екен. «Үйленді ғой, енді суыт жүрісін қоятын шығар» деп қуандым. Сөйтсем балам тура әкесі секілді әйеліне күн бермеді. Өзі үйде тұрмайды, келсе болды бірдеңені сылтауратып түйреп-түйреп алады.
Келінім екі жылға дейін балалы бола алмады. Өзім талай мәрте дәрігерлерге апарып, тексерттім. «Балаңыз да келіп, тексерілуі керек» деп шығарып салады. Оны ұлыма айтсам көнбейді. Ақыры екеуі ажырасты, «Келіншегім бедеу» деп мін тақты да, төркініне апарып тастай салды.
Онымен ажырасқан соң ішкілікке үйір бола бастады. Достарымен карта ойнап, казино жағалайтынды шығарды. Сондай ойындардың бірінде үйді ұтысқа тігіп жіберіпті. Талай жыл тірнектеп жиған дүниемді қайдағы бір түрі қорқынышты біреулер тартып алды. Күйіп кеттім ғой. «Балаңның өмірі қымбат па, пәтер ме, таңда» деген соң амал жоқ, жалғызым үшін баспанамды бере салдым.
Қазір өзім зейнетке шыққанмын. Бір бөлмелі пәтер жалдап тұрамын. Балам аптасына бір келсе, келді. Келмесе қайда жүргенін білмеймін. Басы аман болса болды, қайтемін. Тағдырдың басқа салғанынан артық болмайды екен. Қарттығымды осылай өтеді деп мүлде ойламаппын. Өзіммен қатар әйелдер аулада немерелерін ойнатып жүреді. Соларға қарап қызығамын.
Тағы бір-екі жыл күтемін, егер балам түзелмесе, онда қарттар үйін паналайтын шығармын. Себебі қазіргі жүз мың теңге зейнетақым пәтерақы мен тамаққа әрең жетеді».
Сандуғаш апа осылай деп жылап қалды. Ол өзінен кейінгі жас келіндерге балан жастан тәрбиелеуге кеңес берді. «Қазір заман басқа, баланы еліктіретін нәрсе көп, сондықтан көп уақыттарыңды олардың тәрбиесіне жұмсаңдар», - дейді ол.