​«Туған сіңлім отбасымды ойран етті»: алматылық келіншектің күйеуі мен бауыры көңіл жарастырған

0
2 075

«Менің жағдайымды пайдаланып, екеуі сатып кетті»


​«Туған сіңлім отбасымды ойран етті»: алматылық келіншектің күйеуі мен бауыры көңіл жарастырған
иллюстрациялық фото ашық дереккөзден алынды


«Еркекке сенім жоқ, «итті көрсе иеді». Осы сөзді баяғыда көрші апамыз біздің үйге шайға келгенде жиі айтып отыратын. Оның үстіне анам «еркекке сенбе, екі босағаңа сен» деп құлағымызға құйып қойған. Тұрмысқа шыққан соң күйеуіме үнемі күдікпен қарайтын болдым, соным бекер емес екен», - дейді Дидар есімді алматылық келіншек.


Қазір күйеуі екеуінің қарым-қатынасына сызат түсіпті. Оған өзінің туған сіңлісі кінәлі санайды. Оқиғаның қалай болғанын Дидардың өзі ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Ұлан екеуміз студенттік шақтан бері біргеміз. Ол өте пысық жігіт. Оқып жүріп жұмыс істейтін. Университетті бітіре сала өзі істеп жүрген жұмысында қызметі көтерілді. Бір жылдан соң, мен оқуымды бітірген соң, екеуміз үйлендік. Ол таныстарын араға салып, мені де жұмысқа кіргізіп қойды.


Ата-енемізден бөлек тұрамыз, несиеге пәтер алғанбыз. Табысымыз жаман емес. Бақытты болдық. Бір жылдан соң тұңғышымыз дүниеге келді. Мен декреттік демалысқа шықтым. «Менің табысым жеткілікті ғой, үш жылға дейін балаға қарасаң қайтеді?» деп күйеуім ұсыныс білдірген соң, армансыз үйде отырдым. Үш жасқа толғанда өзімзің сүйікті қызметіме қайта оралдым. Мұндайда баланы бақшаға апаратын, әкелетін адам керек. Жұмысым ауыр, кеш қайтатыным бар. Күйеуім «бала күтуші алайық» деді. Әлгі апамның «еркекке сенім жоқ» дегені бар, бөтен әйелдің үйімде болғанын қаламадым. Содан ауылда енді ғана мектеп бітірген туған сіңлімді шақыртатын болдық. Мектеп бітірген кішкентай қыз әрі туған сіңлім, қасымда болса көңілім тоқ болады деп ойладым.


Арадан алты ай өткенде аяғым ауыр екенін білдім. Оны естігенде Ұлан қатты қуанды. Бар тілегі - ұл болса. Сөйтіп уақыт сағаты жетіп, декретке шықтым. Бірақ дәрігерлер көзімнің қан қысымы жоғары екенін айтты. Сондықтан «бұл баланы кесер тілігі арқылы аламыз» деді. Негізі бала кезден көзімнің көруі нашар болатын. Дәрігерлер бірінші баланы босанатын кезімде де «көзіңіз көрмей қалуы мүмкін, сондықтан кесіп аламыз» деген. Ол кезде де көнбегем. Құдайға шүкір, ешқандай қиындықсыз өзім босандым. Сондықтан бұл жолы да дәрігерлердің айтқанымен келіскім келмеді. Бірақ соным бекер болыпты.


Ай-күнім жетіп, перзентханаға түстім. «Өзім босанамын» деп айтқанымнан қайтпай тұрып алдым. Бірақ толғағым өте ауыр болды, бала аман-есен туылды. Босанған соң көзімнің көруі мүлдем төмендеп кетті. Дуал жағалайтын дәрежеге жеттім. Жергілікті дәрігерлердің көмегімен балам бір жасқа толғанша емделіп көрдім. Бірақ одан ешнәтиже шықпады. Тіпті көзілдірік те көмектеспей қалды. Бір жылдан соң күйеуім ақша тауып, мені өзінің қарындасымен бірге Германияға жіберді.


Неміс дәрігерлері мықты екен, оншақты күн емдеді, сосын қайтадан тексеріп, ота жасады. Бас-аяғы бір айдай Германияда тұрақтап қалдық. Елге оралған соң көзімнің көруі жақсара бастады. Үш-төрт метр жердегі адам бұлдырап көреді. Ешкімнің көмегінсіз жүріп-тұра алатын болдым. Мұныма қатты қуандым. Бірақ толықтай айығып кеткенше ешкімге көзімнің көре бастағанын айтпадым.


Бір күні Ұлан жұмыстан кештеу келді. Балалар ұйықтап қалған. Сіңлім жүгіріп барып есік ашты. Бірақ ол есік алдында біраз бөгеліп қалды. Не болды екен деп ақырын тұрып барсам, күйеуімнің мойнына сіңлім асылып тұрғандай көрінді. Алғашында көзім бұлдырап, солай көрінген болар деп ойладым. Бірақ ішіме бір күдік кірді. Олар абыржып қалғандай болды. Сіңлім дереу дастархан жасап, ал біз Ұланмен әңгіме-дүкен құрып отырдық. Бір уақытта «Жезде, тамақ дайын» деген дауыс шықты. Ұлан орнынан атып тұрды да, ас үйге қарай беттеді. Әшейінде көзім көрмеген соң дастархан басында бірге отырмайтынмын. Осы жолы бір күш мені асханаға итеріп апарғандай болды. Ақырын басып асханаға кірсем, Ұланым сіңліммен сүйісіп отыр. Олар тіпті менің келгенімді де байқамады.


Осы кезде ішімдегі алапат от атылып шыққандай болды. Екі перзенті үшін басымды қатерге тігіп, жаныммен қайғы болып, шет ел асып емделіп жүргенімде бұлардың сыртымнан сатып, ойнастық жасап жүргені жүрегімді тіліп кеткендей болды. Қолыма түскен затпен екеуін ұра бастадым. Көзімнің ауырғанын да, ашулануға болмайтынын да ұмытып кеттім. Үйдің астаң-кестеңі шықты.


Сөйтсем бұлардың қарым-қатынасына біраз уақыт болыпты. Маған білдірмей, менің төсегімде білгенін істеп жүрген екен. Тіпті сіңлімнің аяғы ауыр болып шықты. «Әпке, үйдегілерге айтпаңызшы, жалынамын. Жездеме ғашық болып қалдым, өзі қайта-қайта жылы сөзін арнап, тиіскен соң, беріліп қойғанымды байқамай қалдым. Баланы алдырып тастаймын, тек мұны ата-анамыз естімесін» деп аяғыма жығылып отыр. Күйеуім де «Маған не дейсің? Еркекпін мен, айлап ауруханада жатасың, әйел құшағын аңсап, бір сәтке өзіме есеп бере алмай қалдым» деп бет бақтырар емес.


Бірі күйеуім, екіншісі сіңлім, не істерімді білмей, басым қатып отыр. Мына жағдайды төркінім мен қайынжұртым білсе, онда нағыз сойқан болғалы тұр. Сіңлімнің ішіндегі баланы қайтеміз? Алдырып тастатқанның өзінде бұлардың қайта жүрмесіне, сыртымнан сатқындық жасамасына кепілдік бар ма? Шынымды айтсам, қазір кімнен кеңес сұрарымды, кімге мұң шағарымды білмей жүрмін...»