«Шашымнан сүйреп, басымнан тепті»: қызылордалық келіншек күйеуінен теперіш көргенін айтады

0
3 734

«Туған шешем "өзің таптың, бізге келуші болма!" деді...»


«Шашымнан сүйреп, басымнан тепті»: қызылордалық келіншек күйеуінен теперіш көргенін айтады
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Адамның аласы ішінде, мал аласы сыртында» деген сөздің айна-қатесіз айтылғанына қарап, қазақтың дана халық болғанына тағы бір мәрте басымды идім. Расында да жылтыраған бетіне, сайраған майда тіліне қарап адамның қандай екенін бірден ажырату мүмкін емес екен», - дейді Майра есімді қызылордалық келіншек.


Өкінішке қарай, күйеуінен қорлық көріп, соққының астында өмір сүріп жатқан әйелдер біздің елде өте көп. Солардың бірі – Майра. Ешкімнен қолдау, көмек таппай, талай теперішті бастан кешірген ол ERNUR.KZ тілшісіне жағдайды толық баяндап берді.


«Университетті тәмамдап, «Жастар практикасымен» кадрлар бөліміне енді жұмысқа орналасқан кезім еді. Бір жігіт жұмысқа орналасу үшін құжаттарын әкелген екен. Әр нәрсені айтып, әзілдесіп, өзіне еріксіз баурап алды. Ол біздегі басшылардың біріне шопыр болуға келген екен. Осылайша жиі кездесетін болдық.


Қыз бен жігіт болып жүре бастадық. Күн сайын гүл сыйлап, жиі кафеге шақырып, мерекелерде әдемі сыйлықтар беріп, менің басымды айналдырып алды. Бақытты нағыз бақытым деп білдім. Құрбыларыма оны айтып, мақтанып жүруші едім.


Бақыт үйленетінін айтып, маған ұсыныс білдірді. Мүлдем ойланған жоқпын, бірден келістім. «Үйленетін болсақ, мені алып қаша сал» дедім. Себебі үйдегілердің мені үлде мен бүлдеге орап, жырғатып ұзатар шамасы жоқ еді. Оған да керегі осы болды ма, бір аптадан кейін мені ауылына келін етіп апарды.


Бақыттың ауылында көп бөгелген жоқпыз, жұмысымыз қалада болған соң, бір аптадан кейін біздің еншімізді беріп, қалада пәтер жалдап тұра бастадық. Алғашқы бір жылымыз өте жақсы өтті. Екеуміз де жұмыстамыз, ішіп-жемнен, киімнен қысылмадық. Көп ұзамай мен құрсақ көтеріп, қуанышымыз еселене түскен еді.


Бірақ әр нәрсенің шегі болады екен. Біздің бақытты күндеріміз бір күнде түгесіле салды. Күйеуім бастығының баласын мектептен үйіне апара жатып көліп апатына ұшырады. Бастығының баласының бел омыртқасына қатты зақым келген екен, екі аяғы жансызданып қалған. Күйеуімді жүргізуші куәлігінен айыруға бар күшін салып, ақыры дегеніне жетті.


Бұл Бақыт үшін ауыр соққы болды. Бірте-бірте ішімдікке салынып, темекіні тоқтамай шегетін болды. Менің аяғым ауыр, декреттік демалысқа шыққанмын. Табыс таппаған соң береке қайдан болсын, үйде ұрыс-керіс басталды.


Сүйіп қосылған, өзі мені ұнатып алған Бақытым аяқ астынан әр нәрсеге наразы болатынды шығарды. Алдымен тазалыққа тиісті, пісірген тамағымды жақтырмады. Оның шағымдары күн сайын арта берген соң, өзімді «нашар әйел» санай бастадым. «Ішіңдегі баланы алдырып таста, туылса асырайтын шама жоқ» деп күн сайын ызыңдай беретін. Бірақ мен сегіз ай көтерген баланы қалай өз қолыммен өлтірмекпін. Әупірімдеп жүріп босанып алдым. Енем келіп, екі күн қараған болды. Шешем келіп екі күн жүрді. «Үйге де адам керек» деп екеуі де ауылдарына қайтып кетті. Емізулі әйелмін, жөргекпұлды тамаққа жұмсап, әупірімдеп күнімізді көрдік. Бақыттың ішімдіктен аузы құрғамады. Не баласына, не маған жылы сөзі жоқ. Қайта үйде тұрған азын-аулақ тиындарды ұрлап, көшеде қаңғитынды шығарды.


Сонысына қарамай мені қызғанып, ұрады ғой. Бір күні балаға киім алатын болып, екеуміз базарға бардық. Сатушы жігіт әзілқой, сөйлеп қалған екен. «Мынанша зат алып тұрмын, кішкене түсірсеңізші» деп жымиғанмын. Ол да бір сөзге келмей, айтқан бағама бере салды. Үйге келген соң күйеуім құлақ-шекеден бір-ақ ұрды. «Анау сенің көңілдесің бе? Айдаладағы біреуге күле салып едің, пәлен теңге түсе салды. Араларыңда не бар, айт! Неге дәл соның тауарын сатып алдың?!» деп аямай тепкілеп тастады.


Осы жағдайдан кейін шыдай алмадым. Бәрін шешеме айтып едім. «Тапқан өзің! Тиген өзің! Мен сені күйеуге қинап берген жоқпын. Отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Бәріміздің басымыздан өткен. Әйел болған соң ондай-ондайға шыдау керек. Өзіңнен де бар, байыңның қызғаншақ екенін біле тұра неменеге еркектен сауда жасап жүрсің?! Басымызды қатырмай, өз отбасыңды өзің сүйре!» деп тұтқаны тастай салды.


Тағы бір төбелесте учаскелік инспекторға шағымданып едім, ол күйеуімді он бес тәулікке қамап тастаған. Мерзімі бітіп, үйге келген соң тағы да тепкінің астына алды. «Анау мент те сенің байың ба? Бір «звонокпен» жетіп келіп, мені мал сияқты қораға тықты. Екінші соны шақыратын болсаң, балаңды да, өзіңді де өртеп жіберемін» деп шашымнан сүйреп, басымнан теуіп, екі қолымды қайырып, сындырып жібере жаздады. Шырқырап жылаған балама да қараған жоқ.


Сөйтіп жүргенде екінші балама аяғым ауырлағанын білдім. Бақыт та арақ ішуін біршама азайтып, інісімен бірге құрылыс жұмыстарын істеп жүрген. «Баланы ауылға апарайық та, мен жұмысқа шығып, «декретный» алып алайын. Әжептеуір көмек қой дедім. Ол да келіскен. Алайда қызғаныш пен жанжалды ысырып қоя алмады. Бір күні бастығымның айтуымен жұмыста біраз кідіріп қалдым. Жүктілігіме 6 ай толғандықтан, демалысқа дейін біршама жұмысты аяқтап кетуім керек болды. Үйдің табалдырығын аттамастан көзімнің оты жарқ ете қалды. Есімді жисам, ауруханада жатырмын. Жан-жағымда дәрігерлер қаумалап жүр. Есімді жидырып, баланы туғызып алмақшы болғандықтан, олар да, мен де бар күшімізді салдық. Амал қанша, балам өлі туылды. Қайғы құшып ауруханада екі аптадай жаттым. Күйеуім арағын ішіп жүрді-ау, артымнан бір келген жоқ. Ауруханадан өзім шығып, үйге сүйретіліп әрең жеттім.


Үйге келсем күйеуім әлдебіреуді кіргізіп алған, екеуі біздің төсегімізде ойран салып жатыр. Мені көрсе де дым қысылған жоқ. Үйден қуып шықты. Дәл қазір ата-енеме барып, баламды алып кеттім. Төркініме де барғым жоқ. Әкем күйеуім сияқты ішеді, оған бәрібір. Ал шешем келінінің сөзінен қаймыға ма, «маған жылап келуші болма, оны көргенше өлгенім артық» дейтін. Мені құшақ жая қабылдамайтынын сезіп тұрмын.


Университетте бірге оқыған құрбым ғана «біздің үйге кел, бір амалын табамыз» деп жылы қабақ танытқан. Қазір сол жаққа бара жатырмын. Бірақ алдым – тұман. Балам екеуміздің ендігі өміріміз не болар екен?..»


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Немеремнің әкесі бөтен біреу боп шықты»: шымкенттік әйел келінінің құпиясын біліп қойғанын айтады


«Туған ағам "Кәрі қыз!" деп кекетеді»: аға-жеңгесінен қорлық көрген бойжеткен отбасындағы шындықты жайып салды


«Сүйіктімнің наласы мен қарғысы тиді»: жас қызды жүкті етіп тастап кеткен азамат өкінішін айтты