​«Түрік жігітіне тұрмысқа шығуға мәжбүр болдым»: Жетісайлық бойжеткен не үшін басқа елге кеткенін айтты

0
3 198

Өз елінен "қашып кеткен" қазақ қызының тағдыры...


​«Түрік жігітіне тұрмысқа шығуға мәжбүр болдым»: Жетісайлық бойжеткен не үшін басқа елге кеткенін айтты

Редакцияның рұқсатынсыз көшіріп басуға тыйым салынады


Өзге ұлтқа тұрмысқа шыққан қазақ қыздарын кінәлайтындардың дені – еркектер. Алайда еркектер қыздың басқа ұлтпен бас қосуына өздері себеп болатынын байқамайтын көрінеді.

Тамара есімді келіншектің де аяқ астында түрік жігітімен Түркияға кетуіне себепші болған – еркектер екен. Бұл туралы ол ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


Тамара қазіргі Түркістан облысы, Жетісай ауданында туып-өскен. Мектепті үздік аяқтап, мемлекеттік грантпен Шымкенттегі ең ірі жоғары оқу орындарының біріне түскен.

Сұңғақ бойлы, көрікті қыз. Ол студенттік іс-шараларға қатысып, ғылыми жұмыстардың конкурстарында белсенділік танытып, жұрттың назарында жүретін. Содан болса керек, студент кезде талай жігіт соңынан жүгірген. Тіпті сөз салған жас оқытушы ағайлар да болған. Ал Тамараның ол кездегі мақсаты – тек білім алу, іздену, келешекте математика ғылымдарының докторы деген лауазымға жету еді. Сондықтан жігітпен жүрмепті, қыдырмаған да.


- Өмірімді ғылым жолына арнау менің асыл мақсатым еді. Бәрін бір күнде-ақ тастап, отбасылық бақытты таңдап кете бардым. Дұрысын айтқанда, мен тыныштық іздеп кеттім ол жаққа, - дейді Тамара.

Ол үйінің жалғыз қызы. Үш ағасы мен бір інісі бар. Тамараның Қазақстаннан кетуіне себепші болған – осы ағалары екен.

Тамара бірінші курста оқып жүргенде екі ағасы жоғары курста, тағы бірі екінші курста оқитын. Бәрі бірге пәтер жалдап тұрады. Оның айтуынша, ағалары да мектепті үздік бітірген, бірақ, қаланың бұзықтарына қосылып тура жолдан тайыпты.

Университетте оқытушылар «Тамара, неге ағаң сабаққа келмей жүр?», «Ағаңа айт, сабаққа келмесе, оқудан шығарылады» деп сәлемдеме айтып жіберетін.

Олардың сан сұрағынан, сәлемдемесінен шаршаған. Одан қалса, ұлты басқа бір кісілер оқу орнының алдынан күтіп алып, ағаларын сұрайтынды шығарады. Небәрі 18 жастағы бойжеткен қорқып, университет қабырғасы түгілі, көшеде еркін жүре алмайтын болады.

Тамара ең алғаш ағаларына қалай ренжігенін былай еске алды. Ол университетте студенттер арасында өткен сайысқа қатысып, жүлделі орынға ие болады. Жүлдесі – түрлі-түсті теледидар. Ол кезде түрлі-түсті теледидар таңсық әрі көп адамның қолы жете бермейтін техника болатын.


- Жүлдемді пәтерге апарып қойдым. Таңертең тұрған теледидар кешке үйге келсем орнында жоқ. Ағаларым ауылға алып кеткен шығар деп ойлап жүргем, сөйтсем, сатып жіберіпті. Алғашқы жүлделі сыйлығым болғандықтан шығар, әбден жыладым. Міне, осы күннен бастап менің бұйымдарым жоғала бастады. Анам 18 жасқа толғанымда сыйлаған алтын сырғамды да бір күні таппай қалдым. Осылай енді мен пәтерде заттарымды тығып, стипендиямды жастанып жататын халге жеттім, - деген Тамараны ағасы жақсы адамдар түсіне қоймас.

Туған ағалары заттарын сатып жібергенде қандай күйде болатынын қапалана еске алған Тамара ағаларымен тұрған күндерінің тек өкінішке ғана емес, қорқынышқа толы болғанын да айтып берді.

Ағаларының талай рет мұрны сынып, қолы сынып келгенде алғашқы медициналық көмек көрсеткен көрінеді.

Кейін бұндай жағдай көбейіп, ата-анасы да хабардар болады. Бірақ ата-ананың ақылы ұлдарының ақылын толықтыра алмайды. Бір ағасы университетті бітірген соң қамалып кетсе, екінші ағасы оқудан шығып қалады. Кім баласын жамандыққа қияды, ата-анасы жиған-терген дүниесі мен барлық малын сатып шапқылайды.

Үшінші ағасы да түн кезіп, талай пәлеге басы шырмалыпты. Ата-анасын қарызға батырыпты.

Бойжеткен оқуды бітіріп жұмысқа тұрады. Бастығының Тамараға көңілі бар екенін естіген үлкен ағасы одан талай рет қарызға ақша алып, қарындасын ыңғайсыз жағдайға қалдырады.

Айта берсе, ашуландырған, жылатқан ағаларының мұндай ісін санауға саусақ жетпейді.


- Жылап та, жалбарынып та айттым оларға, бірақ, ағаларым түзелмеді. Ай сайын жалақымды алсам, төлейтін бір қарыз табылып тұратын. Бұрын стипендиямды өзіме жарата алмасам, енді жалақым қолыма тиген күні анам «Ағаң пәленшеге қарыз» деп сұрап алатын болды.


Тамара ауылына барған сайын әке-шешесінің түнеріп отырғанын, жылағанын көріп, жаны жабырқап қайтады. Ата-анасының өмірін, ағаларын өзгертуге тырысқанымен, қолынан ешнәрсе келмегеніне күйініп шақтарда өзіне қол жұмсамақшы да болады. Өмірден баз кешіп жүрген сол уақытта университетте бірге оқыған бір құрбысы қояр да қоймай туған күніне ертіп әкетеді. Осы күні Тамара ойланбастан шешім қабылдайды.

Кафеде түрік жігітімен танысады. Ажырасқан. Орысша жақсы сөйлейді. Тамарадан жеті жас үлкен. Шымкентке іссапармен келген беті екен. Ол Тамараны бір көргеннен ұнатып қалады.


- Түрік жігіттің бірден үйленуге ұсыныс жасағанына таң қалған жоқпын. Өйткені маған бір көргеннен ғашық боп қалатын қазақ жігіттері де көп еді. Мен «Студент аруы» конкурстарына қатысқанмын. Өзімнің сұлулығымды білетінмін. Бірақ дәл сол уақытта мен қорған болатын адамның жылы сөзіне зәру едім. Жұмыс істеуден де, таусылмайтын ағаларымның қарыздарынан да шаршап жүргенмін. Сондықтан мен де ойланбастан түрік жігітінің сөзін қабыл алдым, - деген Тамараның даусынан бұл шешімге өкінетіні байқалды.


Бір күнде шешім қабылдау оңай емес. «Маған бәрібір» деген адам ғана осындай қадамға барса керек. Тамара әке-шешесіне де ескертпей кетіп қалады.

Арада екі апта өткеннен соң ғана анасына қоңырау шалып, тұрмысқа шыққанын хабарлайды. Анасы кешірмейтінін айтып сөйлеспей қояды. Ата-анасының ақ батасын бермегені онсыз да өң мен түстің арасында не істеп қойғанын өзі білмей жүрген Тамараға ауыр тиеді. Ол бәрін ұмытам дегенімен, ұмыта алмайды. Бірақ бұрынғы мәселеге толы өмірге қайта оралғысы да келмейді.

Жаңа өмір бастап, күйеуінің талаптарына көнеді. Сұлу мүсінін қымтап жауып, хиджап киеді. Бес уақыт намаз оқып үйренеді. Үй шаруасымен, бала тәрбиесімен айналысып үйде отырады.


- Екінші баламды өмірге әкелген соң ғана елге бардық. Күйеуім ата-анамнан кешірім сұрап, қомақты қалыңмал берді. Анама алтын сырға, әкеме алтын сағат тақты. Осыдан кейін анам ағайын-туысқанды үйге шақырып, бізге ақ батасын беріп шығарып салды.

Кейін үшінші перзентім дүниеге келді. Соңғы рет әкем қайтыс болғанда барып қайттым. Әр барған сайын анам жылап қалады, ал мен Түркияға жеткенше жылап келемін. Жүрегім езіліп қайтады...


Тамараның ағалары қазір отбасылы. Үйленіп, баға-шағалы болған соң, әлде дәурендері өткен соң ба, олар өзгерген. Біреуі жол апатынан мүгедектер арбасына таңылған.

Бірі бес баласының бар екенін айтса, бірі жағдайының жоқтығын алға тартып мұңын шағады. Тағы бірі мүгедек екеніне шағымданады екен. Оларды Тамараға басқа елдің дәстүрін үйреніп, тәртібіне көндігудің оңай болмағаны, түрі мен тілі басқа адамдардың көңілін тауып, айтқанына көніп өмір сүрудің қиындығы ойландырмайды да.

Шетелде тұратындарды жұрт бай-бақуатты деп ойлайды. Ол жақта да тапқан айлығы шайлығына ғана жететіндер бар. Тамара тұрмысының қарапайым екенін айтты.


- Күйеуім жұмыс істетпейді, қолыма ақша да ұстатпайды. Азық-түлік, басқа да керек-жарақтарды өзі сатып алады. Асып-тасып, шалқып жүрген жоқпын. Шүкір, күйеуім құрмететтейді, балаларым бар. Әйткенмен дәл осындай күйеу Қазақстаннан да табылар еді ғой деп кейде ойланамын, - деп көзіне жас алды.


Қазақ қыздарының басқа ұлтпен бас қосуының, өзге елге кетуінің өзіндік бір себебі бар. Ешкім бекерден-бекер өз елінен кетпейді, ешкім себепсіз өз бауырларынан безбейді.

«Уақыт кері айналып оралса, нені өзгертер едіңіз?» деген сұрағымызға Тамара нақты жауап бермеді. Ол «Өз еліңде, ата-анаңның қасында өмір сүргенге не жетсін?!» деді де қойды.

Сіз ше, оқырман, уақыт кері қайтса, өміріңізде нені өзгертер едіңіз?


Өзгерте алмайтын өкінішіңіз, көпке ой саларлық оқиғаңыз болса 87752327733 whatsapp нөміріне жолдауыңызға болады.

(Иллюстрациялық суреттер ашық дереккөздерден алынды)