​«Төсекте жатсақ есіктің сыртынан тыңдап тұрады»: тараздық келіншек баласын қызғанған енесі жайлы айтып берді

0
3 073

«Бөлмемізге кіріп, баласын ертіп кететін... Бірақ енемнің ерекше сынынан сүрінбей өттім»


​«Төсекте жатсақ есіктің сыртынан тыңдап тұрады»: тараздық келіншек баласын қызғанған енесі жайлы айтып берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Жас келін біраз уақыт қайын жұрттың сынағында жүреді, назарында болады» дегенді жеңгелерімнен естісем де, сынның осыншалықты ауыр болатынын білмеппін. Енем мен ерекше сынады. Басқа құрдастарымнан сұрасам, ондайды көрмедік деп таңғалады. Кезінде морт сынбай, сабырлық танытқаныма қазір шүкіршілік етемін», - дейді Аякөз есімді келіншек.


Бүгінде екі ұлдың анасы боп отырған оқырманымыз енесімен болған оқиғаны ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Өніп-өскен әулеттің қызы болдым. Алдымда үш ағам бар. Ене мен келіннің қарым-қатынасы қандай болатынын мамам мен жеңгелерімнен көріп, еш ойланбастан тұрмысқа шыққам. Бір үйдің жалғыз баласына. Енем ерте жесір қалып, ұлын жалғыз өзі тәрбиелеп өсірген екен. «Жалғыз ұлға келін болсам енем мені қызындай қабылдап, еркелететін шығар» деген есек дәме болғанын жасырмаймын.


Бірақ барғаннан көңіліме қаяу түсті. Күйеуім тым ерке екен. Азанда мамасы томпаңдап көшеден сүт әкеп, пісіріп, кесеге құйып, нан турап, қант салып қояды да, «күнім, жарығым» деп құйрығынан қағып оятады. «Көріп ал, балама күнде осындай сүт дайындап беретін бол» деп ескертуін ұмытпайды.


Тәлпіш күйеуім сүтке тойған мысықтай боп жұмысына әрең кетеді. Сосын күн ұзаққа енемнің қасындамын. Тірлігімнен міз іздеп, түртпектегенінің өзі бір төбе. Ал кешке күйеуім келгенде «концерттің» көкесін көрсететін.


Күн ұзаққа көшеге шықпай, үйде қамалып отырғасын мен де бір сәт күйеуіме еркелеп, аулаға шығып, серуендегім келеді. «Шаршап келдім» деп диванға жантая кеткен күйеуіме өзімiе бұртисам, арғы бөлмеде отырған енем жетіп келеді де «Жүр, балам, менің бөлмемде құлағың тыныш болады, сол жаққа барып демал» деп жетектеп ертіп кетеді.


Шаңырақ болған соң, ұрысасың, керісесің. Ерлі-зайыптылар болған соң артынша татуласасың. Кейде сондай ренжісуден соң, төсекте татуласу араны жақындата түспей ме? Бірақ сондай кезде араға үшінші біреудің килігуі керсінше араны алыстатып жібереді екен. Күйеуім кішкентай бала сияқты, мамасының қасына қонып қалатын.


Бірақ соның бәріне көз жұмып қарауға тырыстым. Жолдасыма да «екеуіміздің арамызға үшінші біреуді киліктіру дұрыс емес екенін, қанша ренжіссек те бар мәселені екеу ара шешейік» дедім. Оңашада түсінген түр танытатын жолдасым, анасы араға киліге бастағанда соның айтқанымен жүріп тұрып, шыға келеді.


Басқасы басқа ғой, көнер едім. Ал түнде есігімізден сыртында тың-тыңдап тұрғанын сезгенде, күйеуіңнің жанында жатудың өзі ыңғайсыз екен. Енді аймаласып, балқып, бір-бірімізге сезімдерімізді білдіре бастасақ есікті тықылдатып, кіріп келеді де «Балам, аяғым қақсап тұр, уқалап берші» деп бөлмесіне шақырып алады.


Бір рет болса мейлі ғой, ертеңіне де осындай жағдай. «Бөлмелеріңде ине-жіп бар ма, керек боп жатыр» деп тықылдатып, рұқсатсыз кіре салады. Тағы бір күні «Балам, лимонад ішкім келеді, барып әкеп бер» деп сылтауратқан. Айта берсем көп енді. Демалыс күні де тыныштық жоқ, «жүр, екеуміз қыдырып қайтайық» деп баласымен базарға барып, бастан-аяқ киіндіріп қайтады.


Үйге келгесін тыныш отырса мейлі ғой, «әйеліңнің алдында жарқырап жүр, сен одан мың есе сұлусың, сымбаттысың» деп мені кемсіткенін қайтерсіз. Рас, арасында жолдасымның анасының қылықтарынан ұялатынын байқаймын. Бірақ қанша айтқанмен анасы емес пе, мойындағысы келмейді. «Неге мамамды жамандай бересің» деп өзіме шүйлігіп, сөйлемей қалады.


Бір күні Айбармен сөзге келіп қалдым. Төркінімде әкемнің інісі той жасап, соған шақырған. Барамыз деп дайындалып отырғанда енем өтірік ауырып, бізді жібермей қойды. Сол кезде неше айдан бері ішіме жиналған өкпе-реніштің бәрі бомба боп жарылсын. Алғаш рет енеме сөз қайтарып, «балаңызды жинап алыңыз» деп үйден шығып кеттім.


Жылап келем, төркініме «енем баласын қызғана береді» деп жамандап барудың өзі ыңғайсыз екен, қайдан, кімнен көмек сұрарымды білмей, аялдамада екі сағаттай отырдым. Күйеуім қайта-қайта телефон шалады, тұтқаны көтеріп, қайта салғыласатын шамам жоқ. Енді қайда барсам деп отырғанда анадайдан елпілдеп келе жатқан енемді көріп қалдым. Домдардың арасынан алақ-жұлақ етіп мені іздеп, шыны аялдаманың орындығында отырған мені көріп қалды да, жаныма жүгіріп келді. «Мына кісі енді көшеде айқай шығарып, мені масқаралайтын шығар» деп отырғам. Сөйтсем, ниеті басқа екен.


«Айналайын, қызым, бір ашуыңды беріп, үйге қайта ғой» деп кешірім сұрап, қолымнан жетектеп үйге әкелді. Есіктен кіре сала «мен сені сынаған түрім еді, артық кетсем айып етпе. Балам екеуміздің арамызға түсіп, жалғыз ұлымды өзіме қарсы қоймас па екен деп бірталайдан бақылап жүрдім. Осы уаққа дейін менің еркелігімді көтеріп, бетіме қарсы келмегеніңе ризамын. Кетпе, Айбарымның ұрпағын көбейтіп, екеуің тату-тәтті өмір сүріңдер. Мен қартайған адаммын, артық кетсем, ойланбай бір тірлік жасасам кәрілік деп қабылдап, көңілдеріңе алмаңдар» деп кешірім сұрап, күйеуім екеумізді тойға жіберді. Кештетіп болса да ауылға барып, туыстарымызбен ойнап-күліп келдік.


Осы жағдайдан кейін енем күйеуіміз екеуміздің арамызға түскен емес. Бөлмемізді аңдуды да қойды. «Өздерің біліңдер» деп бар мәселені бізге ысырып қоя салады. Немерелі болғалы бізге тіпті көңіл бөлмей қойған. Қазір менің енемнен артық адам жоқ сияқты. Кезінде ашуды ақылға салып, төркініме кетіп қалмағаныма қуанам».