Тағдыр әу баста жазылып қояды дегенге сенесіз бе?
Фото: gfx.nrk.no
«Адамның тағдыры ол туылмай жатып жазылып қояды» деген сөзге сенбеуші едім. Бұл адамды жұбату үшін айтылғандай түйілетін. Бірақ жасым сексенге келгенде адам пешенесіне жазылғанын көретініне сене бастағандаймын. Менің маңдайыма жетімдерді бағу жазылыпты ғой», - деп бастады әңгімесін жамбылдық Сұлукүл есімді апа.
Ол бір баламен жесір қалғанда, жеті баласы бар үлкен абысыны ауырып қайтыс болған екен. Әмеңгерлік салтымен қайнағасына қосылып, жетім қалған жеті ұл-қызды өсіріпті. Абысынының перзенттері үйлі-жайлы боп, бүгінде бәрі бала-шағалы. Ал өзінің алғашқы күйеуінен қалған жалғыз ұлының бағы жанбапты.
Бұл туралы ол ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді:
«Қазір айтуға оңай болғанымен, біреудің жеті баласын бағып-қағу, барлығын құтты жерлеріне қондыру қиын-ақ. Өзім тумасам да абысыным мен қайнағамнан тараған ұл-қыздарды ешкімнен кем етпей ұзатып, тойларын жасадым. Ұл мен келін бір-бірімен тату болса екен, қыздар аттаған босағаларына судай сіңсе екен деп тіледім.
Отбасы болған соң, ол мәселесіз болмайды ғой. Жастар бір-біріне үйренісіп кеткенше, ананың ақылы өте қажет. Үлкен екі қыз енесімен ұрысып, қайта-қайта үйге кеп қалған. Ақылымды айтып, татуластырып қайта шығарып салдым. Өз балаң болса, қатты-қатты айтып ұрса аласың, ал аналары жоқ жетім балаларға батырып айта да алмайсың. Балалардың ішінде «Маған ақыл айтатын мені туып па едіңіз» дегендері де болған жас кездерінде. Келіндерден де бастапқыда жүрекке тікендей тиетін сөздер естігенмін. Амал жоқ шыдадым. Өйткені сол жетімдерді жетілдіру жауапкершілігін мойныма алған өзім.
Қазір сол қиындықтың бәрі артта қалды. Барлық балам бақытты, шүкір деймін. Алайда өз құрсағымнан шыққан жалғызымның некеде жолы болмағаны кәрі жүрегімді ауыртады.
Айттым ғой, алғашқы күйеуімнен ерте жаста бір баламен жесір қалдым деп. Қайнағама әмеңгерлікпен қосылғаныммен, одан бала тумадым. Қайнағам алпысқа қараған шағында өмірден өтті.
Қазір қара шаңырақта өзімнің баламмен бірге тұрамын. Ол жеті рет үйленді. Келіннің барлығы да небәрі екі-үш ай ғана бірге тұрып, кетіп қалды. Тек бесінші некесіндегі әйелі төрт жыл шыдады. Бір қыз туып берді.
Балам үйде жұмыссыз жатқан соң келін сауда жасаймын деді. Мен қарсы болмадым. Бастапқыда Алматыдан тауар әкеп сатып жүрген, кейін сіңлісіне еріп Түркиядан киім-кешек әкелетін болды. Қорадағы екі сиырды сатқызды. Бірақ Түркиядан сол күйі оралмады. Сол жақта басқа біреуді тауып, тұрмысқа шығып кетіпті. Қызын тастап кетті, іздемеді.
Ұлымды жақтамаймын. Ішімдікке жақындау. Әлі де ішеді. Тірі жетім етіп тастап кеткен екі жасар немеремді өзім өсірдім. Қатарынан қалдырмай жоғары оқу орнына түсірдім. Бірақ немере қызым екінші курста көрші ауылға тұрмысқа шығып кетті. Оқуын жалғастыра алмады.
Түскен жері жақсы емес. Ата-енесінің түсінігі бір түрлі. Үйінде көп жан. Немеремді күң сияқты жұмсады. Одан қалса, Ауған соғысына қатысқан қайынатасы ішіп алса, келініне дейін боқтап, былапыттайды екен. Тіпті бір рет келініне, яғни менің Айшама қол да көтерген. Немерем жылап үйге келгенде, жүрегім қарс айырылды.
«Шыда» деп шығарып салдым. Бөлек шықса бәрі де түзелер деп, күйеу бала екеуіне қаладан пәтер жалдап бердім. Бірақ күйеу бала қалаға барған соң өзгеріп, ажырасқан бір келіншекпен әуейі болыпты. Немере қызым оны талай рет басқа әйелмен ұстап алса да шыдап, жылап жүре берген. Соңында ажырасып тынды ғой.
Немерем ажырасып келгенде құрсағында бала бар екенін білмедім. Айша оны менен жасырыпты. Өйткені қайынатасы «Алдырып таста. Ертең алимент төлетіп, бізді мазаламақшысың ба?» деген екен. Айша алдырып тастадым деп, ата-енесін, күйеуін алдаған. Сосын ғана олар ажырасуға келісім берген. Әкесі екеуміз білсек, баламен үйге кіргізбейді деп ойлады ма екен, кең көйлек киіп бес айлық болғанша білдірмей келді.
Несін айтайын, уақыты келгенде білдік. Немере қызым ұл туды. Әкесі тірі болса да бұл бала да жетім емей немене? Шөберелі болдым деп қуансам да, оның әкесіз жетім өсетініне іштей жылап тұрдым.
Айша баласын сегіз ай ғана емізді де, кейін жасанды сүтке үйретті. «Екі жыл еміз» дегенімді тыңдамады. Сөйтсем, оның өз көздегені бар екен. Шөберем бір жасқа толғанда, «Медбикелікті оқып аламын, колледжге құжаттарымды тапсырамын» деді. Зейнетақымнан төлеп, оқыттым. Апта сайын ауылға келіп тұрды. Шөберемді өзім өсірдім. Қазір ол мектепке барады.
Жыл басында немерем Айша бір жігітпен сезім жарастырып жүргенін айтқан болатын. Оған тұрмысқа шығатынын да айтып қуантқан еді. Ал жақында «Апа, оның әйелі, бала-шағасы бар екен. Мен одан жүктімін. Не істеймін?» деді. Әкесі сияқты немеремнің де некеде жолы болмады ғой деп, тағдырға налыдым. Амал қанша деп, ары қарай өмір сүруге сөзіммен күш бердім.
Аборт жасатуға кеш. Тағы бір шөберем дүниеге келеді келесі жылы. Иә, әкесіз тағы бір баланы тәрбиелеймін. Оны да өзім бағып-қағамын ғой. Тағдырыма жазылғаны сол да... Мүмкін менің бұл өмірдегі миссиям – жетімдерге ана болу, соларды өсіру шығар...»
Ұқсас оқиғалар:
«Көйлегіме мысық орап көмген»: Қазақстандық келіншек қорқынышты оқиғаның куәсі болғанын айтып берді
«Сені әке демеймін»: 23 жылдан соң табылған баласы тараздық азаматты ренжітіп кеткен