«Бөлмемді ішінен кілттеп отыратын жағдайға жеттім»
иллюстрациялық сурет интернеттен алынды
«Ешкімге айта алмайтын, ешкіммен бөлісе алмайтын, бірақ жаныма маза бермейтін бір жағдайды сіздердің сайттарыңызға айтсам, солай жеңілдеп алсам деймін», - деді Перизат есімді келіншек.
Айтуынша тұрмысқа шыққанына жеті жылдың жүзі болыпты. Соңғы төрт жылдан бері қайын атасы ғашықтық сезімін айтып, күн бермей жүр екен. Оқиғаның жай-жапсарын Перизаттың өзі ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.
«Күйеуім екеуміз ерте үйлендік. Себебі оның анасы өмірден ерте өтті де, қара шаңыраққа қарайтын әйел керек болыпты. Әпкелері мен келін болып түскен соң бір міндеттен құтылғандай қатты қуанды. «Осы үйдің бар шаруасы енді сенің қолыңда. Атаңды өз әкеңдей сыйлап, жылы-жұмсақ тамағын беріп, жағасының кір шалмауын қадағалап отырасың ғой» деп аманаттап кеткен. Екі жылдан соң қайным да үйленді. Бірақ келіннің жеке пәтері болған соң, екі аптадан кейін бөлек кетті.
Келін болып түскелі осы үйдің отымен кіріп, күлімен шықтым демесем де, әйелі жоқ үй демесін деп барымды салдым. Екі балалы болдық. Қазір декреттік демалыстамын. Таңнан кешке дейін асханадан шықпаймын. Үйдің тірлігі біткен бе? Ал күйеуім күн бата бір-ақ келеді. Жұмысы ауыр. Ал атам бір мекемеде күзетші болып істейді. Бір күн барса, екі күн үйде.
Сол кісі соңғы кезде менің басты проблемам болып жүр. Екі күн демалыста өзімді тозақта жүргендей сезінемін. Мәселені ашып айтар болсам, жасы елуден енді асқан атам жұмысынан ішіп келеді. Келе сала шомылып алады да, ас үйде жүрген мені құшақтап, бетімнен, мойнымнан сүйіп жабысады. «Менікі бол, саған ғашықпын» деп неше түрлі сөздерді айтады. Өзім әлі отызға толмағанмын. Еңгезердей еркектің құшағынан сытылып шығу да оңай емес. «Ата, ұялмайсыз ба?!» деп талай мәрте ызаланып жылап та қалдым. Ертеңіне түк білмегендей жүре береді. Бірақ «сменнен» шықққан күні баяғы әдетіне қайта басады.
Бұл оқиғаны сіздерге айтар ма едім, айтпас па едім, жақында жұмысынан ішіп келген атам үйге кіре сала асүйге ентелей келіп, «Неменеге пәлсініп жүрсің сен?! Бір рет болсаң ештеңең кетпейді. Сауабымды аласың» деп жатын бөлмесіне сүйремекші болған. Балалардан да ұялуды қойды. Қолыма дереу пышақты алдым да, «Екінші мәрте маған осылай жақындар болсаңыз, онда өзімді өлтіре салам. Мені қорлағаныңызды қойыңыз!» деп айқайлап жылап жібердім. Бірдеңе шегіп алғандай ма, көзі қызарып, аларып кетіпті. Пышақты көрген соң сабасына түсті де, бөлмесіне кіріп жатып қалды. Аулаға қашып кетердей мүмкіндік те жоқ, төрт бөлмелі пәтерде тұрамыз. Сол оқиғадан кейін балаларды бөлмеме кіргізіп алып, ішінен кілттеп алатын болдым. Әйтпесе тарпа бас салатындай үрейленіп отырамын.
Бірде күйеуіме «Бөлек шықсақ қайтеді? Үйге қайным мен келін келіп тұрсын» деп мәселені оңай шешпек болып едім. Ол әкесіне айтқан екен, «Мен сендерге масыл болдым ба? Немерелерімсіз тұра алмаймын. Бұл әңгімені осымен доғарыңдар» деп тоқтатып тастапты.
Күні кеше қайын әпкелерім үйге қыдырып келді. Тамақ істеп жүріп өзара әңгімеде «Атамды үйлендірсек қайтеді?» деп ойымды білдіргем. Олар да соны ойлап жүрген екен. Бірақ атамыз үзілді-кесілді бас тартыпты. «Шешелеріңнің орнын кім басар дейсің? Қартайғанда қандай адам жолығар дейсің?» деп қысқа қайырыпты. Бұл әрекетімнен де ештеңе шықпады. Енді атамнан қалай құтылсам екен деп ойланып жүрмін.
Үйде сыланып, боянып жүруден жүрексінемін. Күйеуіме емін-еркін еркелей де алмаймын. Сәл артық қимыл жасасам атамның ойы бұзыла ма деп қарадай қысылатын болдым. Үй шаруасын істеп жүргенде көзімен «ішіп-жеп» отырады. Ал ол маған өте жиіркенішті адам болып кетті. Тіпті балаларым алдына барып, еркелей бастаса кірпідей жиырылып, тырысып қаламын.
Тұрмыстағы өмірім тозаққа айналғандай. Күйеуім бұл жағдайдан хабарсыз. Айтар-айтпасымды білмей жүрмін. Айтқан күнде де маған сенер-сенбесіне кім кепіл? Не дегенмен әкесі ғой. Ашумен бір-біріне қол жұмсап, ел-жұртқа масқара боламыз ба деп, өз-өзімнен қорқып жүрмін.
Құрметті көпшілік, қайын атамнан құтылатын басқа амал бар ма? Оның арам пиғылын қалай тоқтатсам болады? Кеңес беріңіздерші...»