​«Ұл туам» деп қайтыс болды: Қызынан айырылған ана әлі күнге күйеу баласын кінәлайды

0
3 692

«Шаңыраққа ие болып қалатын, ұлдың аты ұл ғой шіркін, қашанда»...


​«Ұл туам» деп қайтыс болды: Қызынан айырылған ана әлі күнге күйеу баласын кінәлайды

Қазақ отбасында ұлдың жөні бөлек. Атадан қалған шаңыраққа ие болуымен қатар, әулеттің түп қазығын ұстап, ұрпақ жалғауда да қыз баласына қарағанда бір саты жоғары тұрады.

«Бірақ қазір заман бөлек, жағдай бөлек. Рахатты ұлдан көресің бе, қыздан көресің бе, бір құдай біледі. Қазір бастың амандығы мен барыныңесендігін тілем өмір сүретін заман. «Ұл тумадың» деп әйелді көрге түсірудің жөні жоқ».Шымкенттік Ақжан есімді ана осылай деп санайды.

Себебін ERNUR.KZ тілшісіне айтып берген ол қызының өлімініне 4 қыздан соң бесінші перзентін тууға мәжбүрлеген күйеу баласы деп есептейді.

- Он жыл өтсе де жүрегім әлі жібір емес. Тіпті, жиендерімді көрсем де қызымнан айырылып қалғаным жаныма батып, жүйкем қозады. Олардың ештеңесі кетпеді, тірі боп тіршілігін жалғастырды. Күйеу бала үйленіп алды. Қыздар өсті. Тек менің қызым ғана түк көрмеген күйі көрде жатыр қазір, - деп жылайды қызының қазасына әлі қиналып жүрген ана.


Оның айтуынша, қызына үш баладан соң босануға болмайтын диагноз қойылған екен.

- Есімде жоқ, қанында бірдеңе бар деген. Әлде басқа ма?! Әйтеуір, тууға болмайды деп дәрігерлер тайым салыпты. Оны кейін білдім. Сөйтіп жүріп 4-ші қызын да туып алды. Содан кейін біраз ауырып жатыр та қалған. Өзім барып әбден белін көтергенше қарасқанмын.

Сол кезде перзентінің 4-еуі де қыз болғанына күйеу бала наразы екенін байқағанмын. Үйге кеш келіп, ерте кетіп, ешкіммен сөйлеспей тұйық жүріп алған. Оны көрген қызым байғұстың жаны шыжғырылатынын, ұл тумағанына өзін кінәлайтынын айтпаса да сездім. Бірақ құдай бермесе қайтеді?! Әрі-беріден соң сол қызды «салып берген» өзі емес пе?Қолынан келсе неге ұл етпеді өзі?!


Ашулы ана сонда-ақ қызын түсінігі жоқ күйеу баласынан ажыратып алмағанына өкінеді.

- Өзім бейғам болдым ба? Қызымның бақытсыз екенін көре алмаппын-ау. Кішкентайы жасына толған кезде өзім ауырып жатып қалдым. Қызым да жұмысына шығып, тәп-тәуір жүрген. Көп уақыт бара алмадым. Бір күні қуанып телефон соқты. Көтерген екен, 4 ай болыпты. Ұл депті УДЗ. Жүрегім зырқ етті. Бір жағынан қуандым, екінші жағынан уайымым басталды. «Саған тума деп еді, қалай болады, қызым?» дегеніме «Құдай сақтасын, осыны босанып алсам болды» деп күлген.

Жаратқаннан күндіз-түні тіледім амандығын. Бірақ мені естімеді... Қаралы хабар жеткенде есімнен танып, қалай, кіммен жеткенімді білмеймін. Алты айлық шаранасымен бірге қызымды жер қойнына тапсырдық. «Ұлды болам» деп жүріп ұлымен бірге келмеске кетті де қалды мені аңыратып тастап. Басқа ұл-қызым бір төбе, оның орны бөлек еді, қайтейін.

Кейін естісек, екі күн тоқтамастан қан кетіпті. «Барсам, алып тастайды» деп қорыққан десті сондағылар. Құрсағындағы шаранасын алып тастаса аман қалар ма еді? Дәрігерлер көп қан жоғалтқаннан ештеңе істей алмапты.


Сонда күйеу бала қайда қарады деймін ғой? Құшағында жатқан әйелінің жағдайын көре тұра сүйреп апаратын жөні емес пе еді ауруханаға?! Ұл демей-ақ, «бары аман болсын» деп шүкіршілік етсе, қызым өз өмірін қатерге тікпес еді ғой?! Ұлдан шекесі шылқ етіп отырған кімді көрді мына заманда? Әлде де қыз шығар әке-шешені ойлап, шырылдап жүрген қайда болмасын?!


Айта берсем, ішіп өртеніп кетеді. Мына заманда перзент сүйе алмай жүрген қаншама жан жүр. Тек біздің қазақтың-ақ ұл-қыз керек деп кергитіні бітпейді, - деп ашуланды ол.


«Қазір Алланың бергеніне шүкіршілік ету керек. Сонда қызың ұлға, ұлың қызға бергісіз болады. Перзентті болған соң оның ұл-қыз емес, қандай адам болатыны, оған беретін тәрбиең мен білімің маңызды» деп санайды шымкенттік ана.


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Ешқашан жолың болмайды»: Алматылық жігіт БАЙЫП КЕТУ үшін кімнің БАТАСЫН АЛУ керектігін айтты


«Үйлену үшін үйді банкке қоймақшы»: Баласының несиеден көз ашпайтынын айтқан әжей жылап қалды