​«Түріктерше қолын сүйгізеді»: Енесінің қылығына налыған келіншек ренішін жеткізді

0
2 885

«Түрік сериалынан көріп алып, енді немерелеріне істеткізіп жүр» дейді келіншек...


​«Түріктерше қолын сүйгізеді»: Енесінің қылығына налыған келіншек ренішін жеткізді

«Әл елдің салты басқа, иттері қара қасқа» дегенді кейде ұмытып кететіндер аз емес. Оған өзге ұлттан ауысып, әдетке еніп жатқан дәстүрлі мерекелер де дәлел бола алады. Той-томалақ, жиындарда да батыс-шығыстан ауысқан түрлі әдет-ғұрыптардың орындалатыны да бар.

Ал Самал (есімі өз өтініші бойынша өзгертілді) есімді келіншектің ERNUR.KZ тілшісі айтып берген оқиғасында осындай жағдай олардың отбасында орын алған көрінеді. Енесінің түрік сериалдарын ұнатып көретіні сонша, қазір кинодан көрген кейбір салттарын да үйде жасай бастапты.

- Бәрі түрік сериалдарынан басталды. Енеммен бірге оны өзіміз де көреміз. Бірақ енемнің бұлай артық кетіп қалатынын кім біліпті?, - дейді ол.


Келіншектің айтуынша, бәрі де телеарнадан көрсетілген танымал тарихи сериалдан басталған. Ондағы перзенттерінің анасының қолынан сүюі ұнап қалғаны сонша, немерелеріне соны қайталатады екен әжесі. Оны келіншек жай ойынға балаған көрінеді.

- Бала көргенін істейді емес пе?! Мен жай ойын ғой деп елемей жүрдім. Оның үстіне күні бойы жұмыстамыз, балаларға әжесі қарайды. Кешке ас ішкен соң сабағына қараймыз, таңертең тағы ерте кетеміз. Күні бойы әжесі мен атасының тәрбиесінде.

Бірде демалыс күні бәріміздің басымыз қосылып қалды. Жаздың күні еді. Ертерек тұрып далада нан жауып жатқанмын. Атам мен апам сәкіде шай ішіп отырған. Үлкен балам жуынып болған соң дастархан басына жайғасар кезде әжесінің қолынан сүйіп, маңдайына тигізіп жатқанын байқап қалдым. Аңтарылып қарап қалыппын. Ешқандай ойын да, әзіл де емес. Әжесі айналып-толғанды да, қасына отырғызып тәттісін алдына қоя бастады. Баламның түріне қарасамүйреншікті әдет болып кеткен сияқты. Атам да оған үйреніп қалған тәрізді, ештеңе демеді.

Кейін баламнан сұрасам, «біз көптен бері солай жасаймыз» деді. Неге екенін қазбалағанымда, «өскенде үлкен адам болатын балалар әжесінің қолын сүйіп, батасын алады» деп үйретіпті. Не айтарымды білмедім. Біздің емес, бөгде ұлттың салты дегеннен арыға аспадым. Байқасам, екі жасар қызыма дейін солай жасайды екен.

Самал оның себебін енесінен сұрауға көпке дейін бата алмай жүргенін айтады. Ренжіп қала ма деп алдымен күйеуіне айтқанда, «әзілі шығар» деп мән бермепті.

- Әрине, онда тұрған ештеңе жоқ. Әжесіне құрметін көрсетіп жатса несі бар?! Дегенмен, ішімнен өз ата-бабамыздың дәстүрін орындай алмай жүріп, өзгенікін жасағанымызға біртүрлі бола бердім. Ақыры бір күні айтуға тура келді. Онда екінші қызым әпкесінің үйіне қыдырмақ болып кеткелі жатқан. Апасы қолына «тәтті алып жерсің» деп ақша ұстатты да, қолын ұсынды. Алты жастағы қызым да бірден сүйіп, маңдайына басқанда шыдап тұра алмадым. «Апа, бұларыңыз не? Кинодағыны балаға істетіп?!» дегенім сол еді, «Немене, қызғанып тұрсың ба?» деп қайтарып тастады. Аузыма сөз түспей, «басқаның дәстүрі» дей бергенім сол еді, «кімдікі болса да, немерелерім мені сыйлап үйренеді» деп бұрылып кете берді.

Соған бола ренжіскім келмесе де, дұрыс еместігін айтып түсіндіре алмадым. Атама айтып едім, қолын бір сілтеді. Күйеуім де анасымен сол үшін ренжіскісі жоқ, - дейді енесінен көңілі қалған Самал.



Ол ғана емес, келіншекті енесінің тағы бір қылығы таң қалдырыпты. Үйден кім жолға шықса, соның соңынан бір шөміш су шашуды да әдетке айналдырыпты осы күні.

- Жұрт естісе, күледі-ау. Бірде күйеуім алыс қалаға жол жүрмек болды. Көлігіне ауыстырар киімі мен ішер асын дайындап салып берген соң қақпаны ашып тұрғанмын. Көлік шыға салысымен соңынан бір шөміш суды шашып жібергенде күліп жібердім. «Одан да дұға жасап, бет сипағаныңыз жөн емес пе еді?!» дегеніме, «күйеуіңнің аман-есен келгенін тілемейсің» деп өзіме кінә тақты.

Иә, апам осылай сериал көремін деп түріктің бар әдет-ғұрпын меңгеріп жатыр. Түріктің бірде-бір сериалын жібермей көреді. Айтпақшы, сол сериалдан қандай орамал, әшекей көрсе, соны сатып алады.

Мейлі, көре берсін. Бірақ балаларға жастайынан басқа ұлттың әдет-ғұрпын үйретудің, санасына сіңірудің не қажеті бар? Үйретсе, өзіміздің де салт-дәстүріміз көп емес пе? Жәй ғана Құран бағыштауды үйретудің өзі не тұрады? Балаларымның санасы жастайынан уланып қала ма деп қорқамын, - дейді не істерін білмеген келіншек.


Самал енді балаларына бір мезгіл ата-баба салт-дәстүрін үйретуді қолға алып, сол туралы жақсы кітаптар сатып ала бастапты. Өз перзенттерінің бойына басқаның емес, өз ұлтының әдет-ғұрпын сіңіріп өсіргісі келеді.


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Ұлдарым бет көріспейді»: Алматылық әйел ағайынның арасына сызат түскенін келінінен көреді


«Әруақ тоғыз» деген шықты»: Қазақтың салтынан шаршаған келіншек шынын айтты