​«Үйдің ішін бөтелкеге толтырды»: жас келін араққұмар енесінің әрекетін жайып салды

0
2 915

«Бойжетіп қалған қайынсіңлімді зорламақшы болды»


​«Үйдің ішін бөтелкеге толтырды»: жас келін араққұмар енесінің әрекетін жайып салды

иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Ананың аты – ана», «жұмақ ананың табанының астында» дегенді естиміз. Бірақ «Ана» деген атқа лайық болмаса ше, онда да сыйлай беру керек пе? Мен өз балаларына қиянат жасайтын, тапқанын қу құлқынына жұмсап, жұрттың бәріне жағымсыз жанға «ана» деген сөзді қимас едім».


Бұл ERNUR.KZ редакциясына хабарласқан Назерке (есімі өзгертілді) дейтін оқырманымыздың әңгімесі...


«Өзім өсіп-өнген әулеттің қызымын. Алдымда үш әпкем, ағам, інім мен сіңлім бар. Күйеуіммен медициналық колледжде оқып жүргенде таныстым. Аңқылдап қалған, ақкөңіл, адамдарға жанашыр жігіт, мені осындай қасиеттерімен баурап алды. Өзінен кейін інісі мен қарындасы барын, әкесі қайтыс болғанын, отбасын асырау міндеті өз мойнында екенін айтқанда оның бірсөзді, жауапкершілігі жоғары адам екенін түсіндім. Сол себепті колледжді бітірген жылы өз еркіммен Серғалидің үйіне келін боп түстім. Ол мені алып қашып кетті.


Төркініме хабаршылар барғанда ата-анам разы болмай, біраз шу шығарыпты. Артымнан әпке-жезделерім қуып келіп, менің бақытты жүзімді көрген соң көңілдері жайланып қайтты. Бірақ үлкен әпкем «Назерке, баланың тұрмысы төмен екен, енең де біртүрлі кісі сияқты, түрі ұнамады, адамның бетіне тіке қарамайды екен. Бізді дұрыстап күтпеді де, қайдам, ертең қиналып қалмайсың ба, байқашы» деп қайта-қайта ескерткен. Расында да Серғалидің үйі жұпыны екен, шешесі салақтау ма дедім, өйткені қонақтың астына төсейтін дені дұрыс көрпеше жоқ, кірлеп кеткен. Әдетте келін келетін үй перделерін жуып, кілемдерін тазалап, кішкене әрекет жасайтын еді. Менің енем еш дайындалмаған сияқты көрінді. Сол себепті беташардың ертеңіне білекті сыбана кірісіп, үйдің бәрін кір-қоқыстан тазартуға кірістім. «Бағила, келінің пысық сияқты, Құдай бере салыпты саған» деп көрші апа ернін сылп еткізгенде де ештеңені түсінбегем. Сөйтсем менің енем бір ішсе көшеде аунап тұрып ішетін маскүнем екен. Мұны Серғалидің менен жасырып қалғанына әлі ренжимін.


Күйеуім үйленерден алдын анасына «кодировка» жасатқан екен. Енем сол себепті екі айдай тәп-тәуір жүрді. Екі айдан кейін біз Алматыға, күйеуімнің досының үйлену тойына кеттік. Ақыры келгесін бір аптадай қыдырайық деп шешкенбіз. Үйге келгенде баяғы енемді таппай қалдым. Шашы қобдырап, үйдің ішін қоқысқа толтырып тастаған. Бос бөтелкеден аяқ алып жүре алмайсың, үсті сасып, кіре берісте жатыр екен. «Мама, не болды мынау, тым болмаса келіннен ұялмайсың ба?» деп күйеуім жылап жіберді.


Енем бұл әдетін күйеуі қайтыс болғаннан бастапты. «Басында тым жақсы отбасы едік. Үйдің бар шаруасын әкем шешетін, табысты да сол кісі табатын. Анам әкеме қатты арқа сүйегені соншалықты, нанның, қанттың бағасы қанша екенін білмейтін. Ол өмірден өткенде анам депрессияға түсіп кетті. Бізді асырау үшін мектептке еден жуушы боп орналасты. Бәленің бәрі сол жерден басталды. Күйеуінен ажырасқан бір-екі әйелге ілесіп, күн сайын ішетін болды. Бірте-бірте араққа салынып кеткенін байқамай қалдық. Емдеттім де, оқыттым да, ештеңе көмектесетін емес. Үйленсем келінінен ұялатын шығар деп ойлағам. Енді жатысын қарасайшы» деп Серғали сырын айтты.


Қайным қалада, достарымен жалға ойын құралдарын таратып, табыс тауып жүр. Қайынсіңлім тоғызыншы сыныпта оқиды. Күйеуім Созақта, вахтада істейтіндіктен, екі аптадай енеммен қаламын. Сондағы көргендерімді сөзбен айту мүмкін емес. Күн шықпай ұйқыдан тұрам, сол кезде енем мас боп отырады. Қай уақытта ішіп алатынын білмеймін. Ішеді де аузына ақ ит кіріп, көк ит шығып жатады.

«Ей, қайтын...» деп мені жеті атамнан сыбайды. «Баламның басын айналдырып тиіп алдың» деп тиіседі. Одан қалса дүкенге, араққа жұмсайды. Басында ұялғанымнан, қорыққанымнан сұрағанын әкеп беріп жүрдім. Серғали азық-түлікке деп тастап кеткен ақшаның жартысы араққа кететін. Ішіп алып тып-тыныш жата салса мейлі ғой, дастарханды төңкеріп, үйдің бәрін қиратып, құсып, айналаның быт-шытын шығарады.


Бір жолы Серғалиға «Сен жұмысқа кетерде мені төркініме апарып тастай аласың ба, екі-үш күн жатып қайтайын» деп өтіндім. Обалы не керек, күйеуім айтқанымды екі етпейді. Төркініме жеткізіп салды. Анамның қасында аунап-қунап, олар салып берген сәлем-сауқатты арқалап үйге келсем, есіктің бәрі ашық-шашық. Іштен қайынсіңлімнің шыңғырған даусы шығады. Жүгіріп кірсем енем бір еркекпен аймаласып отыр, екінші біреуі қайынсіңлімді зорламақшы, астына басып алған. Есіктің алдында тұрған балтаны алып, екеуін де қуып шықтым. Сәл кешіккенде бойжеткен қыздың өмірі быт-шыт болар еді. Енемнің осыншалықты топас, мисыз болғанына ызам келді. Бұл жағдайды күйеуіме айтып ем, ызадан сөйлей алмай қалшылдап кетті. «Сәл шыдаңдар, Айзере мектепті бітірсін, бұл жерден кетеміз. Қарындасымды алып кетем» деп қалды. Бірақ анасын да қимайтынын түсініп тұрмын. Оның жүрегі ауырады.


Мен енемнің осындай «концерттерінен» әбден шаршадым. Соңғы кезде ажырасып кетуді ойлап жүрмін. Құдай бойыма бала бітірмей тұрғанда мына тозақ өмірден кеткенім дұрыс па, әлде күйеуімнің жаралы жүрегін одан бетер ауыртып алам ба? Оның обалына қалудан қорқам, бірақ мынадай енемен өмір сүру мүмкін емес. Ана деген аттан садаға кетсін, арақ емес, ақылын ішіп қойған...»